Жобада – жаңа ескерткіштер

Қаңтар айының 21 күні әкім аппаратынының үлкен залында қала әкімі С.Т.Медебаевтың жүргізуімен қоғамдық тыңдау өтті. Жиналысқа «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің әлеуметтік сұрақтары бойынша директоры Т.А.Тәжбенов, қалалық мәслихаттың депутаттары, қала активі, соғыс және еңбек ардагерлері, ақсақалдар алқасы, «Қазақмыс» корпорациясының өкілдері мен мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.Жиналысты қала әкімі ашты.

– Биылғы жыл біздің еліміз үшін үлкен тарихи оқиға – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойымен ерекшеленеді. Осы мерекені атап өту мақсатында Қазақстанның барлық қала-аудандарында дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Біздің қаламыз да бұл шаралардан шеттеп қалған жоқ. Мерекеге дайындық қала көшелерін абаттандыру мен қаламыздың сәулеттік көрінісін жақсартудан бастау алмақ. Өткен жылы қалалық әкімшілікке қала тұрғындары атынан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Тәуелсіздік нышаны ретінде стелла орнату және Сәтбаев – кеншілер қаласы болғандықтан, соған сәйкес кенші еңбегінің даңқын арттырғандарға арнап ескерткіш қою туралы біршама үндеулер келіп түсті. Қойылатын ескерткіштер қала тұрғындарына көп жыл қызмет ететін, халық демалатын, қаламыздың көркін ашатын болу керек. Осылардың барлығын қарастыра отырып, біз былтыр қараша айында байқау жариялаған болатынбыз. Сол байқаудың қорытындысы бойынша Тәуелсіздік даңғылында – Тәуелсіздік стелласын, Комаров көшесінде – кеншілерге арналған ескерткіш орнату туралы ойға тоқтадық. Бүгін біз жиналыста осы ескерткіштер төңірегінде, ортаға ой салып, бір шешім қабылдау үшін жиналып отырмыз, – деді Советбек Тұрсынұлы. Одан кейін жиналғандар назарына бейнефильм ұсынылды.

Бейнефильмнен ескерткіштер жайлы жалпы мағлұмат алған соң, сахнаға Сәтбаев, Жезқазған, Қарағанды қалалары бойынша өткен байқауда жеңіп шыққан, Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі, Қарағанды қаласының архитекторы, жобалардың авторы И.М.Баграмов шықты.

– Бүгін сіздердің назарларыңызға байқауда жеңіп шыққан «Тәуелсіздік стелласы» мен «Кенші даңқы» атты екі жобаны  ұсынып отырмын. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған стелланың биіктігі 18 метр болады. Бір жағында Қазақстан Республикасының Елтаңбасы мен Тұңғыш Президентіміздің қолының таңбасы, екінші жағында Сәтбаев қаласының эмблемасы тұрады. Ең биік шыңында, көк аспанмен теңесіп туымыздағыдай күн мен қыранның бейнесі болады. Ал, «Кенші даңқы» атты ескерткіште еңбек адамының бейнесі сомдалады. Ол өзінің бар бой-бітісімен еңбек етуден шаршамайтын, қара жұмыстан белі қайыспайтын, қиындықтарға басын көтеріп тұрып төтеп бере алатын, рухы биік адам болады. Бұл ескерткішті көрген әр жас ұрпақ пен жалпы халықтың бойына күш-жігер беріп, жасампаздық сезім ұялатады. Міне, біздің ескерткіштің басты мақсаты да – осы. Жалпы құрылысына келер болсақ, бұл – биіктігі 4 метр, қоладан жасалған мүсін болады, – деді Игорь Маратович.

Осыдан соң, жиналысқа қатысушылар ескерткіштерге қатысты өздерінің әр түрлі ой-пікірлерімен бөлісті. Көпшіліктің ұсынысымен «Кенші даңқы» атты ескерткіштегі кеншінің қолына ұстаған кеншінің ескі құралын қазіргі заманға сай құралға  ауыстыру туралы шешім қабылданды. Қаламыздың әлеуметтік жағдайы мен тыныс-тіршілігіне қатысты ақсақалдар алқасының төрағасы М.Аханов, қалалық мәслихаттың депутаты И.Бралин, соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Ш.Байбосынов, Абай атындағы № 4 лицей-мектебінің директоры М.Дакаримова және т.б. қала активінің мүшелері өз ойларымен бөлісті.

Көптеген ұсыныстарды ескере отырып, ескерткіштердің толық біткен нұсқаларын мақұлдау үшін тағы да жиналыс өткізілетінін хабарлады қала әкімі. «Қазақмыс» корпорациясының атынан келіп отырған Тоғызбай Тәжбеновке де келешекте өтетін сол жиналысқа өз ұсыныстары мен ойларын қарастырып келуін сұрады.

Жалпы, осы секілді ескерткіштер қаламызды көркейтіп, сәнін келтіретіні сөзсіз. Оларды жай ғана орнатып қоймай, жан-жағындағы ауласы мен көшелерді, үйлерді көріктендіретіндігі де көпшіліктің ойынан шықты.

Марал Шахаева

Комментарии закрыты.