Ел мен жерін жырлаған. Патриоттық әндер байқауы

Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған бағдарлама аясында қаламызда көптеген іс-шаралар жүзеге асуда.

Желтоқсан айы бойы оқушылар сарайында «Шебердің қолы ортақ» атты сәндік қолданбалы өнер көрмесі жұмыс істеуде, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты технологиялық колледжде «Халық пен мемелекет бірлігі» тақырыбында студенттер мен оқытушылардың қатысуымен конференция өтті. Барлық білім ошақтарында «Желтоқсан жауқазындары» атты кітап көрмесі, тәуелсіздікті дәріптеген пікір сайыстар, тарихи кештер, театрландырылған қойылымдар, «Тұлпар», «Сұңқар», «Мечта» аула клубтарында шахметтан, бейнелеу өнерінен жарыстар, патриоттық әндер сайысы өтті.

Осындай Отанға, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, орындаушылар арасында таланттарды тағы бір айқындап берген шара — № 15 орта мектептің әсем залында өткен «Жас сұңқар» патриоттық әндер байқауы болды. Мәдени-сауық орталығы ұйымдастырған жарысқа қала мектептері мен өнер ордаларының 14-19 жас аралығындағы 13 әнші бақ сынасты. Абай атындағы № 4 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушыларынан құралған «Жалын» квартеті байқаудың барлық талаптарына сай болып, «Ұлан» әнін патриоттық сезіммен жеткізе алды. Топ жарып ерекшеленген топ бас жүлдеге ие болды. С.Сейфуллин атындағы гимназия оқушысы С.Ахмедияновтың домбырамен орындаған «Тарих толқындары» әні де көптің көңілінен шығып І-ші орынға ие болды.

Патриоттық шығармалардың орындалу мәнерін үйрету, кейінгі өсіп келе жатқан жас буынның туған еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, ел тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарап, рухани байлыққа ұмтылу қасиеттерін насихаттауды көздеген байқау мәресіне жетті. Көптеген қатысушылардың дайындықтарының аз екендігі көрініп-ақ тұрды. Біреулерінің дауыс қабілеті жетіп тұрғанмен, музыкамен көркемдеу деңгейі төмен болды. Көзден от, жүректен жалын атып тұрып айтатын «Қазақ елі», «Алға, қазақ жігіттері», «Мыс ордасы – мекені» сияқты сезімге толы әндер, өкінішке орай, қазылар алқасының да жанкүйерлердің көңілінен шықпады. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөздің даналығын түсінетін жан айтылған кемшіліктерді жояды деп сенеміз. Өткізілетін шаралардың санына емес санасына мән берілсе.

М.Жаппасбаева.

Комментарии закрыты.