Өндірісті өркендетудің сенімді кепілі

«Қазақмыс» корпорациясының дербес энергетикалық кешенін қалыптастыру 1996 жылы басталды.

Сол жылы Сәтбаев жылу энергетикасы кәсіпорнына қарасты аймақтық және Оңтүстік-батыс қазандықтарының қатарына Жезқазған жылу-электр орталығы қосылды. Сосын келесі жылы Топардағы №2 бас тарату электр стансасы мен Балқаш жылу-электр орталығы «Қазақмыс» корпорациясының құрамына кірді. 1998 жылы «Қушоқы» және «Жастар» разрездерін біріктірген «Бөрлі» көмір қорын қамтумен энергетика көздерін отынмен қамтамасыз ету мәселесі де шешілді.1999 жылдың аяғында Шульба су-электр стансасынан Жезкент кен-байыту комбинатына, одан әрі мыс-химия комбинатының нысандарына электр байланысы желілері тартылды. Ал, №1 Екібастұз бас тарату электр стансасын сенімді басқаруға алу компанияның энергетикалық кешенін кемелдендіре түсті. Қуаты еселенген энергетика саласы корпорацияның Қарағанды, Жезқазған және Балқаш аймақтарындағы кәсіпорындарын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, тысқары тұтынушыларға да электр қуатын сатуға мүмкіндік тудырды.
Корпорация энергетикалық кәсіпорындарда жабдықтарды жаңғыртумен және қайта құрумен мақсатты түрде айналысты. Қайта құру нәтижесінде Жезқазған және Балқаш жылу-электр орталықтарының қуаты 60 мегаватқа артты. Топардағы №2 бас тарату электр стансасында қуаты 55 мегаваттық турбогенератор қатарға қосылды. Жоғары қысымды турбинаның қауіпсіз және сенімді жұмыс істеуіне кепілдік беретін бірқатар артықшылықтары бар.
Қазір «Қазақмыс» корпорациясында жылумен-сумен жабдықтаудың орталықтандырылған он бір жүйесі жұмыс істейді. Өндіріс орындарымен қатар төрт қала мен ірі жеті қалашық тұрғындарын коммуналдық қызметпен тұрақты қамтамасыз етіп келе жатқан олар жылу мен электр қуатын өндіру көлемін ұдайы ұлғайтып, жұмыстың сапалық көрсеткіштерін жүйелі жақсарту үстінде.
№1 Екібастұз ГРЭС-інде қоршаған ортаға тарайтын зиянды заттардың мөлшерін шектеу мақсатында бесінші энергоблоққа былтыр қыркүйекте жаңа электростатистикалық сүзгі орнатылды. Стансадағы сегіз энергоблоктың үшеуі қайта қалпына келтіруді қажет етеді. Сегізінші энергоблокта басталған қалпына келтіру жұмыстарын 2012 жылдың аяғына қарай аяқтау көзделіп отыр. Белгіленген жұмыс бағдарламасына сәйкес таяуда екінші энергоблокта қалпына келтіру жұмыстары басталды, ол 2014 жылдың аяғында пайдалануға беріледі. Сол кезде электр стансасының қуаты 3500 МВт.-ға дейін артады.

«Қазақмыс» корпорациясының басшылығы энергетика саласына баса назар аударып отыр. Өйткені, нарықтық қатынастарда энергетикалық дербестік пен саладағы сенімді кепілдік қажет.

Комментарии закрыты.