Жылдың басты жаңалықтары

2010 жылдың басында ауыр салмақты автоқотарғыштар мен қуатты кен тиеу қондырғыларының тозған дөңгелегін қайта қалпына келтіретін кәсіпорын «МысШина» зауыты толыққанжы жұмыс істей бастады. Бұл кәсіпорынды Германияның «Schelmann» фирмасының жобасы бойынша «Қазақмыс» корпорациясы іске қосты.Жезқазған кентіндегі ескі монша «Қазақмыс» корпорациясының көмегімен жаңаша келбетке ие болды. Бұл – кент тұрғындары үшін қаңтардың жағымды жаңалығы болды.

Қаңтар айының 29 күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Парламенттің бірлескен отырысында кезекті Жолдауын жария етті. Жолдау «Жаңа онжылдық, жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» деп аталды.

Сәтбаев қаласының спорттық сауықтыру кешенінде «Қысқы каникул – 2010» атты футболдан балалардың халықаралық сайысы өтті. Оған алғаш рет Қытай Халық Республикасы Урумчи қаласының жас футболшыларының қазақ командасы қатысты.

Наурыз айында Сәтбаев қаласында күніне 500 адамды қабылдайтын көпсалалы емхана пайдалануға берілді. Емхана Президенттің «100 мектеп, 100 емхана» бағдарламасы аясында салынды.

Емдеу орталығы қазіргі заманға сай медициналық қондырғылармен жабдықталды. Мұнда еліміздің түпкір-түпкірінен келген 12 жас маман істей бастады.

2010 жылдың 9 Мамырында Ұлы Жеңістің 65 жылдығы аталып өтілді. Соған орай соғыс және тыл ардагерлері мерекелік медальдармен марапатталса, соғыс ардагері, сәтбаевтық Д.И.Федотов Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.

19-мамырда облыстың жаңа әкімі С.Н.Ахметов Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының активтерімен мәжіліс өткізді. Онда Жезқазған аймағының әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясы талқыланды.

Көктем-жаз айларында «Жол картасы – 2010» бағдарламасы іске аса бастады. «Жол картасы» аясында Сәтбаев қаласында Тәуелсіздік, Бабыр би саябақтары жаңа келбетке ие болды, көшелерді жарықтандыру, аулаларды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. №19 мектеп, №10 бала-бақша, отбасылық балалар үйі, соматикалық санаторий, отбасылық кітапхана күрделі жөндеуден өтті.

Қаламызда жаңадан екінші мешіт ашылды. Оны Сәтбаевтың түлегі, жеке кәсіпкер Құрманғали Ошақов өз қаражатына салдырды.

2010 жылдың 4 маусымында Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетіне 20 жыл толды.

Елордамыз Астананың туған күнінде жеке кәсіпкер Ғайша Ділдебаева қала тұрғындарына айтулы сыйлық тарту етті. «Дара» дайын перделе дүкенінің лентасын кесу рәсімін қала әкімінің орынбасары А.Ким мен дүкен иесі Ғ.Ділдебаева жасады.

Сәтбаев қаласының болашақта дамуының бас жобасы талқылана бастады. Сәтбаевтықтарға бұл жобаны «Казгипроград-1» ЖШС-і ұсынды.

Өнер мектебінің жас өнерпаздары республикалық балалар өнерінің «Ақ көгершін» байқауына қатысты. Бұлбұл Берліқұлова байқау дипломанты атанса, Русалина Мадымарова ІІ-орынды иеленді. Ал, Анита Гатиятова бірінші дәрежелі лауреат атанып, «Мисс маленькая принцесса – 2010» атағына ие болды.

Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған «Бауыржанды жырлаймын» атты жас ақындардың республикалық мүшәйрасында №19 мектептің ұстазы Дәуренбек Бұланбаев ІІІ дәрежелі Дипломмен аталып өтілді.

Тамыз айында Сәтбаев қаласында ҚР-ның парламент сенаторлары Ю.А.Кубайчук, С.Б.Ақылбай және Мәжіліс депутаты А.А.Жараспаев қалалық мәслихаттың депутаттарымен кездесті.

25 тамызда сәтбаевтықтар дәстүрлі Кеншілер күнін атап өтті. Бір топ кеншілер «Кенші даңқы» төсбелгісімен, «Қазақмыс» корпорациясының Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Ата Заңымыздың 15 жылдық мерекесі қарсаңында үй кезегінде тұрған он отбасы жаңа баспанаға ие болды. Қала әкімі С.Т.Медебаев пәтер иелеріне салтанатты түрде кілттерін тапсырды.

3-4 қыркүйекте Сәтбаев қаласында «Қазақмыс» корпорациясының 350 жас еңбеккерлері қатысқан жастардың алғашқы форумы өтті. Форумға «Нұр Отан» ХДП-ы төрағасының бірінші орынбасары Н.З.Нығматулин, облыс әкімі С.Н.Ахметов, корпорация басшылары В.С.Ким, Э.В.Огай қатысты.

Қыркүйек айында Сәтбаев қаласының 83 анасының төсінде Күміс, 57 ананың төсінде Алтын алқа жарқырады. Аналарды қала әкімі С.Т.Медебаев марапаттады.

«Акцент» сауда жүйесі өз тұтынушылары арасында акция өткізді. «Акценттің» директоры Шолпан Тлеулиева сәтбаевтық дәрігер Әлия Қоңыроваға «ДэуНексия» автокөлігінің кілтін тапсырды.

Тәуелсіздік күніне орай Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қалалық медициналық-санитарлық бөлімінің оташысы Серік Орал еліміздің жоғары наградасы – «Шапағат» медалімен марапатталды.

Жезқазған кентінің спорт Сарайында ҚСРО спорт шебері, одақтық, халықаралық сайыстардың жүлдегері сәтбаевтық Наиль Ахтямовтың жүлдесі үшін греко-римдік күрестен республикалық жарыс өтті.

Оған Қазақстанның 11 елді мекендерінен келген жас плауандары қатысты.

Желтоқсанда 17 жасар сәтбаевтық боксшы, Есіркен Тусуповтың шәкірті – Әділхан Амангелді Қарағанды қаласында өткен халықаралық жарыста бірінші орынды жеңіп алып, чемпионат атанды. Жерлесіміз Қазақстан Республикасының спорт шебері атағына ие болды. Әділхан 2010 жылдағы Қазақстан чемпионатының Күміс жүлдегері. Ол Қарағанды облысының ересектер командасының және Қазақстанның жастар құрамасының мүшесі. Әділхан 16 жылдан кейін Сәтбаев спорт шебері атағын алған жас боксшы.

Желтоқсанның 23-24 аралығында Қарағанды қаласында 1995-1996 жылы туған жастар арасында дзю-до күресінен облыс біріншілігі өтті. Бұл 2011 жылдың ақпан айында Қызылорда қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионаты алдындағы іріктеу туры болатын.

Осыған Сәтбаев қаласының Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектептің 8 «В» сынып оқушысы Маржан Нұрлан қатысып, 40 кг салмақ дәрежесінде І-ші жүлделі орынды жеңіп алды. Жас дзюдошы Жезқазған кентіндегі Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі, жаттықтырушысы самбо, дзю-до күресінен спорт шебері Кенжезәру Қашкынова.

М.Нұрлан қаламызда өткен Қ.Сәтбаевты еске алуға арналған республикалық турнирде де І-ші орын алған.

Сәтбаевтан барған үш оқушының ішінде Маржанның мерейі үстем болып, Қазақстан чемпионатына жолдама алды. Облыс біріншілігіне барып қайтуға балалардың ата-аналары демеушілік көрсетті.

Комментарии закрыты.