«Елбасы айқындаған міндеттерді бірлесіп атқарайық»

Ақпан айының 5 күні Қарағанды қаласында облыс әкімі аппаратының мәжіліс залында Елбасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша облыс активінің жиыны өтіп, оны Қарағанды облысының әкімі С.Н.Ахметов ашып, жүргізді. Оған Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Б.Қ.Жұмабеков қатысып отырды. Сонымен қатар, активке Сәтбаев қаласынан қала әкімі С.Т.Медебаев бастаған бір топ делегаттар қатысып қайтты. Оның ішінде, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева, қалалық мәслихаттың депутаты Ә.Сәденова, Отбасылық дәрігерлер Қауымдастығының төрағасы М.Қожахметов, Балмағанбет  Балқыбайұлы атындағы Сәтбаев орталық мешітінің бас имамы Б.Әбдірахманов т.б. мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері болды. Жалпы активке облыстың барлық қалалары мен аудандарынан депутаттар, ардагерлер, «Нұр Отан» ХДП-ның өкілдері, ЖОО-ның ректорлары, облыс активтері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.Күн тәртібінде тұрған басты сұрақ – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қойылған міндеттерді талқылау мен оларды жүзеге асыру болды.

Аталмыш мәселе бойынша облыс басшысы Серік Ахметов баяндама жасады.

– Биылғы жыл аса зор тарихи мәні бар оқиғалармен басталды. Олардың арасында, әрине, ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы айрықша орын алады, – деп атап айтты облыс әкімі.

Өңір басшысы Жолдауда қойылған міндеттерге, оларды жүзеге асырудағы Қарағанды облысы сынды индустриалдық орталықтың алар орнына тоқталды.

– Баршаға белгілі, өткен жылдан бастап елімізде индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қарағанды облысында Индустриаландыру картасы шеңберінде жалпы құны 30 миллиардтан артық соманы құрайтын 9 нысан іске қосылды. Ол 800-ден аса жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Құрамына 30 кәсіпорын кірген Қарағанды машина жасау консорциумы өз жұмысын бастады.

2014 жылға дейін өңірде 76 миллиард теңгеге жуық сомаға 14 жоба іске асырылып, 2320 жұмыс орны құрылмақшы.

Жолдауда 2020 жылға дейін ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін 4 есеге дейін арттыру міндеті қойылды.

Облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1991 жылғы деңгейге қарағанда 10 есе өскен. Мұндай көрсеткішке қол жеткізуге бірқатар факторлар, оның ішінде ең алдымен жаңа технологиялардың енгізілуі ықпал етті. Бұл, атап айтқанда, ауыл шаруашылық дақылдары өсірілетін суармалы және суарылмайтын жерлерді баптау технологиялары.

Мал шаруашылығы саласында да айтарлықтай оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Мал басы, құс саны өсіп, тиісінше ет, сүт, жұмыртқа және басқа да мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі артып келеді.

Өңірдің 2011-2015 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенін индустриалдық-инновациялық дамыту тұжырымдамасы ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы көлемін 2016 жылға қарай 15 пайызға дейін арттыруды көздейді. АӨК барлық салаларында инновациялық-инвестициялық жобалар жүзеге асырылатын болады. Бұл еңбек өнімділігінің артуына да әсерін тигізбей қоймасы анық.

Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі энергия шығынын төмендетуге арналған пәрменді технологияларды қолдануға тікелей байланысты. Бұл жерде әңгіме тек өндірісте ғана емес. Энергия шығындары тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық тарифтеріне, тұрмыстық қызмет көрсету бағасына, саудаға және басқаларына ықпал етеді. Осыған байланысты өңірде энергия тиімділіктің кешенді жоспарын әзірлеп, бекітуіміз қажет.

– Мемлекет басшысы бизнесті дамытуға ерекше мән беріп отыр. Бұған жақында қабылданған «Мемлекеттік бақылау туралы» Заң және әкімшілік кедергілерді төмендетуге бағытталған іс-шаралар, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілер үшін үлкен өткізу нарығын қамтамасыз ететін Кедендік одақ зор серпін беретін болады. Мысалға, біздің өңірімізде өткен жылдың қорытындысы бойынша сауда көлемі 1,5 миллиард доллардан асқан, ал бұл 2009 жылмен салыстырғанда 32 пайызға артық.

Жолдауда Мемлекет басшысы «Жол картасын» сондай-ақ экономика мен әлеуметтік саладағы басқа да мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы партиялық бақылау тәжірибесіне өзінің оң бағасын берді.

Бұл тәжірибені мемлекет қаржысының жұмсалуын қатаң қоғамдық бақылауға алуда да қолдану қажет. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясы филиалдарының қоғамдық бақылаушыларының мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысуын, мемлекеттік сатып алу нысандарындағы партиялық бақылау бекеттерінің жұмысын ұйымдастыру қамтамасыз етілуі тиіс.

Барлық бағдарламалардың, оның ішінде индустриаландыру мен экономиканы дамыту бойынша бағдарламалардың мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру болып табылады. Сондықтан биылғы Жолдауында да ел Президенті әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне айрықша көңіл аударды.

Білім беру саласында 12 жылдық білім беру моделіне толықтай көшу, кәсіптік және техникалық білім беру мазмұнын жаңарту, университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз ету міндеттері қойылды.

Қарағанды облысында 12 жылдық білім беруге бағытталған жаңа оқыту бағдарламаларының эксперименттік апробациясы 2003 жылдан бері жүргізіліп келеді. Соңғы 5 жылда 413 орта мектепте бейінді сыныптар ашылды, педагогтардың біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. 2015-2016 оқу жылында аталмыш модель бойынша 45 мыңнан аса оқушы оқытылатын болады.

Мектепке дейінгі білім беруге қатысты айтар болсақ, облыста балалардың мектепке дейінгі мекемелерінің желісін дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспары жүзеге асырылуда. Соған сәйкес 2013 жылдың басына қарай 3 пен 6 жас аралығындағы барлық бүлдіршіндер балабақшамен қамтамасыз етіледі.

Ел Президенті профилактика мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек сапасын арттыру мәселесінің маңыздылығын да айрықша атап өтті. Сол себепті Қазақстанда халықтың нысаналы топтарының денсаулық жағдайын бақылаудың ұлттық бағдарламалар кешені енгізілетін болады. Ең бірінші кезекте бұлар балалар, жасөспірімдер, репродуктивті жастағы әйелдер. Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша мән беріледі.

Біздің облысымызда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл санап артып келеді. Тек соңғы 3 жылдың өзінде ол 25% артық көлемге өскен.

Ауруды диагностикалау мен емдеудің жаңа медициналық технологияларын дамытуға үлкен көңіл аударылып келеді. Телемедицина облыстық денсаулық сақтау саласының ажырамас бөлігі болып табылады.

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидаттарын жүзеге асыру арқасында жоғары технологиялардың орталықтандырылған зертханасы, Теміртау қаласында гемодиализ орталығы ашылды. Келешекте жеке бизнестің әлеуетін медициналық қызмет сапасын жақсартуда кеңінен қолдану жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер халыққа медициналық қызмет көрсетуде сапалық өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Оған, ең алдымен, тұрғындардың денсаулық жағдайын сипаттайтын көрсеткіштер дәлел бола алады. Атап айтқанда, нәрестелер өлімі ұзақ жылдар бойы орташа республикалық деңгейден төмен болып отыр, аналар өлімі де азайды.

Мемлекет басшысы тілдерді дамыту саласында да маңызды міндеттер қойды. 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтар саны 80 пайыздан, ал 2020 жылға таман 95 пайыздан төмен болмауы тиіс. Он жылдан кейін мектеп түлектерінің 100 пайызы мемлекеттік тілді толық меңгеріп шығуы керек, – деді С.Ахметов.

Қарағанды облысында мемлекеттік тілді енгізу және қолдану аясын кеңейту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, бұл әлі де болса жеткіліксіз. Осыған орай облыс әкімі 2020 жылға дейінгі тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

– Кедейшілік мәселесі туралы айта келіп, ел Президенті оны тек мемлекеттік жәрдемақылар есебінен жұмсартпай, нақты шешу керек екендігін айтты. Мемлекет тек шынайы себептерге байланысты еңбекке жарамсыз жандар мен аз қамтылғандарға ғана көмектеседі деді ол.

Қарағанды облысында жүргізіліп жатқан белсенді еңбекпен қамту саясатының арқасында аз қамтылған азаматтар саны мен кедейшілік деңгейі едәуір төмендеді. Соңғы он жылда аз қамтылғандар саны 88%, кедейшілік деңгейі 7,1%-дан 0,8%-ға түскен.

Халықты еңбекпен қамту өңірдегі әлеуметтік-экономикалық саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Ол үшін жұмыссыздарға арналған мемлекеттік ынталандыру жәрдемақыларын енгізу жайы ескеріле отырып, 2020 жылға дейінгі халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік қамсыздандырудың тың бағдарламасы әзірленетін болады, – деп қосты облыс басшысы.

Қазақстан халқына арналған Жолдауда сумен, жылумен, электрмен, газбен қамтамасыз ету жүйелерін кең ауқымда қайта жаңғырту, тұрғын үй қарым-қатынасының тиімді үлгісін жасау бойынша кешенді міндет қойылды. Осыған байланысты облыс әкімі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына қалалар мен аудандардың әкімдерімен бірлесе отырып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Оған тұрғындар мен жеке инвесторларды тұрғын үйлер мен коммуналдық нысандарды жөндеу және жаңғыртуды қоса қаржыландыруға ынталандыру, сондай-ақ жеке инвесторларды су шаруашылығы секторына тарту бойынша іс-шаралар енгізілуі тиіс, — деп баяндады Серік Нығметұлы.

Жолдау бойынша өзінің пікірімен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Еркін Көбеев те бөлісті.

– Президенттің Жолдауы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ұжымы тарапынан зор қолдауға ие болды. Тұрақты даму мен азаматтық келісімнің кепілі бола отыра, Елбасы болашақ онжылдықтың міндеттерін нық сеніммен алға қойды, – деп атап өтті ЖОО басшысы.

– Мемлекет қабылдаған үдемелі индустриялық-инновациялық даму, білімді, денсаулықты, тілдерді дамыту бағдарламалары сапалы өмір салтын қалыптастыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Қабылданған бағдарламаларды жүзеге асыру ішкі жалпы өнім, халық санының артуы, өмір сүру ұзақтығы, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі сынды сапа көрсеткіштерінің артуына алып келеді.

Ректордың айтуынша, ҚарМУ студенттері мен ұстаздары Елбасының отандық білім беру жүйесін модернизациялау туралы сөздерін аса ықыласпен тыңдады. «Біз Елбасының сапалы білім — елдің инновациялық дамуының кепілі деген сөзін толықтай қолдап, бәсекеге қабілетті мамандар дайындау үшін бізге жүктелген міндеттерді толықтай сезінеміз», – деп сөзін аяқтады Е.Көбеев.

Осыдан кейін Елбасының Жолдауын қолдап Сарань қаласының тау-кен шахтасының бригадирі А.Жұмамұратов, Қарағанды қаласының №4 емханасының директоры С.Шайдарова, Қарағанды қаласындағы №1 Машзауыттың директоры Б.М.Кенжин және т.б. қала, аудандардан келген өкілдер сөз сөйледі.

Активтің отырысын облыс әкімі қорытындылады.

–          Мемлекет басшысының Жолдауында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтуге айрықша көңіл бөлінді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздікті біздің баға жетпес құндылығымыз, ең басты игілігіміз деп атап айтты. Сондықтан да біздің алдымызда ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын ең жоғары деңгейде атап өту міндеті тұр. 2011 жыл осынау айтулы мерейтойға арналатын болады. Бүкіл 20 жылдың қорытындысы осы жылды қандай нәтижемен аяқтайтындығымызға тікелей байланысты болмақ. Ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қойған міндеттерді табысты шешуге барша Қарағанды облысының тұрғындары бар күш-қуатын, ерік-жігерін аянбай арнайды деген сенімдемін, — деп қорытты облыс әкімі С.Н.Ахметов.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.