Мектепке Ғазиз Омаровтың аты беріледі ономастикалық комиссия осылай шешті

Өткен сенбіде Сәтбаев қаласы әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссияның отырысы өтті.

Қала әкімінің орынбасары, аталмыш комиссияның төрайымы Марал Мәдиева басшылық еткен отырысқа комиссия мүшелері Айгүл Төлендина, Талғат Айтжанов, Мауия Бекмағанбетова, Наиль Салихов, Шермұхамбет Байбосынов, Бөтагөз Кариева қатысты. Комиссияның хатшысы, Сәтбаев қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Гүлсім Есмұрзаева күн тәртібімен және комиссияға келіп түскен хаттармен таныстырды.Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне 7-ші ықшам аудан тұрғындары атынан қала көшелерінің біріне Балаби Баймағанбетовтың есімін беру жөнінде ұсыныс келіп түскен.

– Б.Баймағамбетов (1890-1970) қазіргі Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Жезді елдімекенінде дүниеге келген. 1929-1937 жылдар аралығында Қарсақпай мыс қорыту заводында жұмыс істеген. 1937 жылдан «Өрнек» колхозында шопан болып, ауылшаруашылығын өркендетуге өзіндік үлес қосты. Жыл сайын әр жүз саулықтан 120-дан қозы алып, бір қойдан 3 килограммнан жүн қырықты. Бұл табыстары өзінің бағасын алды. 1949 жылғы 24 маусымда Ленин орденімен марапатталса, СССР Жоғарғы Советңі Президиумының 1949 жылғы 12 шілдедегі Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. 1952 жылдан Қарсақпай совхозында бақташы болып, 1962 жылы құрметті демалысқа шыққан.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 қаңтардағы №45 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасы бойынша жергілікті өкілді және атқарушы органдар қаладағы аудандарға, алаңдарға, көшелерге, парктерге және қаланың басқа да құрамдас бөліктеріне ат қою және оларды қайта атау туралы, олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы шешім қабылдау кезінде республикаға айрықша еңбегі сіңген және оның тарихынағ ғылымына, мәдениетіне, әдебиеті мен өнеріне елеулі үлес қосқан адам аттарын беруі керек.

Ұсынылған автобиографиялық материалдарды сараптай отырып және жоғарыда аталған тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып, Балаби Баймағамбетов есімін Сәтбаев қаласының бір көшесіне беру мүмкін емес деп санаймыз, – деді Г.Есмұрзаева.

Осы бірінші сұраққа орай отырысқа қатысқан Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Б.Оразбековтың және Ш.Байбосыновтың пікірлері тыңдалды.

Мен өзім Балабиді жақсы білемін, өмірбаянымен жаңа таныстыңыздар. Ол кісінің сіңірген еңбегін ешкім де жоққа шығармайды. Дегенмен, Сәтбаев қаласынан гөрі өзінің туған, еңбек еткен жері Қарсақпай, Жезді өңірлерінен бір көшенің атын берген дұрыс сияқты, – деді Ш.Байбосынов.

Комиссия мүшелері бұл пікірді бірауыздан қолдап, Ұлытау ауданының басшыларына ұсыныспен шығуға тоқталды.

Жиналысқа арнайы шақырылған Балаби Баймағанбетовтың немере інісі, еңбек ардагері Әзірбек Молдағаливте бұл шешімді қолдайтынын айтып, ризашылығын білдірді.

Күн тәртібіндегі «Ғазиз Омаровтың есімін қала көшелерінің біріне және қала мектебінің біріне беру туралы» екінші сұраққа байланысты Сәтбаев қаласы әкім аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімінің бастығы Н.Салихов қысқаша мәлімет жасады.

М.Мәдиева «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС Ғ.О.Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің әкімшілігі, кәсіподақ комитеті, жұмыскерлері мен еңбек ардагерлерінен №15 орта мектепке Ғазиз Омаровтың есімін беру және Комаров көшесін де сол кісінің атына ауыстыру жөнінде ұсыныс жасалынғанын айтты. Сонымен қатар №15 орта мектептің ұжымынан және «Нұр Отан» ХДП-сының «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалынан да осындай хаттар түскенін жеткізді.

– Әрине, бір көшеміздің осы уақытқа дейін Ғазиз Омарұлының есімімен аталмағаны өкінішті. Дегенмен, сол кемшілікті алдағы уақытта жөндеп, Ғ.Омаровтың есімін мәңгі қалдыру үшін, қаламыздағы «Президент мектебі» аталып отырған ең жаңа үлгідегі №15 мектепке сол кісінің атын беруді ұсынамын, – деді комиссия төрайымы.

Отырысқа қатысқан шахтапроходкалау тресінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Бақытжан Тезекбаев бұл ұсыныспен де келісетінін, бірақ бір көшенің атын берсе де артық еместігін айтты. Бірінші сұрақта көрсетілген тұжырымдаманың «республикаға айрықша еңбегі сіңген» деген жеріне сүйене отырып, комиссия мүшелері осындай шешімге келді.

Қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы, ақын М.Бекмағанбетова мектептің атын беру арқылы кейінгі ұрпаққа аға буынның еңбегін кеңінен насихаттауға қол жеткізетінін және бұл шешімнің көпшіліктің қолдауына ие боларына сенімді екендігін айтты.

Отырыста одан әрі ономастикалық комиссияның 2010 жылғы атқарған жұмыстары және 2011 жылғы жұмыс жоспары жайлы Г.Есмұрзаеваның есебі тыңдалып, назарға алынды.

Қазақтан шыққан тұңғыш академик, ұлтымыздың мақтанышы Қаныш Сәтбаевтың шәкірті әрі істерін жалғастырушы, Социалистік Еңбек Ері, КСРО-ның еңбек сіңірген кеншісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, екі мәрте Ленин Орденінің, Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы, Құрмет ордендерінің иегері Ғазиз Омарұлы Омаровтың есімін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында осындай бір игілікті іс қолға алынды. Қарапайым мастерліктен трест басшылығына дейінгі еңбек жолында Кеңес заманында осындай ең жоғары марапаттарға ие болу күні-түн адал тердің жемісі болса керек.

Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Ғазиз Омаровқа жасалып жатқан бүгінгі құрмет – «ештен кеш жақсы» деген мақалдың шарапаты болсы керек.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.