Құрметті сәтбаевтықтар және қала қонақтары!

Өткен жылдар бізге ізгі өзгерістер, елдің жалпы әлемдік өркениет арнасында одан әрі тарихи озық жолдармен дамуына деген үміт отын жандыратын шынайы жетістіктер әкелді. Сондай барша қазақстандықтар үшін жаңалықтар мен өрлеу үрдістеріне толы болған 2010 жыл да тарих қойнауына кетіп барады.Қазақ елінің әлемнің аса беделді халықаралық ұйымы – Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына «Сенім, Дәстүр, Ашықтық, Төзімділік» атты төрт қағиданы басшылыққа ала отырып, төрағалық етуі және оның жемісті нәтижесі – Астана Саммиті – еліміздегі көпұлтты қоғамның ынтымақ пен татулық жағдайында өмір сүруі арқасында дамудың жарқын жолына түсіп отырған қазақстандық жүйенің халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалғанының дәлелі деп білеміз. Мұндай табыс биігіне жету әрбір Қазақстан азаматының, яғни әртүрлі мамандық өкілдерінің, аға буын мен жастардың ерен еңбегінің және ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың көрегенді саясатының арқасында мүмкін болды.

Санаулы уақыттан соң біз жаңа 2011 жылды қарсы аламыз. Бұл жыл мемлекеттік үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының аясында еліміздің экономикалық және саяси беделін, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұшқыр жобаларды одан әрі іске асыру жылы болып табылады.

Еліміз үшін ұлы оқиға – Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдық торқалы тойымен ерекшеленетін ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының табалдырығын аттар алдында біз Отанымыздың бүгінгі тарихын жасап жатқан замандастарымызға ризашылығымызды білдіре отырып, жарқын болашаққа үміт артамыз.

Құрметті жерлестер!

Баршаңызға мықты денсаулық, отбастарыңызға аманшылық, бақ-береке тілейміз. Әрдайым Жаңа жыл тек жақсылық әкелсін, бейбіт аспан астында жаңа табыстарға жете берейік!

Құрметпен, Сәтбаев қаласының әкімі С.Т.Медебаев.

Қалалық мәслихаттың хатшысы С.С.Имамбай.

Комментарии закрыты.