Қала кемелденіп келеді

Елбасының 2005 жылғы сәуірдегі пәрменіне орай әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жайында жамиғатқа жеткізіп отыру мақсатында қолға алынған үрдіске сәйкес, бұған дейін Жезқазған поселкесі мен Весовая және Крестовский елді мекендерінде тұрғындар мен «Жезқазғантүстімет» ӨБ кәсіпорындары еңбек ұжымдарының, Сәтбаев ауылында тұрғындардың, кеншілер қаласында тұрғындар мен шағын және орта бизнес өкілдерінің алдында есеп берген Сәтбаев қаласының әкімі Советбек Медебаев қорытынды кездесуін ақпанның 2 күні  Ш.Ділдебаев атындағы

Кеншілер сарайында өткізді. Қалалық мәслихаттың кезектес тыс кеңейтілген сессиясында ол қаланың 2010 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.Өткен жылғы ел өміріндегі елеулі оқиғаларды қысқаша шолып өткен қала әкімі Советбек Медебаев:

— Елбасының жақында ғана жарияланған Қазақстан халқына Жолдауында елімізді одан әрі өркендетудің нақты жоспары мен бағдарламасы көрініс тапты. Онда, әдеттегідей, экономикалық саладағы ауқымды шаралармен қатар, адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын одан әрі жақсартуға айрықша көңіл бөлінген. Оны орындау — жергілікті атқарушы органдардың кезек күттірмейтін басты міндеті болып табылады.

Бір нәрсенің басы ашық — жан-жақты ойластырылған қандай бағдарлама болмасын, қоғамда бірлік болмаған жерде күткендегідей қайтарым бермейді. Бірлік қана берекеге бастайтынын сәтбаевтықтар жақсы түсінеді. Ортақ іске елеулі үлес қосып келе жатқандығын олар орынды мақтан ете алады.

Артта қалған асу біздің біліктілігімізді, шешім қабылдау шеберлігімізді, күрделі мәселелерді жүзеге асырудағы икемділігімізді сынаққа салған сындарлы сәт болды. Содан сүрінбей өткен сияқтымыз. Жоспарлаған барлық әлеуметтік жобаларымыз ойдағыдай орындалды. Жылды жалпы жақсы көрсеткіштермен аяқтадық, — деп бастады баяндамасын.

– Экономиканың нақты секторындағы өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің көлемі бұрнағы жылмен салыстырғанда 12% өсті. Негізгі қорға құйылған инвестицияның үлесі екі жарым есеге жуықтады. Қуатты кен жабдықтарының доңғалақтарын қайта қалпына келтіретін былтыр қаңтарда қатарға қосылған «МысШина» зауыты жүзге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етуге жол ашты.

Шағын және орта бизнестің бұғанасы бекіп келеді. Бүгінде бұл салада 3984 адам еңбек етеді. Шағын кәсіпкерлікті дамыту есебінен жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 246 жұмыс орны жасақталды.

Ауыл шаруашылығы секторында 292 миллион теңгенің жалпы өнімі өндірілді. Бұл — бұрнағы жылдағыдан 15% артық.

Бүгінде бағаның өсуі ең маңызды мәселе болып отыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру тұрғысында қалада тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Биліктің атқарушы органдары нарық нысандарымен серіктестік саясатын ұстанады, өзара түсіністік ахуалы орныққан. Бағаны жөнсіз өсірмеу мақсатында қаладағы бес базардың басшыларымен меморандум жасалған. Нан пісірушілермен де арада осындай келісім бар, ырықтандыру қорынан пісірілген әлеуметтік нанның бағасы 36 теңгеден аспайды.  Сенбі сайын өткізіліп келе жатқан жәрмеңке тұрғындардың көңілінен шығып отыр.

Аймақтық «Жол картасы» бағдарламасы аясында әлеуметтік сала мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының 12 нысанында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 268 миллион 721 мың теңге игерілді. Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселеріне басымдық берілді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде тұрмысы төмен 52 отбасы немесе 194 адам есепте тұрады. Қалада тұрғындарға әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсететін аймақтық орталық, жалпы білім беретін мектептерде азық-түлік, киім-кешек пен аяқкиім жинайтын 17 бекет бар.  Майдангерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларға, тыл ардагерлеріне жергілікті бюджет қаржысы есебінен 15 миллион теңгеден астам материалдық көмек көрсетілді. Олар қаланың мемлекеттік мекемелеріне бекітіліп берілген.

Тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру жалғасын табуда. Былтыр 6700 шаршы метрдің орнына 6781 шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілді, оның 6364 шаршы метрін тұрғындар өз қаржысының есебінен салды. Бас жобалаушы «Казгипроград» жобалау институты қаланың бас жобасын жасау жұмыстарын аяқтады.

Қаланы сәулеттендіруге, тазалығын жақсартуға, жолдар салуға, көгалдандыру мен жарықтандыруға бағытталған бағдарламалар жүйелі жүзеге асырылуда.

Білім беру саласында бірегей бетбұрыс байқалады. Бірегей ұлттық тестілеуге қатысқан 330 оқушы орта есеппен 72,72 балл жинады, бұл көрсеткіш бұрнағы жылы 68,2 болған еді. Тұрмысы төмен, көп балалы және тірлігі ойдағыдай емес отбасылардан шыққан 675 оқушыға тегін ыстық тамақ беріліп, оған 15 миллион 835 мың теңге жұмсалды.

Бос уақытты мәдениетті өткізуді ұйымдастырумен қалада 8 мәдениет мекемесі шұғылданады. Олар жыл бойы 1625 әр түрлі шаралар өткізді. Мемлекеттік және кәсіби мерекелер жоғары деңгейде тойланып келеді. Қалада балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 11 түрлі секция мен 56 топ, 12 футбол алаңы мен 5 хоккей корты жұмыс жасайды. ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары М.Көпеевтің жүлдесі үшін шахматтан өткізілетін аймақтық турнир аясын кеңейтіп келеді. Былтыр оған кеншілер қаласынан басқа Жезқазғанның, Ұлытау ауданы мен Жезді қалашығының шахматшылары қатысты. Қаладағы спорттық инфрақұрылымның республикалық және халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндігі бар.

14 емдеу-профилактикалық мекемесі тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді. Былтыр жұқпалы аурулардың таралуы, өкпе ауруынан өлу, нәрестелердің шетінеуі бұрнағы жылмен салыстырғанда азайды.

Мемлекеттік емес ұйымдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен, жастар қозғалыстарымен қоян-қолтық жұмыс жүргізу нәтижесінде қаладағы қоғамдық-саяси жағдай тұрақтылықты сақтап отыр.  Елбасының Жолдауын  ел ішінде насихаттау мен түсіндіруде тиянақты жұмыстар атқарылды. Ақпараттық-насихаттау топтарының мүшелері «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалымен, мемлекеттік емес ұйымдармен, ұлттық-мәдени орталықтармен, кәсіподақтармен бірлесіп еңбек ұжымдарында, қала мекемелері мен кәсіпорындарында  кездесулер, дөңгелек үстелдер мен көрмелер, пікірталас пен акциялар ұйымдастырды.

— Жоғарыда айтылғандар күнделікті атқарылған жұмысымыздың бір бөлігі ғана. Сіздер мен біздер бірлесіп қаламыздың экономикасын өркендетуге, әлеуметтік саласын дамытуға бағытталған бұдан да қомақты жаңа жобаларды жүзеге асыратындығымызға, сөйтіп, Елбасының биылғы Жолдауында алға қойылған міндеттерді шешуге сүбелі үлес қосатындығымызға сенемін.

Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығы тойланатын үстіміздегі жылдың орны бөлек. Соған сәйкес өте маңызды және аса ауқымды шаралар белгіленіп отыр, — деп сөзін қортындылады С.Медебаев.

Шығып сөйлегендер қала әкімінің бір жылдағы жұмысын «қанағаттанарлық» деп бағалады. Сосын әкім қойылған сұрақтарға жан-жақты жауаптар беріп, кейбір мәселелерді тиісті қызметтерге тапсырды.

Одан әрі сессияның күн тәртібінде қаланың тыныс тіршілігіне қатысты 7 сұрақ қаралып, тиісті Қаулы қабылданды.

Қалалық мәслихаттың ХХХІІ кеңейтілген сессиясына «Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы

Қарағанды  филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Балмағамбетов пен облыстық мәслихаттың депутаты Т.Тілемісов қатысып отырды.

Сәбиғат СҰЛТАН.

Комментарии закрыты.