Үлгі берер ардагерлердің кеңесі

Өткен жұмада қала әкімдігінің үлкен залында Қалалық Ардагерлер Кеңесінің VIII есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференцияны ашып, жүргізген – Кеңестің төрағасы Ш.Байбосынов. Жиналысқа қала әкімінің орынбасары М.С.Мәдиева, қалалық мәслихаттың хатшысы С.С.Имамбай және Жезқазған қаласының еңбек және соғыс ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қарағанды облысының ардагерлер кеңесінің мүшесі М.А.Ақпанбетов және қаламыздағы 31 ардагер қатысты.Күн тәртібінде 4 сұрақ қаралды. Алғашқы сұрақ «2005-2010 ж.ж. желтоқсан айына дейінгі ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстарына есеп» бойынша Ш.Байбосынов сөз сөйледі. Бес жыл ішінде ардагерлердің қаламыздың көркеюіне, балалардың тәрбиесіне қосқан үлестерін айта келе, Шермұхамбет аға қала әкімдігі мен басқа да мекеме басшыларының ардагерлердің тұрмыс жағдайы мен әлеуметтік өмірін жақсарту үшін берген көмектерін кеңінен жеткізді. Сөз соңында Сәтбаев қаласы ардагерлер кеңесінің облыстық кеңеске қойып жүрген, бірақ шешімін әлі күнге дейін таба алмай жатқан бірнеше сұрақтарға тоқталды.

Сұрапыл соғыстың қиын сәттерін бастан өткізген біз, соғыс және тыл ардагерлері, шамамыз жеткенше қаламыз бен еліміздің гүлденуіне, жақсаруына бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Қазіргі жас ұрпақты Отанын сүйіп, патриот болуға, үлкендерді сыйлауға, тәрбиелеуге үлесімізді қосудамыз. Үкімет басшыларына біздің қоятын біраз сұрақтарымызды айтсақ деп едік.

Өмірден өткен ардагерді жерлеуге арналған ақша мен зейнетақысы оның туыстарына неге 3 күннің ішінде берілмейді? Қазіргі кезде ол ақшаны 3 апта өткеннен кейін, ал зейнетақыны 6 айдан кейін барып әзер дегенде алады. Осы мәселеге үкімет назар аударса екен дейміз.

Ресейде ҰОС ардагерлеріне Жеңіс күні автокөлік сыйға беріледі. Біз де Ресей ардагерлерімен соғыста бірге соғысқанбыз. Неге біздің елімізде де бұл үрдіс өз жалғасын таппайды? Біздің олардан бір жеріміз кем бе? – деп шер тарқатты Шер аға.

Конференция жұмысына оң баға бере келе, қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева ардагерлерді жаңа жылмен құттықтады. Ардагерлер кеңесінің мүшелері Д.Федотов пен Т.Соколов ардагерлер кеңесі мен конференцияның өтуі жайлы өз ойларын ортаға салды. Бұл жиынның шырқын тек бір нәрсе бұзды, ол – Ұлы Отан Соғысының ардагері А.Аманжолов әкей мен Ш.Байбосынов әкейдің арасындағы түсініспеушілік. Жас ұрпақ пен конференцияға қатысушылар алдында бұл ұрыс әрине өте орынсыз болды. Өздерінің ішінара келіспеушіліктерін көпшіліктің алдына салмай, өздері шешулері керек еді деген ойда қалдық.

Күн тәртібіндегі жоспар бойынша ішкі саясат бөлімінің бастығы К.Сағындықова қаулыны оқыды. Ардагерлер кеңесі оны бір ауыздан қабылдады. Содан соң қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелігіне 15 адам сайланды. Кеңестің төрағасы болып Ш.Байбосынов қайта сайланды және де Облыстық ардагерлер кеңесінің конференциясына да делегат болып баратын болды.

Міне, осылайша бес жылда бір рет өтетін конференцияның жұмысы да өз мәресіне жетті. Қазіргі кезде Сәтбаев қаласында тұратын барлығы 7535 ардагерлерді, оның ішінде 41 ҰОС ардагерлерін Жаңа Қоян жылымен құттықтап, оларға мықты денсаулықты шын жүректен тілейміз!

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.