«Халық денсаулығы үшін жұмыс істейміз»

Әкім аппараты жанынан құрылған ана мен бала өлімінің алдын алуға байланысты Штаб өзінің 2011 жылғы алғашқы отырысын өткізді. Оны қала әкімінің орынбасары, Штабтың төрайымы Марал Мәдиева кіріспе сөзбен ашты.– Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласына үлкен мән берілгендігін білесіздер. Елбасы халықтың мақсатты топтарының, оның ішінде алдымен балалар, жасөспірімдер, бала туу жасындағы әйелдердің денсаулық жағдайын бақылау қажеттігін атады. Біздің қала рейтинг бойынша бірінші орында тұр. Оған әрине, мақтанамыз, бірақ біз көрсеткіш үшін емес, халықтың денсаулығы үшін жұмыс істейміз. Республикалық «Балаларға мейірімді қала» жобасына облыс бойынша енген қаланың бірі ретінде ана мен бала өміріне бұрынғыдан да баса назар бөлуіміз керек, – деді М.Мәдиева.

Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші сұраққа орай бас балалар дәрігері Дина Әбікенова Сәтбаев қаласы бойынша 2011 жылдың қаңтар айындағы балалар өліміне талдау жасады. Жүкті әйелдердің өте қауіпті топтарын қабылдайтын кабинеттің жұмысы жайлы акушер-гинеколог, №1 қалалық аурухана директорының емдеу істері жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Ақмарал Богатова хабарлады.

№1 қалалық аурухананың бірінші қабатында орналасқан кабинет қаладағы барлық ОДА-лар мен қалалық емхананың және Ұлытау ауданынан келген жүкті әйелдерді қабылдайды. 2010 жылы отбасылық амбулаториялардан және қалалық емханадан 239 жүкті әйел ауыстырылған. Олардың ішінде 189 әйел өте қауіпті топқа жататындар. Бүгінгі күні кабинеттен барлығы 357 жүкті әйел өтсе, оның 118-і есепке алынды. Арнайы жабдықталған екі кабинетте қабылдаудан басқа жүкті әйелдерді тууға дайындау, әр түрлі жағдайлардың алдын алуға үйрету жұмыстары жүргізіледі. А.Богатованың мәліметінше, кабинеттердің суықтығына байланысты жұмыс уақытша тоқтап тұрса керек.

–          Бұл мәселені тез арада шешу керек, уақытша жылытқыштар қойсаңыздар да жұмысты жалғастырыңыздар, – деді Марал Сағынайқызы.

Штаб отырысын қорыта келе, М.Мәдиева туындаған кедергілерді шеше отырып, жұмысты жақсарту, жүкті әйелдермен тығыз байланыста болу, олардың 12 аптаға дейін есепке тұруын қатаң қадағалауды тапсырды.

Туған баланың ауырмай өсуіне, сапалы дәрігерлік көмек алуын қамтамасыз ету, ана мен балаға тиесілінің бәрін Заң шеңберінде жасау керектігін ескертті.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.