Жан-жақты Қаулы қабылданды

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен   «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы Сәтбаев қалалық филиалының есеп беру-сайлау конференциясын  қала әкімі, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының төрағасы С.Т.Медебаев ашып, жүргізді.

Конференцияның жұмысына бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, партиялық актив, қалалық мәслихаттың депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен белсенді жастар қатысты. С.Т.Медебаев алдымен «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Б.Ақышбековтың Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары қызметіне ауысуына байланысты оның орнына Дәрібаев Жаңбырбай Әбжаметұлының тағайындалғанын хабарлап, делегаттар атынан құттықтады.

Делегаттар ашық дауыс беру арқылы конференцияның жетекші органдары мен күн тәртібін бекітіп алды.

430 делегат қатысқан конференцияның күн тәртібінде «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы Саяси Кеңесінің жұмыс   қорытындысы және 2020 жылға дейінгі партия бағдарламасының жобасы, партияның бақылау-ревизиялық комиссиясының жұмысы, «Нұр Отан» ХДП Қарағанды облыстық филиалының есеп-беру сайлау конференциясына делегаттар сайлау, Сәтбаев филиалы Саяси кеңесін құру және бақылау-ревизиялық комиссиясын сайлау жөнінде сұрақтар қаралды.

Бірінші сұраққа орай, партияның қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі С.Т.Медебаев баяндама жасады.

–          Еліміздің саяси жүйесін реформалау мәселелерін «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы әрдайым өз назарына ала отырып, оларды жүзеге асыру тұрғысында атқарылатын істерді қоғамдық талқыға салу және заңнамалық негізін қамтамасыз етуге барынша белсенді түрде араласуда. Қазақстан әлем таныған іргелі ел болды. Ол саяси экономикалық және әлеуметтік жаңару жолына түсті.

Еліміздегі еңселі саяси реформалардың бастапқы тірегі, жасаушысы «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының дамуында жаңа белестер басталды. Осы белестер биіктерінен лайықты көріну – баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейді.

«Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы қалалық есеп беру конференциясының ел Тәуелсіздігінің 20  жылдық торқалы тойы қарсаңында өтуі оның жұмысына ерекше мән береді деп ойлаймын. Бұл тек 2011 жылдың оқиғасы ғана емес, ол тәуелсіз мемлекет құрылған барлық жылдар оқиғасы. Тәуелсіздік – мемлекет тіршілігінің негізі. Сондықтан да Тәуелсіздікті нығайта түсу Елбасының және Қазақстандағы ең ірі саяси күш – «Нұр Отан» партиясы қызметінің мағыналық қазығы болып табылады және оны әлем қауымдастығымен байланыстырады. Оның айғағы – Қазақстан Республикасының бірінші Президентінің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастаманың қазақстандықтар арасында қызу қолдау табуы, – деді Советбек Тұрсынұлы Медебаев.

Осы есеп беру мерзімінде Президенттің «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын насихаттау және халыққа түсіндіру мақсатында қалалық филиалдың үш үгіт-насихат топбы бастауыш партия   ұжымдарында 62 кездесу өткізді.

Партия басшысы Н.Ә.Назарбаев жемқорлықпен күресте «Нұр Отан» партиясына көп міндеттер жүктеді. Осы орайда партияның қалалық филиалы жанынан жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық Кеңес пен жемқорлыққа қарсы бақылау  топтары құрылды. Оның құрамына Саяси кеңестің мүшелері, қалалық мәслихаттың депутаттары, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері мен жастар ұйымдарының мүшелері енгізілген. Осы уақыт ішінде  қоғамдық Кеңес 21 отырыс өткізіп, азаматтардың арыз-шағымдарын қарады. Партияның қоғамдық қабылдауына түскен 369 өтініштің 78-ін облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары қабылдап, өз шешімдерін тапты.

Партиялық бақылау комиссиясының басты міндеттерінің бірі – «Жол картасы» бағдарламасының жүзеге асырылуын қадағалау болды.

«Жол картасы» және «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 2009-2010 жылдары 11 партиялық бақылау тобы жұмыс істеді.

Баяндаманы талқылауға байланысты партияның депутаттық фракциясының жетекшісі А.Қоңырова, №3 орта мектептің мұғалімі А.Сейтбеков, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы А.Төлендина, татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығының мүшесі А.Галиуллина,  «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Д.Төлегенов шығып сөйледі.

Жарыссөзден соң конференция 11 бөлімнен тұратын жан-жақты Қаулы қабылдады.

Делегаттар Сәтбаев қалалық филиалы партия ұйымының есеп беру кезеңіндегі атқарылған жұмысын қанағаттанарлық деп таныды.

Бақылау-ревизиялық комиссияның төрағасы М.Баповтың екінші сұраққа орай берген есебі бекітілді. Күн тәртібіне сай партияның облыстық есеп беру конференциясына 8 делегат, Саяси кеңестің құрамына 21 адам, қалалық партия ұйымының ревизиялық комиссияның құрамына – 3 адам, саяси Кеңестің Бюросына 11 адам, ал, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының төрағасы болып бірауыздан қайтадан қала әкімі С.Т.Медебаев сайланды.

Жиын барысында партия ұйымдарында, қала жұртшылығы арасында партия беделін көтеруде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, белсенділік танытқандары үшін бір топ партия мүшелері бұл күні С.Т.Медебаевтың қолынан марапаттарға ие болды.

Конференция жұмысына арнайы шақырылған қалалық филиал төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Берік Ақышбеков партия ісіндегі зор үлесі үшін партия филиалының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Тәуелсіз елдегі «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы қоғамдағы негізгі және шешуші саяси күшке айналды. Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партияның ХІІ съезінде «Ұлт мұраты, ұрпақ болашағы жолындағы жасампаз істердің барлығының басында «Нұр Отан» жүруі керек» деп атап өткен болатын. Бұл нұротандықтарға ерекше жауапкершілік жүктейді.

Сондықтан, бүгінде 2800 мүшесі, 18 бастауыш партия ұйымы бар «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы осы  конференцияда қабылдаған қалалық филиалдың Саяси Кеңесі мен оның Бюросы, бастауыш партия ұйымдары   «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық Партиясының «Қазақстанның көркеюі мен қазақстандықтардың әл-аухатын арттыру үшін» атты платформасын жүзеге асыруды жалғастыру, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзартуға байланысты референдум өткізу жөніндегі бастамаға қолдау көрсету, «Нұр Отан» партиясының 2020 жылға дейінгі Бағдарламасының жобасын құптау, партияның қалалық филиалы жанындағы жемқорлықпен күрес мақсатында құрылған қоғамдық Кеңестің жұмысын жандандыру сияқты Қаулы талаптарының  мүлтіксіз орындалуына атсалысуы керек.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.