Ұлы Жеңіске 65 жыл

Мерекеге адйындық басталды Өткен аптада әкімдіктің үлкен отырыс залында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын тойлауға байланысты ұйымдастыру алқасының отырысы өтті. Маңызды жиналысқа қала әкімінің орынбасары М.С.Мәдиева төрағалық етіп, қалалық Соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы Ш.Байбосынов пен «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Ақышбеков қатысып отырды. – Еліміз бойынша Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында оған қатысқан ардагерлерді құрметтеуге бағытталған «Ардагерлерді ардақтайық» атты акция қаңтардың 11 күні басталды. Жыл бойына өтетін осы акция аясында «Нұр Отан» партиясы да ауқымды шараларды жоспарлап отыр. Ардагерлерге деген құрмет қашанда болмасын шектелмек емес. Акция аясында партия белсенділері, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері ардагерлердің үйлеріне барып шешілмей жатқан шаруаларына көмектеседі, сый-сияпат көрсетеді, арнайы жоспраға сәйкес дөңгелек үстелдер мен кездесулер өткізбек. Күннен күнге қатарлары сиреп келе жатқан әкелерімізге арналған іс-шараларды сіздер де қолдайды, ат салысады деп ойлаймын, – деді Берік Базылұлы. Ішкі саясат бөлімінің бастығы Г.Сағындықова жиналысқа қатысушыларды мерекеге дайындық шаралары жоспарының жобасының әр қайсысына жеке-жеке тоқталды. Ардагер Ш.Байбосынов сөз алып, автобустарға, қоғамдық қызмет көрсету орындарға «Ұлы Отан соғысының ардагерлері кезексіз қабылданады» немесе «Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған орын» деген сияқты құлақтандыру, көрсеткіш тақталар ілу жөнінде ұсыныс айтты. Кейінгі буын жастарға деген өкпесін де жеткізді. Отырысты қорытындылай келе, Марал Сағынайқызы соғыс ардагерлеріне медициналық көмектің қалтқысыз көрсетілуін, әлеуметтік жағынан, әсіресе, жалғызілікті қарттардың шет қалмауын баса айтты. Жауапты мекемелерге «Даңқ алаңы» мен «Жеңіс саябағында» жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Құрмет тақтасын жаңартуды тапсырды. Мекеме басшыларын жыл бойына бірде бір ардагердің қамқорлықсыз қалмауы жолында жоспар жасап, оған үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті. Сондай-ақ, талқыланған жоспар жобасына орай ұсыныстар мен толықтырулар енгізуді сұрады. Майра Смағұл.

Комментарии закрыты.