Аймақтық байқау. Ұлытаудың үш қызы да жүлдегер

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 19 жыл толуына арнап Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Шәмшә Қалдаяқовтың әндерін орындаушылар арасында аймақтық байқау ұйымдастырылды.

Дәстүрлі «Саған арнаймын, әсем қалам!» атты ІХ-шы фестиваль аясындағы ән сайысы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтті. Байқауға Жаңаарқа, Қаражал қалаларынан қатысушылардың келе алмағаны болмаса, Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан, Ұлытау ауданынан кәсіби емес 10 әнші және 2 топ қатысты.

Сонау алпысыншы жылдардан бері халқымен бірге жасасып келе жатқан Шәмшінің әндерін тыңдауға жұртшылық көп жиналды. Алдыңғы қатардан орын алған батыр аналарымыз бен ардагер ағаларымыз кештің сәнін келтіріп, әншілерімізге үлкен қолдау көрсетіп отырды.

Қазақстан Республикасының халық әртісі, аса көрнекті сазгер Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдығын дәріптеген ән кешінде Ұлытаудан келген өнерпаздар бас жүлдені (музыкалық орталық) алып қана қойған жоқ, І-ші және ІІІ-ші орынды да алып кетті.

Қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева төрағалық еткен қазылар алқасының ойлары әрбір сайыскердің ән айту мәнерін, оны көрермендерге жеткізу ерекшелігін, сахна мәдениетін бағалауда бір жерден шығып жатты. Бас жүлдегер Динара Базарбек «Өмір-өзен» әнін ерекше нақышпен жүректерге жеткізіп, көрермендерді өзімен бірге шырқата білді.

Жезқазғаннан келген Халықтар достығы мен мәдениет үйінің әдіскері Ақжарқын Қобжанованың орындауындағы «Теріскей» әні, Сәтбаев қаласының № 3 орта мектебінің ұстазы Алтынбек Сейтбеков орындаған «Биші қайың» атты сирек айтылатын әні қазылар алқасы тарапынан да, көрермендерден де жоғары бағаланды. Балл жағынан тең түскен А.Қобжанова мен Ұлытаулық А.Әубәкірова бірінші орынды өзара бөліссе, А.Сейтбеков пен жезқазғандық Т.Сайлаубек екінші орындарды иеленді. Ал, үшінші орындарды тағы да жезқазғандық Г.Хасенова мен ұлытаулық А.Омарова алып кетті. Сонымен, бір ғана екінші орынға ие болып біз қалдық. Бұл, сәтбаевтық әншілердің байқауға дайындығының төмендігін көрсетті. Қонақ сыйлап қалған қазақпыз ғой, барлық жүлде сыртқа кетсе де, ішіміз қатты ауырған жоқ сияқты…

Ең бастысы, сирек туатын талант, ұлтымыздың маңдайындағы жарық жұлдызы, ән аға, жан аға, ұлы сазгер Шәмші ағамыздың өшпес әндерін жүрегімізге мәңгі жыр етіп төгетін тағы бір әдемі кеш өтті.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.