Ардагерлерге дастархан жайды

Өткен бейсенбі күні «Асаба» ресторанында қала әкімі Советбек Медебаев қаламыздағы ақсақалдар алқасын, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлерін, Құрметті азаматтарды кең де бай дастархан басына жинап, Жаңа 2011 жылмен құттықтады.Бұл кешке қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан еңбек және тыл ардагерлері, құрметті азаматтар шақырылды. Кездесуге қалалық мәслихаттың хатшысы С.С.Имамбай, қала әкімінің орынбасары М.С.Мәдиева және «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Ә.Дәрібаев қатысып, ақсақалдарға жылы лебіздерін арнады. Кеште қаламыздың мәдени-сауық орталығының өнерпаздары мен балалар өнер мектебінің оқушылары өз өнерлерін көрсетті.
Өзінің құттықтау сөзінде қала әкімі С.Т.Медебаев бұл кездесудің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын және де Қазақстанның мұндай жетістіктерге жетуі жолында әрине, ардагерлердің қосқан үлесі ерекше екенін атап айтты.
Соғыс және еңбек ардагерлері атынан Ш.Байбосынов, ақсақалдар алқасының атынан М.А.Аханов сөз сөйледі.
– Көптен бері жерде қар жоқ еді. Бүгін қала әкімі кең дастархан жайып, бізді құттықтап, осындай үлкен іс-шара жасаған күні қаламызға игі істің бастамасындай қар да жауды. Осыған қарап, егер әкім бұл шараны ертерек істегенде, қаламызға қар да ертерек жауатын еді деген ой келеді, – деп сөзін әзілмен бастаған Мұзараф Аханұлы, әрі қарай жүрек тебірентер, қазақ халқы үшін нағыз жан ашырлық сөздермен жалғастырды.
– Әрине, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы да, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасағаны да, 2010 жылдағы Қазақстанның жеткен жетістіктерінің бәрі де жақсы. Бірақ бәрінен де біз үшін ең қымбаты – бейбітшілік. Осы бейбітшілікті аялап, сақтай білу керек, сол үшін аянбай қызмет ету қажет, – деп аяқтады сөзін Мұзараф Аханұлы.
Жарқын да көңілді кеште ардагерлер ән айтып, би билеп, өте көңілді жүрді. Қонақтарға көрсетілген бұл ілтипатты іс-шараға әкім аппаратының әлеуметтік сала бөлімі мен кәсіпкерлік бөлімі үлкен еңбек етті. Осылайша кеш те аяқталды. Қариялар бір сергіп, үйлеріне ризашылықпен қайтты. Мұндай дәстүрлі іс-шара келесі жылы да өз жалғасын табары сөзсіз.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.