ПИК үйлерінің жағдайы төмен

Жақында Сәтбаев қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары бөлімі жергілікті БАҚ өкілдерімен бірлесіп, қаламыздағы көп қабатты үйлердің қыстағы жай-күйін білу мақсатында тексеріс жүргізді. Тексеріс барысында тұрғындар тарапынан көп шағымдар түсетін үйлерде болдық. Академик Сәтбаев даңғылы 102-ші үйдің подьездері мен жертөлелерінің есіктері аңғал-саңғал күйге енген. Подьезге кіре беріс қалқандары қоқысқа толы. Осы үйдің маңайындағы қоқыс жәшіктері бос тұр, алайда тұғындар таяқ тастам жердегі қоқыс жәшігіне баруға ерінгендіктен, жанына қоя салады.  Жәшіктің маңайына қураған ағаштарды үйіп тастаған. Қураған ағаш – нағыз өрттің туындауына әкелетінін біле тұра, неліктен бірден сыртқа шығарылмайды?  Бұл үй «Қазақмыс» корпорацясына қарасты 2-ші тұрғын үй коммуналдық цехының құзырындағы үй. Келешекте цех жұмыскерлері осы жағын да ескерсе дейміз.

Одан кейін бас сұққан үйіміз, «Изумруд» ПИК-ке қарасты Тәуелсіздік  55-үй. Осы үйдің бірінші подьезінің тұрғындары үшінші қабаттағы тұрғынның подьезге адамдарды жинап, шылым шегіп, арақ ішіп, ластайтынын айтып шағымданды. – Көшіп келгендеріне көп бола қоймаған бұл тұрғынның кесірінен тазалық қашты, – дейді тұрғындар. Бұл үйдің маңындағы қоқыс жәшіктері де бос тұрғанымен, үйден шыққан тұрмыстық қалдықтар жәшіктің айналасында шашылып жатыр.

Егер де қыс қаһарына мінер болса, Ерден көшесінің бойындағы «Болашақ» ПИК-ке қарасты №171,173, 175, 191, 193, 195 үйлердің тұрғындары үйлерін жылыта алмай әбігерге түсетін түрлері бар. Себебі, подьездерінің есіктері ашылса жабылмайды, жабылса ашылмайтын халге түскен. Оның үстіне үйлердің жертөлелерінің  есіктерін кірпішпен қалап тастаған. Буланған кірпіштер қатып, мұзға айналған. Сондай-ақ, бұл үйлердің подьезге кіреберістегі қалқандары жертөледен шыққан будың әсерінен үгітіліп, тек бетонның арасына салынған темір арматуралары ғана қалыпты.

Дәл осындай жағдай Абай көшесі бойындағы №54 үйдің де сиқын кетіріп тұр. Бұл үйдің жөндеу жұмысын өз мойнына алған «Қайсар» ПИК неліктен салқынқандылық танытып отырғанын түсіне алмадық.

Халықтың қаражаты уақытылы төлемейтіндігінен бе, әлде,  түскен қаражаттың жетіспеушілігі ме, ПИК-терге қарасты үйлердің жағдайы нашарлап тұрғаны  белгілі болды.

Мұндай олқылықтар орын ала беретін болса, қаланың тазалығы мен көп қабатты үйлердің алдағы жай-күйі не болмақ?

Бағдат Қазкенов

Комментарии закрыты.