Дмитриеваның бұл қай саясаты?!

Қазақ жерін 130-дан астам ұлт мекендейді. Көңілі дархан, кеңпейіл халөымыз оларды шеттетіп жатқан жоқ. Барлығы дінін ұстанып, ана тілінде сөйлеп, өсіп-өркендеуде. Алайда сол бірлікті бұзып, ұлтшылдыққа салынып жүргендер де бар екен. Оған өзім куә болдым. Таяуда қаламыздағы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты спорт-сауықтыру кешенінде болғанымда балаларды мұзда сырғанауға үйрететін үйірме бар екенін естідім. Қызым үйде текке отырмай, әрі денсаулыққа пайдалы, әрі әдемі спорт түріне ден қойсын деп, баламды спорт кешеніне ертіп апардым. Бізді «Қазақмыс» хоккей клубына қарасты мәнерлеп сырғанау (фигурное катание) тобының жетекшісі Людмила Дмитриева карсы алды. Ең алдымен ол кісі балам орысша сөйлейтін-сөйлемейтінін сұрады. Мен қызымның орысша түсінетінін, алайда әлі ойын толық жеткізе алмайтынын жасырмай айттым. А.Дмитриева одан кейін қызымнан аты-жөнін сұрап еді, балам жауап бермеді. 4,5 жастағы қызым өте ұялшақ, бейтаныс кісімен бірден сөйлесіп кетпейтіні бар. Сол-ақ екен, топ жетекшісі қолын бір сілтеп, «орысша сөйлемейтін балалармен айналыспаймын» деп теріс бұрылып кетті. Кей кезде ағайын, бауырларымыздың балалары да жатырқап жататыны бар ғой. Ол балаға тән нәрсе. «Бала емес пе, бірден шешіліп кетпесе де, шамалы жылы сөйлеп, көңіл бөлсеңіз, үйреніп кетеді. Өзім де көмектесіп, орысшасын жетілдіремін» деген сөзіме құлақ аспады. «Талай қазақ балаларын көрдім, түк шықпайды. Ештеңе түсінбей басымды қатырды. Енді қазақтармен мүлде жұмыс істемейтін боламын» деп зілденді. Ол аз болса «өзіңіз үйде не бітіріп отырсыз, балаңызға орыс тілін неге үйретпейсіз, ештеңе түсінбейтін балаңызға коньки тебуді үйретемін дегеніңіз не» деп өзім бас салды. Сонда не болғаны? Балам орысша сайрамайды деп оны кеудеге итеру керек пе? Өзімнің жерімде тұрып жатқан мені орысша үйретпейсің деп кінәлағаны қай сасқаны? Қазақ жетекші орыс баласы келсе орысша сөйлейтіні ақиқат. Ал, Дмитриева болса менің балама өзінің ана тілінде сөйлеуге ерінгені ме? Әбден ашу-ызам келіп, Дмитриевамен біраз ұрысып алдым. Қазақ жерінде тұрып ұлтшылдыққа салынғанына қаным қайнады. Содан барып хоккей клубының директоры Б.Паршиннің атына Дмитриеваның қылығына қатысты шара қабылдау жөнінде өтініш жазып кеттім. Енді жауап күтудемін. Осыған дейін де кейбір таныстарымнан топ жетекшісі қазақ балаларын әйтеуір бір сылтау айтып қабылдамайды, қырсық дегенді естігенмін. Сөйтсем, ол қырсықтық емес, барып тұрған ұлтшылдық екен. Қазақ есігі ашық, төрі кең халық. Ал сол төрімізде өзгелер ойран салып жүргендей. Ж.Тортаева, қала тұрғыны.

Комментарии закрыты.