Пікір

Сыртың – пысық, ішің – нас Артын ойлап ұялмас, – болып жүріп, «тірімін» деме Онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық. Абай. 6-шы сөзінен. құлқықұмар Осы жақында қолыма «Жезказганская правда» газетіндегі Әлібек Әбдіраштың «Тоқтамысовтың тірлігі» атты мақаласы түсті. «Еліме еге болып, жерімді жеке қорғап жүрмін дейтін тегі таныс ақсақал» тағы не тірлік жасап жатыр екен деп қолыма алып көз жүгірте бастадым. Мақаланы оқып болған соң қатты қапаландым. Қалың ойдың қақпанында жүріп кейін көзі жоқтың өзі жоқ деп қылышымды текке шапқанша (уақытында үні шықпай, өткеннен өш алуды ойлайтындар көп қой), «сенген қойым сен болсаңды» айтып өтуді жөн көрдім. Иә, бұл мәселенің басталғанына да жиырма жылдан астам уақыт болып қалған екен. Шіркін, зымырандай зулаған уақыт-ай десейші. Көзді ашып-жұмғанша өте шығасың-ау. Бірақ, сол уақыт аралығында кімдерге бақ келмеді, кімдер таққа отырмады, кімдерді қор қылып, кімдерді зор қылмады, талайдың тілін тістетті, талайдың түрін түстетті. Өмір өзені –шешуі қиын жұмбақ. Таяқтың екі басы бар бірін бассаң екіншісі маңдайыңа тиеді. Таяқты басатын да, таяқтан маңдайын алып қашатын да қазақ. Өйткені, Қазақстанда тіл мәселесін шешу біздің еншімізде. Кеше желтоқсан көтерілісінен кейін тілі бұзылған қазақты қайта қалпына келтіреміз деп бар қазақ (жүрегі қазақ деп соққан!) қалып құя бастадық. Сол қалыптың бір жобасына әлі де жете алмай келе жатқан сияқтымыз. Отызда опырамыз, қырықта қатырамыз, алдымызда апайтөс ағаларымыз бар, солардың жетегінде жүрсек біздің де бағымыз бар деп жүргенде өзімізден кейінгі жастардан «шал» – деген сөзді естіп, алпысты біз де алқымдап қалыппыз. Мен Қойшыбек Тоқтамысовты 1979 жылдан бастап сырттай білемін. Кеңес уақытының кезі. Ол кісі жоғарғы қызметтерде. Алғаш кездесіп тілдескенім осы «Қазақ тілі» қоғамын құрудан басталды. Мен Солтүстік Жезқазған кенішінде жұмыс істей жүріп, қолым боста қаланың көпшілік жұмыстарына белсене араласып жүрген кезім. 1989 жылдары болу керек, қаладағы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы мәдениет үйінде алғаш «Қазақ тілі» қоғамын құрамыз деп жатты. (Кейін атақты мәдениет үйін базарға айналдырып, артынан атқора жасап, ақыры жермен жексен етіп тынды). Білмеймін, соның төңірегіне ме, төрағалығына мені сайлаймыз деген ұйғарым болған-ау деймін. Ол жайында «Мысты өңір» газетінің 2005 жылғы 16 қыркүйектегі «Кедейге бай, байға құдай арман» атты ойтолғанысымның ішінде «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген сыңайлы есімін атамай ақсақал жайлы айтып өткем. Бірде Елбасы орысша сөйлеп тұрып, қазақша: «Ымға түсінбесең, қазағым, дым да бітірмейсің ғой» дегендей. Міне, сол ақсақал «Қазақ тілі» қоғамына төрағалыққа сайланғаннан кейін мені танып айналдыра бастады. Біз қазақтың болашағын, тілдің дамуын, елдің бірлігін, Қазақстанның көркеюін армандаған соң, Қойшекең үлкен ақсақал, тілдің жанашыры деп не айтса да тыңдап, ойлағанын орындап шауып жүре бергеніміз рас. «Жезказганская правда» газетінің 2009 жылғы 27 қарашадағы нөміріндегі К.Қияқбаева, Қыржигітова, С.Алтаева, Б.Еспаева айтты дегендей сәтбаевтық азаматтар мен азаматшалар да барымызды салып, бағымызды сынап қазақ болуға тырысып ұрандап алға ұмтылдық. Бірде мені Қойшекең В.Малышевтің кабинетіне шақырып алып: «Біз енді нағыз қазақ болдық, мұсылман екендігімізде дау жоқ, соны елге көрсетуіміз керек. Мына Валекең екеуміздің шешімімізбен қалаға мешіт салмақ ойымыз бар. Бірақ оған қаражат жағы жоқ. Көп ақша керек. Сен шахта, карьер жағына жақынсың ғой, көбісі сені біледі. Әрі қалаға да танылып келесің. Тіл жағы жетерлік. Бәрін жағалап ведомостпен ақша жинасаң деп ұйғарып отырмыз. Нағыз қазақ солай істеуге тиіс. «Қазақ тілі» қоғамының шешімі дерсің», – деді. Мынандай мақтау сөзден кейін (қаланың басшысы, елдің ақсақалы сенім артып отырса қалай «қолымнан келмейді» дерсің). Санамыз сахараға беріліп, бауырымыз елім деп езіліп, жүрегіміз қазақ деп соғып тұрған кез, таңды – таңға ұрып, кеш жатып ерте тұрып, тез арада ыңғайы келген бар мекемені, ауыл-аймақ, жекелерді қалдырмай Қойшекеңе бір құшақ ведомосты тапсырдым. Обалы нешік, қала халқының орыс-орманына дейін бірі қалмастан (өзім барған жерлердегі) адам басы 50 сомнан (сол кезде орташа айлық 80-120 сом) ведомостқа қол қойып берді. Мешітті қазіргі шіркеудің қарсысындағы тубдиспансер жақтағы алаңға салмақшы болдық. Өйткені, қала қозғалысына кедергі келтірмей мәйітті Шаталюк көшесінен шығып қорымға әкетуге қолайлы еді. Мен сырттай ПГС-ті бітіргем. Өзімізше мешіттің жобасын да жасап тастадық. СДР-ден үлкен тас әкеліп митингі өткіздік. Сонымен біраз шаруа бітірдік деп мешіттің салынуын күтіп жата бердік. Бір күні маған біреулер телефон шалыпты. «Мешіт ашылғалы жатыр, соған арнау өлеңі болса алып келсін» – депті. (Бірақ қаланы қанша аралап жүріп салынып жатқан мешіт жайлы естіген де көрген де жоқ болатынмын). Айтылған жеріне келсем Ерден көшесінің (бұрынғы Луначарский) бойындағы 66-74-ші кварталдар мен қазақ ауылдарына арналып салынған дүкенді мешітке айналдырып жатыр екен. Маған бұл өте таңқалаларлық жай болды. «Ау, ақсақал, ақша жинап саламыз деген жаңа мешіт қайда?» – дедім. «Оған ақша жетпей қалды» деді. «Оу, сонда мен, біз елден ақша жинап, енді олардың бетіне қалай қараймыз» – десем. «Онда тұрған ештеңе жоқ, мешіт бар ғой, елге одан басқа не керек» – деп қарап тұр. Ішімнен: «Сендерге дауа жоқ екен», – деп одан әрі қарауға бет жоқ, бұрылдым да кете бардым. Біраз күн өткен соң ақсақал телефон шалады: «Анау салған мешітті көрдің ғой, енді соның үстіне күмбез орнату керек, аздап ақша жинауға көмектесіп жіберсең» – дейді. Үлкен адамның, елдің болашағын ойлайды дегендердің теріс қылықтарына көңілім қалған соң «Рахмет аға, енді оған менің ыңғайым келмейді», – деп телефон трубкасын тастай салдым. Бір күні мешіттің жанынан өтіп бара жатсам, кранмен қаңылтырдан дәнекерленген күмбезді қойып жатқанын көрдім. Ішімнен: «Тіл ұзын, созар қол қысқа, Көргенге көзбен наласың. Үлкен тұр деп сол тұста Үндемей үнсіз қаласың. Адамдар неткен ғажайып, Көрсетпейтін аласын. Көретін қалды азайып Қазағым, қайда барасың», – дедім де, кете бардым. Міне, сол кісі содан бері Сәтбаев қаласында, «Қазақмыс» корпорациясында жиырма жылдан астам «Қазақ тілі» қоғамын басқарып отыр. «Қазақ тілі» қоғамы демекші СДР-де жұмыс істеп жүргенімде сол алғашқы «Қазақ тілі» қоғамы құрыла бастағанда рудникке келіп «Қазақ тілі» қоғамын құрамын деп қазақтарды жинап жиналыс жасады. Кеніштегілер қоғамды басқаруға мені ұсынбай ма. Қойшекең: «Әй, не басты қатырып отырғандарың, бұл жастардың ісі емес, оларға креслоға отыру әлі ерте, бұл орынға жасы үлкен, қадірлі ақсақал, беделі бар қызметкер, азулы адам отыру керек» – деп сол кездегі техникалық бөлімніңбастығы Тұяқбаев деген кісіні өзі сайлаған. Ол кісі қазақ тіліне шорқақтау болатын. Орысша оқып, орыс арасында өскен болу керек, қазақша жөнді сөйлей алмайтын. Амал не, ақсақалдың айтқаны заң. Сол міндетін мойнына алып біраз уақыт тіл басында төраға болды. Бірақ төраға бар екен деп жылжыған қазақ тілі болмады, жарна жинағаннан басқа. Мен «Қазақмыс» корпорациясында отыз жыл жұмыс істеймін. Ал, қазақ тілін қолға алғаннан бері «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жезқазғантүстіметал өндірістік бірлестігінің» кәсіпорындарында мардымды жұмыс жүрді дегенге сенбеймін. Бір кездері айлық алып жүрген қазақ тілі мұғалімдері бар деп естуші едім. Кейінгі 4-5 жыл көлемінде «бастауыш қазақ тілі қоғамы» түгілі қазақ тіліне тырысқан жанның иісі де сезілмейді. Әйтеуір кейінгі 1-2 жылда сақал қойып, орауыш оранған намаз оқитындар пайда болды. Олардың діні жұмбақ, тілі арабша болса да бойында иманы барына шүкіршілік дейміз. Дін мен тілдің ойы ортақ десек те мағынасы бөлек қой. Қазақтың қазақ екендігін көрсететін төлқұжатында біріңғай нұсқаудағы (Бәленше, бәленшеұлы (қызы) деген сияқты) өзінің ұлттық бейнесін айқындап тұру керек. Мен бұның бәрін еске алып, жазып отырғанда Тоқтамысов ақсақалда алар өшім, кеткен кегім жоқ. Тек қана ел сенген адам сенімді ақтаса екен дегенім еді. Балық басынан шірісе, арбаның алдыңғы дөңгелегі сазға батса артымыз қайда барамыз. Рас, қазір Тәуелсіздік алдық. Сөз еркіндігі, іс еркіндігі бар дейміз. Жарысатынмен жарысар, алысатынмен алысар, сөйлесе тілі, байлықтың гүлі өркендеген талай елмен тереземіз тең. Кешегі Кеңес үкіметі келмеске кетті. Бүгін «біз бай, біз құдай» дейтін Ыбырайларымызда жетерлік. Кедей байға, бай құдайға теңелсек деген ойдан да аулақ есепіз. Бірақ теңелу тектінің ісі. Шетін бастадық па, шегінде ойлауымыз керек емес пе? Ертеде үш адам кездесіп кеңессе керек. Біріншісі: «ұрлық қылайық» – депті. Екіншісі оны қостап: «Қылсақ қылайық» – десе, үшіншісі ойланып отырып: «Оу, арты не боларын неге ойламайсыңдар, Құдайды қайтеміз» – деген екен. Сондай Әлібек Әбдіраштың мақаласындағы үшеудің біреуі Алланы қалай есіне алмаған. Аспаннан жауған жауын да қатпарды бұзып қайнап шыққан миллиондаған кішкене бұлақтардың буынан құрылған жемісі емес пе. Бұлақтың көзін ашудың орнына жаңбырдың селін өзіне бұрғаны қалай. Ол бар халықтың несібесі ғой. Алмақтың да салмағы бар емес пе, айғағы бола тұра халықтың қайраны жоғына таң қаламын. Үлкен ақсақалымыз деп арқадан қағып, шапанын жапқандар, атамыз деп алдынан бата тілеп шапқандар бұған не дейді екен?! Ғалил Жәнібеков, ПЭС токарі.

Комментарии закрыты.