Бізде қонақта. Жүректен шығып жүректерге жеткен әндер

Өткен аптада Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында қазақ эстрадасының әнші, сазгері Гауһар Әлімбекованың «Анаға сағыныш» атты ән кеші өтті. Өнерде жүргеніне 20 жыл толуына байланысты былтырғы жылы Алматы қаласында берген есеп беру концерті біздің қаламызда жалғасын тапты.Әнші кешті «Әлдилеші махаббаттың бесігінде» деген жаңа өлеңімен ашты. Кешті Г.Әлімбекованың сіңлісі, өнердегі шәкірті Шолпан Нұрланқызы жүргізіп отырды. Әншіні бұл мерейтойымен құттықтау үшін жерлесіміз Райхан Ипбергенова келіп, домбырамен ән салды. Сонымен қатар Жезқазғанның «Нұр сәулем-ай» бишілер тобы кеш бойы көрермендерді өздерінің мың бұралған билерімен тәнті етті.

Әуезді ән, сыңғырлы сазды бойына жиып келе жатқан Гауһар Әлімбекова кеште қоңыр үнді гитарамен ән салды. Әнші қазақ қыздарының сезімдері мен махаббатқа арналған жаңа әндермен қоса ұмытылып бара жатқан Ақан серінің әні «Балқадиша», Естайдың әні «Қорлан» және жаңартылған халық әндерін көрермендерге ұсынды.

Кештің арасында экран арқылы әнші, сазгердің өмір жолы көрсетілді. Гауһар Әлімбекова 1971 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай ауылында дүниеге келді. Әкесі Серікбай ауылдың қадірлі ақсақалы, ал анасы Мақпалай гүлге құмар, нәзік жан болатын. Өнерлі Әлімбековтер отбасы 7 ұл мен 8 қызды өсірді. Әншінің талантын алғаш көрген әкесі еді. Ол қызына жастайынан «үлкен сахнаға шық» деп айтып жүрді. Әкесін қуантқысы келген Гауһар Алматы қаласында өткен «Үкілі үміт» байқауына қатысып, алғаш рет үлкен сахнаға шықты. Сол байқауда ол «Көрермендер көзайымы» номинациясын ұтты. Бұл қуанышын, өкінішке орай, әкесі көре алмады. Осыдан кейін әке арманын орындау мақсатында оның ән әлеміне деген әуестігі пайда болды. Сонымен бірге көрермендерге Гауһар Әлімбекованың гүлдерді ұнататындығы белгілі болды. Оны ол «анамнан жұққан гүлге құмарлық» деп түсіндірді.

Еліміздің үлкен сахналарының гүлі болып жүрген, ерекше стильді Гауһар Әлімбекованың бұл кеші де ерекше өтті. Жүргізуші әншінің өлеңдерін жасырып, көрермендермен жұмбақ ойын ойнады. Ойынның шарттары бойынша кез келген көрермен жасырылған әннің атын тауып, бір шумақ өлеңін орындауға тиіс болды. Әрбір тапқыр көрерменге жүргізуші әншінің жаңа шыққан үнтаспасын сыйға берді.

Осындай қызыққа толы думанды кеш те өз мәресіне жетті. Әндері сондай бір ғажап әлем болатын, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген әнші Гауһар Әлімбекова кеш соңында өз жанкүйерлеріне естелікке қолтаңбасын беріп, олармен бірге суретке түсті.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.