Шығармашылық күн. Тәуелсіздік мерекесіне арналды

Өткен аптада «Сәтбаев қалалық білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ қарасты №5 «Нұрбөбек» балабақшасында «Мектепке дейінгі мекемеде патриоттық тәрбие берудің маңыздылығы» атты тақырыпта шығармашылық күн өтті. Оның негізгі мақсаты – балалардың Қазақстан Республикасы туралы білімін кеңейту, патриоттық сезімге, елін, жерін, Отанын сүюге, ержүректілікке баулу.

Қонақтарды қарсы алудан басталған іс-шаралар топ жетекшілерінің әр түрлі тақырыптардағы ашық сабақтарында өз жалғасын тапты. Мектепке дейінгі және мектеп бағдарламасына жаңадан енген «Өзін-өзі тану» пәні бойынша да «Жер шарымыздағы бейбітшілік» атты ашық сабақ өтті. Тәрбиеші Г.Дәріпбаеваның ересектер тобында өткізген бұл сабағы бүлдіршіндерге достық, бейбітшілік, жақсылық секілді ізгілік ұғымдары жайлы түсінік берді.

Тәуелсіздік күніне орай балабақша ұжымы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан театрландырылған қысқаша қойылым көрсетті. Бұл қойылым қонақтардың көзіне жас әкелді. Сонымен қатар тәрбиешілер мен бүлдіршіндердің қатысуымен концерттік бағдарлама болды. Барлық сабақтар аяқталған соң балабақша басшысы Жамалқия Қабденқызы Жаппасова шығармашылық күнді қорытындылады. Өткен сабақтар жайлы №19 орта мектебіндегі шағын орталықтың жетекшісі А. Байжұманова, №1 «Ертегі» балабақшасының тәрбиешісі Н.Чекина, әдіскері Қ.Айтмағанбетова, қазақ тілінің маманы Ж.Сәуленбекова т.б. қаламыздың мектепке дейінгі мекемелерінің қызметкерлері өз ойларын айтты.

Осылайша ұрпағымыздың жүрегінде азаматтық намысы бар, білімді, туған елін, жерін сүйетін өнегелі ұрпақ етіп өсіру жолында үлкен еңбек етіп жатқан №5 «Нұрбөбек» балабақшасы ұжымының өткізген шығармашылық күні жақсы деңгейде өтіп, қонақтардың оң бағасын алды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.