Жалпықалалық жастар форумы

Өткен аптада «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты № 15 орта мектепте «Қазақстанның болашағы – жастар қолында» атты ұранмен жалпықалалық форум өткізді.Форумның жұмысына Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Марал Мәдиева, «Нұр Отан»ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының орынбасары Айгүл Төлендина, қалалық мәслихаттың депутаттары, қаланың құрметті азаматтары, әкім аппараты мен қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, дін өкілдері шақырылды.

Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданы «Жас Отан» ЖҚ филиалдарынан, 22 бастауыш ұйымнан барлығы 400-ден астам делегаттар қатысты.

Форум аясында мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу бағыттары бойынша 8 алаңшалар, жастар жетістіктерінің көрмесі, әлеуметтік маңызды жобалар конкурсы және пленарлық отырыс өтті.

«Дипломмен – ауылға» алаңшасы бойынша «Қазіргі заман қоғамында ауылды жандандырудағы жас кадрлардың алатын орны» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге Сәтбаев ауылының №17 негізгі орта мектебінің директоры А.Сәдуақасов пен осы мектептің жас мамандары қатысты.

«Көкейкесті» алаңшасының қонақтары Сәтбаев қаласы әкім аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің бастығы Г.Таңсықбаева, С.Сейфуллин атындағы гимназияның психологы Э.Цхай, Сәтбаев қаласы отбасылық дәрігерлер амбулаториясы қауымдастығының президенті М.Қожахметов бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырған суицид төңірегінде оқушылармен кеңінен әңгіме қозғады.

«Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Жастар және дін», «Мен және менің құқығым», «Көшбасшы», «Әлеуметтік жобалау», «Отаншыл» алаңшалары бойынша оқушылармен арада пікір алмасу, қоғамдық тыңдау, конкурстық комиссия отырыстары өтті.

Қай халықтың болмасын болашағы сол елдің жастарына тікелей тәуелді, олардың білім деңгейіне, ұлттық рухтағы тәрбиесіне байланысты. Жан-жақты жетілген, бүгінгі экономикаға тән жаңа құндылықтарды меңгерген жағдайда ғана жастарымыз жеке тұлға ретінде қалыптаспақ. Форумда көтерілген сұрақтар да осы бағытта өрбіп, жастарымызға ой салғаны сөзсіз.

Бір қуанарлығы, осы іс- шараларда жастар мәслихатының депутаттары, «Жас Отан» жастар қанатының волонтерлері үлкен белсенділік көрсетті.

Түстен кейін форумның жұмысы пленарлық отырысқа жалғасты.

Отырыста Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары М.Мәдиева қүттықтау сөз сөйлеп, форумды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

– Бұл жиынның сіздердің бойларыңызда қоғамдық-саяси, мәдени өмірге араласуды қалыптастыруда, рухани мүмкіндіктеріңізді дамытып, өз құқықтарыңыз бен міндеттерңізді жете білулеріңізге көптен-көп септігін тигізетініне мен сенімдімін, – дей келе Марал Сағынайқызы жастарды елінің патриоты болуға шақырды.

Келесі кезекте қалалық мәслихаттың депутаты А. Төлендина, жастар мәслихаты хатшысының орынбасары В.Ким, ішкі істер бөлімінің аға инспекторы А.Арыстанбаев, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жүрген Сәтбаев селосы №17 мектебінің мұғалімі А.Нысанбаева, басқа да белсенділер сөз алып, ой бөлісті. Жарыссөзден соң делегаттар мен қатысушылар көпшілік дауыспен форумның қарарын қабылдады.

Тоғыз бөлімнен тұратын шешімде ауыл жастарына қолдау көрсету, іс-қағаздарының 100 % мемлекеттік тілде жүргізілуіне бағытталған жолдарды қарастыру, жастар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесінің шешу жолдарын қарастыру, таңдалған әлеуметтік жобалардың қаржыландыру және жүзеге асыру мерзімін анықтау сияқты іс-шаралар көзделді.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.