Қала әкімдігінде. Әкім есебі тыңдалды

Желтоқсанның 23 күні Сәтбаев қалалық мәслихатының ХХХІ сессиясы өтті. Сессия төрағасы В.Юстус отырысты ашып, жүргізді. Сонымен қатар, оған қала әкімі С.Т.Медебаев, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, қаламыздың депутаттары және мекеме басшылары қатысты.

Жалпы күн тәртібінде 17 сұрақ қарастырылды. Қалалық мәслихаттың 2010 жылғы 14 қыркүйектегі ХХІХ сессиясының № 358 шешімі аясында Сәтбаев қаласында құқықтық тәртіпті ңығайту және жасөспірімдер арасындағы құқықтық тәртіп бұзушылық пен қылмысқа қарсы күрес жөніндегі жұмысы туралы есебін қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары А.Б.Кәрімов берді.

Газеттің өткен сандарында жазғанымыздай, биылғы жылы қаламызда қылмыстың саны артуда. Оны өз баяндамасында Аманжол Бақытжанұлы дәлелдеді:

Былтырғы жылдың 11 айымен салыстырғанда 2010 жылы ауыр қылмыс 15 %, ұрлық жасау – 20,7 %, бұзақылық – 37,5 % өскен. Кәмелетке толмаған балалар арасында кешкі мектептерде – 3, орта мектептер арасында № 10 – 1, № 2 – 1, № 7 – 2, № 1 – 2, № 19 – 1, № 15 – 1 қылмыстық істер жасалды. Жасөспірімдерге қатысты 101 әкімшілік хаттама толтырылды. Есепке алынған балалар саны – 218. Тексеріс барысында 105 жайсыз отбасы анықталды, 3 оқушы есірткі заттарын сатқаны үшін айыпталды. Кәмелетке толмаған балалардың арасында мұнша қылмыстың орындалуы олармен жұмыс істейтін инспекторларға да байланысты. Қазіргі кезде біздің қаламызда 1 аға инспектор, 5 учаскелік инспектор, 14 мектеп инспекторлары бар. Әрине, бұлар да күні-түні ерінбей еңбек етуде.

Сонымен бірге ішкі істер бөлімі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әр түрлі іс-шаралар өткізуде. Биылғы жылдың 10 айы ішінде жолда 23 оқиға тіркелген. Оның ішінде 9 – қаза тапты. Балалар істеген 2 жол оқиғасы, қақтығыстың 4 фактісі тіркелді. Жол ережесін бұзған адамдарға қатысты 2741 әкімшілік хаттама толтырылды. Қазіргі таңда жол полициясында 10 адам істейді, оның 6 – офицер, 4 – сержант. Сонымен қатар ішкі істер бөлімінің патрульдік полициясы да қызметін атқаруда. Биылғы жылы олар көшеде 72 қылмыстық сипаты бар хабарлама тіркеді, — деп мәлімдеді ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары.

Әрине, қаламызда қылмыстың саны артқаны бәрімізді алаңдатады. Бірақ бұл жағдайдың төмендеуіне тұрғындар тарапынан ешқандай көмек көрсетілмесе, келер жылы да қылмыстың саны артатынына күмән келтірмейміз.

Өз сөзін қорытындылай келе, Аманжол Бақытжанұлы қазіргі кезде ішкі істер бөлімінде басты назарда тұрған бірнеше мәселеге тоқталды.

— Біздің қазіргі ең негізгі мәселеміз – медициналық айықтырғыш болып отыр. Қаламызда мұндай орынның жабылуына байланысты қазір біз көшеден ұстаған маскүнемдерге тек әкімшілік айыппұл салумен ғана шектелеміз де оларды жібереміз. Ал, мас күйінде кеткен олар әр түрлі қылмыстардың себепкерлері болуы әбден мүмкін. Сондықтан әкімшіліктен қаламыздағы медициналық айықтырғыштың жұмысын қайтадан қалпына келтіруін сұраймыз.

Бізді алаңдататын тағы бір мәселе – қаламыздағы «Гламур»кафесі мен «Колизей» түнгі клубының жұмысы. Бұл екеуі де қаламызда жасалатын үлкен қылмыстардың ортасы. «Гламур» кафесінің тіптен ішімдік сатуға лицензиясы да жоқ. Бұл жерде өте көп пышақтасулар болғандықтан, біздің қызметкерлер ол жердің түнгі күзетшілеріне айналды. Сондықтан әкімшілік тарапынан бұл түнгі көңіл көтергіш орындарының жұмыс уақытын шектеуді сұраймыз.

Бұған қоса ішкі істер бөлімінің қала әкімдігіне айтар тағы бір мәселесі бар. Ол – полиция қызметкерлерінің көлік жағдайы. Қазіргі таңда біздің машиналардың көбісінің жағдайы нашар. Қыс мезгілінде қылмыс орындалған жерге дер кезінде жету тіптен қиын. Сол себептен әкімшіліктен осы мәселеге назар салуын сұраймыз, — деп аяқтады сөзін А.Кәрімов.

Күн тәртібінде қарастырылған келесі сұрақ бойынша Сәтбаев қаласының әкімі С.Т.Медебаев өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындау туралы есебін берді.

2011 жылға арналған қалалық бюджет шығынының жалпы көлемі 2 млрд. 916 млн. 903 мың теңге соммасында жоспарлануда. Келер жылы республикалық бюджеттен «Жол картасына» ақша бөлінбейді. Сондықтан қалалық бюджетке берілетін ақшадан келесі жылы үш мектепке құрылыс жұмыстарын жүргізу мен көшелер арасындағы жолдарды жөндеу жоспарлануда. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап қаламыздағы Тәуелсіздік даңғылында Тәуелсіздік стелласын орнату да ойымызда бар. Онымен қоса, Сәтбаев-Жезқазған трассасын жарықтандыру жұмысы да қолға алынуы мүмкін. Бірақ, мұның бәрі болашақтың еншісінде, — деді қысқаша есебінді Советбек Тұрсынұлы.

Осылайша жалғасқан сессия отырысында күн тәртібінің жоспарына сәйкес өзінің атқарған жұмыстары жөнінде есебін қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, қаламызды абаттандыру ережелерін бекіту туралы «Сәтбаев қаласының ТКШ, ЖК және АЖ бөлімі» ММ бастығының міндетін атқарушы С.Оразбаев және басқа да мекемелердің басшылары өз баяндамаларын оқыды. Сессияда 2011-2015 жылдарға арналған Сәтбаев қаласының даму бағдарламасы бекітідді.

Сессия соңында қалалық мәслихаттың ХХХІІ сессиясының төрағасы болып депутат Зәуреш Исмагулова сайланды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.