Бірлескен істе береке бар

20150109-04-1Сәтбаев қаласының әкімі Ә.С.Омардың 2014 жылдың нәтижелері және 2015 жылға арналған міндеттер мен жоспарлар бойынша халық алдындағы есебі.

Құрметті жерлестер!

Жыл сайынғы барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру кездесулері халық пен билік арасындағы ашық әңгіме алаңы болып табылады. Өткен жылдың қорытындысын шығара отыра, келелі мәселелерді анықтау, басымдық берілетін міндеттерді нақтылап, оның шешу жолдарын қарастыруда бұл кездесулердің берері мол.

2014 жыл жалпы еліміздің жаңа даму деңгейге көтерілу тұрғысынан тарихи жыл болды. Бұл жылдың ең негізгі оқиғасы болған «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Халыққа арнаған Жолдауында Елбасы Н.Ә.Назарбаев елімізді әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарына қосудың концепциясын ұсынды.

Әлемдік экономиканың құлдырауы, шикізат қорларының бағалары төмендеп жатқан кезеңде жаһандық сынақтарға жауап ретінде ел көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауын арнады. «Нұрлы жол» – «Қазақстан – 2050» Стратегиясын» жүзеге асырудың құрамдас бөлігі және негізгі кезеңі. Бұл Жолдау – әлемдік дағдарысқа бағытталған жәй ғана бағдарлама емес, таяу жылдарға арналған нақты әрекет етудің жоспары, болашақтың тиянақты бағдары.

Елбасының осы бағдарламалық құжаттағы тапсырмалары 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастады. Сондықтан да олардың сапалы және уақытылы орындалуы үшін мемлекеттік билік институттары мен қазақстандықтардың жұдырықтай жұмылған ортақ әрекеттері қажет.

Біздің аймағымыздың тұрғындары үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың былтырғы жылы өңірімізге келген арнайы сапары есте қаларлық оқиға болды. Президентіміз осы сапары барысында Жезқазған – Бейнеу теміржол магистралін іске қосып, қасиетті Ұлытау төрінде тарихи маңызы зор сұхбат берді. Тамыз айындағы Қарағанды облысына жасаған сапары барысында да Н.Ә.Назарбаев облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған жиында бірқатар тапсырмалар берді. Олардың барлығы облысымыздағы шағын қалаларды, шағын кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын, әлеуметтік саланы дамытуға және көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын одан әрі жалғастыруға бағытталған. Бүгінгі таңда қала әкімшілігі тарапынан осы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында жұмыс жүргізіліп, бұл мәселелер үнемі қадағалауда болады.

Экономика

Сәтбаев қаласының тұрғындар саны 2014 жылдың 1 қазанындағы есеп бойынша 70179 адам, оның ішінде белсенді тұрғындар саны 36900 адам.

2014 жылы қала бюджетіне 1 млрд. 983 млн. теңге кіріс кірді, нақтыланған жоспар бойынша 1 млрд. 975 млн. теңге. Қала бюджетінің кіріс жоспары 100,4% орындалды.

2014 жылғы бюджеттің шығыс бөлігінің орындалысы 6 млрд. 454 млн.теңге, нақтыланған жоспар бойынша 6 млрд. 472 млн. теңге немесе 99,7%. Әлеуметтік маңызы бар барлық бағдарламалар толығымен орындалды.

Өнеркәсіп және шағын кәсіпкерлік

2014 жылы өнеркәсіп өнімінің күтілетін көлемі қала бойынша 7 млрд. 317,9 млн. теңгені құрады. АКИ 74,0% құрады. Негізгі капиталға инвестиция 16 млрд. 283,7 млн. теңгені құрады.

Ағымдағы жылдың 1 қаңтардағы есепке сәйкес белсенді шағын және орта кәсіпкерлік саны 1286 бірлікті немесе 2013 жылмен салыстырғанда 106,0% құрады (1213 бірлік). Шағын бизнесте жұмыспен қамтылғандардың саны 4598 адамды құрады, жоспардың орындалуы 100,0%. 2013 жылмен салыстырғанда өсім 4,6% құрады (4396 адам).

2015 жылдың 1 қаңтардағы есеп бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілерінен қала бюджетіне 224,3 млн.теңге төлемдер түсті, жоспардың орындалуы — 102,0%.

Мемлекетте экономиканы әртараптандыру мақсатында елімізде мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда. Сәтбаев қаласы бойынша 2014 жылы Аймақтық индустриаландыру картасына 2 жоба кірді:

Тау-кен жабдықтарына арналған компрессорлы қондырғы өндірісін ұйымдастыру жобасы – «Рудсервис» ЖШС. Жоба шеңберінде шығарылған өнімнің көлемі 32 компрессорды, жалпы құны 268,8 млн.теңгені құрады. Шығарылған өнімдерді өткізу мәселесі туындап, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде.

Дөңгелекті тіреуіштер өндірісі жобасы – «ЖК Гелисханова». Жоба бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда. Есептік кезең бойынша 93,5 млн. теңге сомасына 10 000 дана дөңгелекті тіреуіштер шығарылды.

Бұл бағдарламаның барлық мүмкіншілігін пайдалана отырып, біз әлі де жаңа жобаларды іздестіріп, оларды іске қосуымыз керек.

«Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы

2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша өткен жылдан бастап қалада 1 жоба іске асырылуда: табиғи бутанол өндіретін зауытты іске қосу – «Биотехнология» ЖШС. Жобаны жүзеге асыру мерзімі: 2015-2017 жж. Инвестиция көлемі: 1 млрд. 36 млн. теңге, оның ішінде 52% – өз қаражаты, 48% – қарыз ақша. Құрылатын жұмыс орны – 150.

Осы бағдарлама бойынша былтырғы жылы облыстық бюджеттен 630 млн. 736 мың теңге арнайы трансферттер бөлінді. Бұл қаржының 283 млн.481 мың теңгесіне үш білім нысандары күрделі жөндеуден өтті: №5 орта мектеп, №1 мектеп-гимназиясы және №1 «Ертегі» балабақшасы. Сондай-ақ, 279,6 млн. теңгеге Кеншілер алаңы, 176,3 млн. теңгеге Абай көшесінің 1600 қ.м ара қашықтығы қайта жөндеуден өткізілді.

Қазіргі уақытта мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға аса көңіл бөліп, қолдау танытуда. Соның ішінде Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша үлкен мүмкіндіктер бар. 2014 жылы жаңа өндірістер ашуға 13 млн. теңге мемлекеттік грант бөлініп, 5 жобаға грант берілді: «ЖК Дастанов» – «3D еден құймаларының өндірісі», «ЖК Шиндин» – «Көбік блоктарының өндірісі», «ЖК Абдиров» – «Поп-корн сатуға арналған киоск», «ЖК «Ортопедия АС» – «Ортопедиялық кабинет жұмысын ұйымдастыру», «ЖК Рахышев» – «Қатты тұрмыстық және өндіріс қалдықтарын қайта өңдейтін өндірісті ұйымдастыру». Аталған жобалар іске асырылғанда қалада 19 жұмыс орны құрылады.

Моноқалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламасының қаражаттандыру бөлігінде несие бойынша сыйақы төлемі және лизингілік мәміле бойынша 2014 жылы 39,0 млн. теңге бөлінді. Аталған бағыт бойынша 5 жоба мақұлданды: «Самға» ЖШС — «Кәсіпорынды жаңғырту және кеңейту», «ЖК Оразбаева» — «Ойын-сауық кешенін ұйымдастыру», «ЖК Жармұхамбетов» — «Италиялық технология бойынша нан және нан-тоқаш өнімдерін өндіру», «ЖК Гусев» — «Қоғамдық такси құру», «ЖК Инсебаев» – «Сауда және ойын-сауық кешенінің құрылысы». Бұл жобалар іске асырылғанда 136 жұмыс орны ашылады.

Аймақты дамытудың кешенді жоспары

Елбасының тікелей тапсырмасымен әзірленген Жезқазған аймағын дамытудың кешенді жоспары біздің аймағымызды дамытуда зор маңызға ие. Аталмыш жоспарға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, Үкіметтің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы №1505 қаулысымен қайта бекітілді. Бекітілген кешенді жоспарға сәйкес Сәтбаев қаласы бойынша жалпы сомасы 59 млрд. 577,5 млн. теңгені құрайтын 22 іс-шара қаралған, оның ішінде: республикалық бюджеттен — 43 млрд. 644 млн. теңге, жергілікті бюджеттен — 1 млрд. 775 млн. теңге, бюджеттік емес қаражаттар есебінен — 14 млрд. 158 млн. теңге (оның ішінде «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС есебінен — 13 млрд. 857,9 млн. теңге).

«Минералды-шикізат базасын ұлғайту» бөлімі бойынша сомасы 48 млрд. 289,5 млн. теңге болатын 5 шара қаралған. Аталған шаралар Жезқазған өңіріндегі кен орындарының баланстық және баланстан тыс қорларды қайта есептеуден өткізуді қарастырады.

Сонымен қатар, аталған бөлімнің құрамында 11-ші тармақ қаралған. Ол бойынша пайдалы қазбалардың орнын қалыптастыру мақсатында мемлекеттің қажеттілігі үшін Жезқазған кентінің және оған жақын орналасқан Весовая, Крестовский, Перевалка және ГРП елді-мекендерінің жер учаскелерін мәжбүрлі босату бойынша іс-шаралар өткізу қаралған. Жобаның жалпы құны – 35 млрд. 397 млн. теңге.

Ағымдағы жылы көшірудің бірінші кезеңі бойынша жұмыстар басталды. Оның аясында 54 нысанды көшіру қажет, оның ішінде 48 жеке үй және 6 пәтер. Бүгінгі күні Сәтбаев қаласындағы Комаров 9Б көшесіндегі тұрғын үйден 6 отбасына пәтерлер берілді. Қаланың Шығыс ауданында екі пәтерлі 24 тұрғын үй салынды және де оған тұрғындарды көшіру шаралары жүргізілуде. Бұл жұмыстар 2015 жылы да жалғасын тауып, 15 көпқабатты және 150 екі пәтерлі тұрғын үй құрылысы, инженерлік — коммуникациялық инфрақұрылымдар жүргізу жоспарлануда.

«Индустриалды-инновациялық даму» бөлімінде 2 млрд. 740,5 млн. теңге (7 іс-шара) қарастырылған.

830 млн. теңге соманың 4 шарасы кәсіпкерлердің займдық және өз қаражаттары есебінен, республикалық және жергілікті бюджет есебінен қарастырылған 945,0 млн. теңгеге 2 шара, 1 шара — 965,5 млн. теңге сомасына «Қазақмыс» корпорациясы есебінен қаралған.

1) 19 тармақ бойынша Сәтбаев қаласында сауда-ойын сауық кешенінің құрылысы қаралған (ЖК Ә.У.Инсебаев). Жобаның жалпы құны — 300 млн. теңге. Жоба қуаттылығы 80 орындық, бүгінгі күні монтаждық құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Іске асыру мерзімі — 2015 жыл.

2) 20 тармақта итальяндық технология бойынша нан және нан-тоқаш өнімдерін шығару қарастырылды (ЖК Жармухамбетов А.Т.). Жобаның жалпы құны — 40 млн. теңге. Жоба қуаттылығының іске асыру мерзімі — 2015 жыл.

3) Жоспардың 21 тармағына сәйкес Сәтбаев қаласында жұмыртқа шығару бойынша құс фабрикасын кеңейту және жаңғырту қаралған (ЖК Ахтямов Р.Н). Жобаның жалпы құны 130 млн. теңге. 2014 жылдың басында 2 млн. теңгеге құс етін өңдейтін екінші цех қайта жабдықталып, нәтижесінде 7 тонна құс еті өндірілді. 8 жұмыс орны құрылды.

3) 31 тармақ бойынша Сәтбаев қаласында жалпы ауданы 12 га индустриалдық парк құру қаралған. Жобаның жалпы құны — 210 млн. теңге.  Парк орналасатын жер телімі анықталып, құжаты рәсімделді. Қалалық бюджет есебінен техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға 2,7 млн. теңге бөлінді. Техникалық экономикалық негізідемесі мен жобалық сметалық құжатын 2015 жылы аяқтау көзделген. Іске асыру мерзімі – 2015-2017 жылдар. Жобаның қуаттылығы — 20 кәсіпкерлік нысан, 200 жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

5) 32 тармақ бойынша Сәтбаев қаласында суармалы егіншілік ұйымдастыру мақсатында Жартас карьерінен қашықтығы 7 км инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту көзделіп отыр. Жобаның жалпы құны-735 млн. теңге. ЖСҚ өндеуіне қалалық бюджет есебінен қаражат бөлінді. Орындау мерзімі-2015-2016ж.ж. Бүгінгі күні жер учаскесін таңдау құжаты мен орналастыру жобасы рәсімделді. Жобаның қуаттылығы 670 га., 50 жұмыс орнын ашу көзделген.

6) 33 тармақ бойынша «Монша-кір жуу кешенін қайта жаңғырту және ұйымдастыру» қаралған (ЖК Оразбаева Г.Т). Жобаның жалпы құны – 300,0 млн. теңге.

Құқық беретін құжаттардың барлығы рәсімделді. Ағымдағы жылдың басында 1 кезеңге сәйкес қоғамдық монша ашылды. Жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Іске асыру мерзімі 2014-2015 жылдар, жобалық қуаттылығы — сағатына 200 адам қабылдайды. Жоба толық іске асқан жағдайда 45 жұмыс орны ашылатын болады.

«Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы» бөлімі бойынша — 1 млрд. 162 млн. теңгеге 2 шара қаралған.

1) 37 тармаққа сәйкес №1 жылу станциясына жөндеу жұмыстарын жүргізу және инженерлік желілердің тозуын азайту тарифті өсіру есебінен жоспарлануда.

«Жылу энергетика» кәсіпорны мен №1,2 жылу станцияларына жалпы сомасы 641 млн. 158 мың теңгеге 2 қазандықта, №1 жылу станциясының технологиялық тұрба желілеріне күрделі жөндеу және 5 қазандықта ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сәтбаев қаасының аймақтық «ЭнергоСети» мекемесі 825 млн.14 мың теңгеге жылу, су, канализациялық құбырларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді.

2) 44 тармаққа сәйкес Кеңгір су қоймасынан келетін ауыз суды тазартуға арналған тазарту қондырғысының құрылысына — 1 млрд. 162 млн. теңге қаралған. Бүгінгі күні жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға 10 млн. теңге бөлінген.

«Тұрғын ұй құрылысы» бөлімі бойынша республикалық және жергілікті бюджет есебінен 1 млрд. 837,4 млн. теңге сомасына 3 шара қаралған:

1) 50-ші тармақ бойынша Сәтбаев қаласында «Қол жетімді баспана» бағдарламасы аясында жалға берілетін көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысы. Жобаның жалпы құны — 1 млрд. 248 млн. теңге.

Ағымдағы жылы 4 қабатты 56 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысының бастамасына 132,5 млн. теңге бөлінді және игерілді. Құрылыс жұмыстары 2015 жылдың тамызында аяқталады.

Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алуға облыстық бюджет есебінен 172 млн. теңге бөлінді. Бөлінген қаражатқа Комаров 9Б көшесінен ауданы 2182 ш.м. 35 пәтерлі тұрғын үй сатып алынды және үй кезегіндегі тұрғындарға берілді.

2015 жылға «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында құрылыс жоспарлануда:

— Жас отбасыларына арналған Қазақстанның «Тұрғынүйқұрылысжинақбанк» арқылы 4 қабатты 16 пәтерлі (смета құны — 92,7 млн.теңге) тұрғын үй салынады және оған инженерлік коммуникациялық желілері тартылады (смета құны 13,9 млн.теңге).

— Көппәтерлі 2 тұрғын үйге инженерлік коммуникациялық желілерінің құрылысы (смета құны 50,2 млн.теңге).

2) Жоспардың 52-ші тармағына сай Сәтбаев қаласының Шығыс ауданында инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және жайластыру көзделген. Жобаның құны — 551,2 млн. теңге. Ағымдағы жылы аталған жобаны іске асыру үшін 551 млн. 408 мың теңге көлемінде трансферттер бөлінді, РБ – 496 млн. 267 мың теңге, ОБ – 55 млн.141 мың теңге. Облыстық мәслихат шешімімен сомалар азайтылып, жоба құны 526 млн. 656 мың теңгені құрады. Құрылыс монтаждық жұмыстары жүргізіліп, 364 млн. теңге игерілді.

3) 54 тармақ бойынша «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында 2014 жылы Сәтбаев қаласындағы Ерден көшесі 157 үй және Ұлытау көшесі 66 мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу басталды. Жобаның жалпы құны – 38,2 млн. теңге. Аяқталу мерзімі — 2015 жылдың 1 тоқсаны. «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясындағы жұмыстар келесі жылдары да жүргізіледі.

«Әлеуметтік сала» бөліміндегі 66 тармақ бойынша республикалық бюджет есебінен 11,5 млн. теңгеге 1 іс-шара қарастырылған. Бұл қаржыға Сәтбаев қаласының емханасына 5 бірлік медициналық қондырғы жабдықтары сатып алынды.

«Экология және жер қойнауын пайдалану» бөлімі бойынша республикалық бюджет есебінен 4 млрд. 253,6 млн. теңгеге 2 шара жоспарланған.

1) 76 тармаққа сәйкес 66,74 орамдарында кәріз желісінің құрылысы көзделген. Жобаның жалпы құны – 374,6 млн. теңге. Бүгінгі күні 66,74 орамдардағы жер асты желілерінің ЖСҚ аяқталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. 2015 жылға республикалық және облыстық бюджеттерден 187,5 млн. теңге қаралуда.

78 тармаққа сай нөсерлік кәріз және коллекторлық-дренаждық жүйенің құрылысы қаралған. Жобаның жалпы құны — 3 млрд. 879 млн. теңге.

Қарағанды облысының құрылыс басқармасымен 96 млн. 960 мың теңгеге ЖСҚ жасалды («Строй Эксперт Проект» ЖШС). Облыстық бюджет есебінен 2015-2016 жылдарға 534 млн. 412 мың теңге қаралған.

«Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 2014 жылы 2 кезектегі Батыс ауданының су және кәріз құбырлары құрылысына республикалық және облыстық бюджет тарапынан 148 млн. 748,0 мың теңге бөлінді. Осы жобада 2014 жылы кәріз құбырларын салу бойынша жалпы ұзындығы 911 қ.м. (Әбдіров, Сарыарқа, Оразбаев, Кентаев және Жанпеисов көшелері бойынша) және Әбдіров көшесіне 534 қ.м су құбырын жүргізу жұмыстары басталды.

Ауыл шаруашылығы

Агрокәсіптік кешен экономиканың маңызды секторларының бірі болып табылады. Қала аумағында ауыл шаруашылығын жүргізетін 39940 га жер телімі бар. Есептік кезеңге 34 шаруа қожалығы тіркелген, оның 29 жұмыс атқаруда, сондай-ақ 2079 қосалқы үй шаруашылығы және 3 саяжай кооперативтері тіркелген. 2014 жылдың ауылшаруашылық өнімі 520,0 млн.теңгені немесе 2013 жылмен салыстырғанда 120,0% құрайды. 2014 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында мал басының өсуі байқалды және 2013 жылға қарағанда ірі қара 113,5%, ұсақ мал 104,4%, жылқы 112,0%, шошқа басы 112,5% құрады.

Қала аумағындағы эпизоотиялық жағдай тұрақты. Ауыл шаруашылығы малдарын аса қауіпті жуқпалы ауруларға қарсы егу және диагностика жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп 100% орындалды.

Қалада бағаны тұрақтандыру мақсатында апта сайын ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өткізіледі. 2014 жылы жәрмеңке 57 рет өткізіліп, 399 млн.теңге көлемінде ауыл шаруашылығы өнімі сатылды.

2015 жылы қаладағы коммуналдық базарды іске қосу, «Агробизнес — 2020» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алу және лизингке техника алу жұмыстары жоспарлануда.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және қаланы абаттандыру

2014 – 2015 жылдарға арналған жылу беру маусымына әзірлік іс — шаралары кестеге сәйкес толық көлемде және бекітілген мерзімде аяқталды.

2014 жылдың қазан айынан бастап «Қазақмыс» корпорациясы қаражаты есебінен суық су және жылумен қамтамасыз ету үшін жалпы үйлік есеп қондырғыларын орнату басталды, барлығы 696 қондырғы орнатылады. Оларды орнату жұмыстары 2015 жылы аяқталады.

2014 жылы абаттандыруға, санитарлық жағдайды жақсартуға, жол салуға, көгалдандыруға және жарықтандыруға бағытталған бірқатар қалалық бағдарламалар іске асырылды.

Аулаларды көріктендіру бағдарламасы бойынша есеп беру кезеңіне жергілікті бюджеттен бөлінген 50 миллион теңгеге балаларға арналған бірінші дәрежелі 10 ойын алаңы, құны 7,7 млн. теңге сомаға №16 орта мектептің аумағында жасанды жабыны бар көпфункционалды 1 хоккей корты және қаланың Шығыс ауданында демеушілер есебінен 1 көп функционалды корт орнатылды. Сонымен қатар, 3,2 млн. теңгеге заман талабына сай 4 аялдама павильондары орнатылды.

Жасыл желектерді күтіп ұстау бағдарламасы бойынша 73,5 млн. теңгеге жасыл желектерді зиянды жәндіктерден химиялық өңдеу бойынша жұмыстар жүргізілді.

Көшелерді, саябақ және шағын бақтарды көгалдандыру бойынша 1000 дана ағаш көшеттерін, 231210 дана гүлдерді отырғызу, 17323 куб.м жасыл желектерді суару, 1000 дана ағаштарды қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілді.

Елді-мекендердің санитариясын қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша 52 млн. теңгеге көшелерді кездейсоқ қоқыстан тазалау, урналарды күтіп ұстау, автопавильондарды және олардың аумағын қоқыстан тазарту, 2 православ және 1 мұсылман зираттарын күтіп ұстау бойынша жұмыстар жүргізілді.

Есептік жылы 30 млн.тенгеге ауданы 9375 шаршы метр қала жолдарының шұңқырлары жөнделіп, 29,7 млн.тенгеге ауданы 4878 шаршы метр тротуарлар асфальтталды.

2014 жылы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және апатты төмендету үшін жергілікті бюджеттен 25,74 млн.тенге көлемінде қаражат игерілді.

Аталған бағытта жергілікті атқарушы органдардың жұмыстары 2015 жылы да жалғасын таппақ. Жеңіс саябағында «Тағзым» мемориалдық кешен құрылысы, 4 балалар ойын кешені т.б. жұмыстар жоспарланған.

2014 жылдың 4 ақпанында Сәтбаев қаласы әкімінің тұрғындар алдында берген есептік кездесуі барысында келіп түскен ұсыныстар мен ескертулерді жүзеге асыру бойынша іс-шараларға 4 негізгі мәселе енгізіліп, барлық ұсыныстар қалалық әкім аппаратының бақылауына алынды. Есептік кезеңде барлық 4 ұсыныс орындалды:

1) Эксплуатациялық шығындарға тарифтердің өсуі туралы. Қалалық әкімдік, прокуратура өкілдері және «Сәт Тазалық» ЖШС басшысының қатысуымен кездесу өткізілді. Сонымен қатар, жергілікті БАҚ-да «Сәт Тазалық» ЖШС-нің тарифтері мен көрсететін қызметтері туралы ақпарат жарық көрді.

2) Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бойынша. 2014 жылдың наурыз айында Сәтбаев қаласы мен Жезқазған кентінде қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бойынша қызмет көрсететін арнайы топ құрылды. Аталған жұмыс күнделікті тұрғындар мен мекемелердің өтініші бойынша, сонымен қатар көшелерді аралау кезінде жүргізіледі.

3) Ерден-Байқоңыров көшелеріндегі қиылыста бағдаршам нысанын орнату. Аталған көше қиылысында 2014 жылы бағдаршам нысаны орнатылды.

4) С.Сейфуллин көшесіндегі кәріз жүйесін жөндеуден өткізу. Сметалық құжаттама әзірленіп, 2015 жылы аталған кәріз жүйесін қайта қалпына келтіру жоспарланған.

Жоғарыда аталған ұсыныстар бойынша қала тұрғындары қалалық БАҚ арқылы ақпараттандырылды.

Әлеуметтік сала

Әлеуметтік саланың басты мақсаты тұрғындарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау. 2014 жылы тұрақты жұмысқа 3196 адам орналасты, қайта даярлауға 133 адам жіберілді. Қоғамдық жұмысқа 874 жұмыссыз қатысты. Нысаналы топтағы жұмыссыздарға 11 әлеуметтік жұмыс орны құрылды. Жастар практикасына 37 түлек жолданды.

2014 жылы 38 отбасы (140 адам) 4 млн. 128,0 мың теңге көлемінде мемлекеттік атаулы көмекпен, 40 отбасы (118 адам) 3 млн. 965,0 мың теңге көлемінде тұрғын үй көмегімен қамтылды. Сонымен қатар, 444 балаға 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларына берілетін 5 млн. 517,0 мың теңге көлеміндегі жәрдемақы тағайындалып төленді. 2014 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасына қатысуға 644 адам хабарласты және оның ішінде 559 адам әлеуметтік келісім-шартқа отырды.

«Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 1 жоба — Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу (мердігер — «Марал Құрылыс» ЖШС) жоспарланды. Осы жобаны іске асыру үшін 22 млн. 212 мың теңге бөлініп, толығымен игерілді. 22 адамға уақытша жұмыс орны ашылып, оған жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 11 жұмыссыз адамдар қатысты. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң олар тұрақты жұмыспен қамтылды.

2014 жылы бағдарламаның екінші бағыты «Кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту» аясындағы жоспарға сәйкес 7 млн. 500 мың теңге көлеміндегі 3 шағын несие мал шаруашылығын дамытуға берілді.

2014 жылдың ақпан айында үшінші бағыт «Оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің» жылдық жоспарына сәйкес «ЖК Нұрпеисов» арқылы бір жылға 2 әлеуметтік жұмыс орыны құрылды. Бағдарламаға қатысушы 6 адам №1 орталық ауруханада, қалалық емханада, ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінде жастар практикасы бойынша жұмыс істеді. Бағдарламаның 11 қатысушысы «Есептеу техникасы бағдарламасын қамтамасыз ету», «Электрогазбен дәнекерлеуші» мамандықтары бойынша Сәтбаев қаласындағы индустриалдық колледжінде қайта даярлаудан өтті және барлығы жұмыспен қамтылды.

2014 жылы «Акушерлік іс» мамандығы бойынша 2 жыл 10 ай мерзімімен кәсіптік оқуға 2011 жылы жіберілген 5 қатысушы оқуларын бітіріп, тұрақты жұмыспен қамтылды.

Бағдарламаның 5 қатысушысына «Аспаз» мамандығы бойынша 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап индустриалдық колледжге 10 айлық кәсіптік оқуға жолданды.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасына қатысқандар ішінде 2014 жылы тұрақты жұмысқа 558 адам орналастырылды, жоспарлық көрсеткіштер 117 пайызға (жоспар – 478 адам) орындалды.

Білім беру және спорт

Сәтбаев қаласының білім беру жүйесін 16 балабақша, 16 мектеп, 3 қосымша білім беретін мекемелер және 3 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын құрайды. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және отбасы түріндегі балалар үйі жұмыс жүргізеді.

Қарағанды облысы әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасындағы өзара қызмет жөніндегі Меморандумға сәйкес, 2014 жылдың төртінші тоқсанында «Дошкольник» ЖМ қарасты 13 балабақша коммуналдық меншікке өткізілді. Олар 2015 жылы қалалық бюджеттен қаржыландырылады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында білім саласында апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу, мектепке дейінгі ұйымдардағы орын жетіспеушілікті болдырмау нақты көрсетілді.

Қалада 600 орындық жалпы білім беру мектебі мен 320 орындық балабақша құрылысын салу жоспарлануда. Балабақша құрылысы 2015 жылы басталады.

Жыл сайын білім беру ұйымдарын қаржыландыру көлемі ұлғаюда және 2014 жылы бұл 2 млрд, 548 млн. 694,0 мың теңгені құрады (2013 жылы – 2 млрд. 196 млн. 784,0 мың теңге).

Балабақшалар мен шағын орталықтарға 3105 бала барады. 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқумен қамту 98% құрайды.

Қаланың 5 оқу мекемесінде инклюзивтік оқытуға қажетті жағдайлар жасалған, 12 түзете дамыта оқыту сыныптары бар, үйде оқытылатын 32 оқушы компьютерлік техникалық жинақтарымен қамтылған. 2014 жылдан бастап № 7 жалпы орта білім беретін мектеп инклюзивтік білім беру жұмысы бойынша тәжірибелік алаң болып табылады.

Қала мектептері бойынша білім сапа көрсеткіші 2013-2014 оқу жылы 59,25% көрсетті, бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 1,85 көрсеткішке артты. 2014 жылы 313 оқушы 11 сыныпты бітірді, олардың 177-і (түлектердің 56,5%) ҰБТ-ға қатысып, орташа 71,2 балл жинады. «Алтын белгі» төсбелгісіне 5 үміткердің 2-і өз білімдерін дәлелдесе, 1 түлек үздік аттестатқа ие болды.

Соңғы 3 жылда қала мектептеріндегі компьютерлер саны артып, 1819-ға жетті, 1 компьютерге келетін бала саны — 5,5 құрайды (2013 жылы – 6,2).

Бүгінгі күні қала мектептері 43 жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталған: химия -14 (93,3%), биология-14 (93,3%), физика-15 (100%). 14 жалпы орта білім беретін мектепте мультимедиалық кабинеттер пайдалануға берілген. 10 мектепте сандық подиумды сенсорлық тақталар жұмыс істейді. 12 жалпы орта білім беретін мектепте 60 интерактивтік тақта орнатылған.

3 қосымша білім беру ұйымдарында балаларды мектептен тыс тәрбиелеу және оқыту бойынша мемлекеттік тапсырысты қамтамасыз ету жүзеге асырылады. Барлығы бұл мекемелерде 4149 бала тәрбие мен білім алады, оның 2942 ақысыз негізде оқушылар сарайының 66 үйірмесіне және 4 демалыс клубтарына қатысады.

Әлеуметтік қорғалмаған, аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларды қолдауға үлкен көңіл бөлінеді. Жыл сайын оларға көрсетілетін қаржы көлемі ұлғаюда. 2014 жылы бұл көрсеткіш 83,0 млн. теңгені құрады, 2013 жылы 69,7 млн.теңге болды. Бұл қаржы әлеуметтік қорғалмаған балалардың барлығын тегін ыстық тамақпен, кеңсе тауарларымен, киім және аяқ киіммен қамтамасыз ету, олардың жазғы демалысы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелерін шешуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, 1205 бірінші сынып оқушылары үшін әр балаға бір күнде 220 теңгеден келетін тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлінді.

Қаламызда бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамыту, балалар мен жасөспірімдердің спорттық секцияларға қатысуы, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жүзеге асырылуда.

Сәтбаев қаласы бойынша 2015 жылдың 1-ші қаңтарына дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатындар саны 21968 адамды құрады, немесе қала халқының жалпы санының 31,2%.

2014 жылы бұқаралық спортты дамытуға 25 млн. 350 мың теңге бөлініп игерілді. Есептік кезеңде 170 түрлі спорттық-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 45990 адам қатысты.

Денсаулық сақтау

Сәтбаев қаласы бойынша медико-демографиялық ахуал оң көрсеткіштерге ие. 2014 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша халықтың туу деңгейі 2,5%, табиғи өсу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 13,9% өсті және өлім-жітім көрсеткіші 14,3% азайды.

ҚР «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасының іске асырылуы Сәтбаев қаласы бойынша тұрғындардың денсаулық көрсеткіштерінің жақсаруына жағдай жасады.

2014 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда туберкулез ауруына шалдығушылық 17,0%, туберкулез ауруының салдарынан өлім-жітім 42,4%, қанайналымы жүйесiнiң ауруынан өлім-жітім 27,2%, қатерлі ісік 15,6% төмендеуі байқалды. Иммундық вирусы тапшылығы инфекциясы бойынша жағдай тіркелген жоқ.

Сондай-ақ, нәресте өлім-жітімінің деңгейі 1000 тірі туғандарға шаққанда 4,6 промилледен (7 жағдай) 7,8-ге дейін (12 жағдай) өсті. Қазіргі уақытта бала өлімінің алдын алуға жүйелі жұмыс жүргізілуде және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылары мен жауапты мекемелер арасындағы байланысты нығайту бағытындағы жұмыстар күшейтілуде.

Ішкі саясат

Ішкі саясат саласында қоғамдық-саяси ахуалға мониторинг жүргізу, діни экстремизмнің алдын алу, мемлекеттік органдары мен азаматтық қоғам институттарының ынтымақтасуын дамыту бойынша жұмыстар атқарылуда. «Қазақстан-2050» Стратегиясы және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа арнаған «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауын түсіндіру және насихаттау бойынша ауқымды шаралар іске асырылуда.

2014 жылы қалалық ұйымдарда республикалық, облыстық және қалалық ақпараттық насихаттау топтарының (АНТ) қатысуымен 155-ке жуық іс-шаралар өткізіліп, оған 9000-нан астам адам қатысты, оның ішінде 40-тан астам АНТ кездесулері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауын түсіндіру және насихаттауға арналды.

Қалалық бюджеттен үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету іс-шаралары шеңберінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға 21 млн. 54 мың теңге бөлініп, 11 жоба жүзеге асырылды.

Жастарға рухани-имандылық, патриоттық тәрбие беру, оларды кәсіби бағдарлау, бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағыттарында іс шаралар өткізілуде. 2014 жылы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру шараларына 15 млн. 856 мың теңге бөлінді.

Халық арасында, соның ішінде жастар арасында деструктивтік діни ағымдар идеологиясының тарауы ерекше алаңдаушылық туғызуда. Соған байланысты өткен жылы қалада «Діни сенім сұрақтары жөніндегі орталық» КММ құрылды.

2014 жылы Сәтбаев қаласы бойынша мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруға жергілікті бюджет есебінен 48 млн. 244 мың тенге бөлініп, игерілді.

Ақпараттық саясатты жүзеге асыру мақсатында сыртқы жарнама объектілерінің мүмкіндігі кеңінен пайдаланылады. Былтырғы жылы барлығы 103 әлуметтік сыртқы жарнама объектілері орнатылды, оның ішінде 52-сі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттауға бағытталған.

2015 жыл бірқатар маңызды қоғамдық — саяси оқиғалармен есте қалмақ. Бұл жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толады. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Аталған мерейтойлар алдағы жүргізілетін идеологиялық жұмыстар мен қаланың қоғамдық-саяси өмірінде өз көріністерін табады және қоғамда бірлік пен этноаралық келісімнің нығаюына септігін тигізеді.

Мәдениет және тілдерді дамыту

Мәдениет нысандары болып табылатын 6 мекемеде есеп беру кезеңінде 543 іс-шара өтіп, оған 127900 адам қатысты.

Қаламыздың мәдени өмірінде кең көлемде «Армысың, Әз Наурыз!» атты аймақтық ақындар айтысы, Е.Сандыбайұлы атындағы І Республикалық қобызшылар байқауы, «Елін сүйген — елі сүйген Елбасы» тақырыбындағы мүшәйра сынды көптеген іс-шаралар өтті. Мәдени-көпшілік шараларды өткізуге 2014 жылы 26 млн.137 мың теңге бөлінді.

2014 жылы мекемелер мен ұйымдар арасында «Ел іші – өнер кеніші» атты шығармашылық фестиваль бастау алды. Есеп беру кезеңінде 23 мекеменің шығармашылық концерті өтті.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында отбасы құндылықтарын, халқымыздың салт-дәстүрлерін таныта түсуге көп мән берілген. Бұл міндеттерді қаламызда құрылған «Ұлттық өнер орталығы» мен этномәдени бірлестіктер жүзеге асыруда.

Балалар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын дұрыс ұйымдастыру мақсатында мәдени-сауықтыру спорт орталығына қарасты 9 аула клубы жұмыс істейді. Аула клубтарындағы 10 спорттық секция мен 9 үйірмеге 5 мыңнан астам бала қатысады.

Құқық бұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлықпен күрес

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстардың алдын алу және ашу мақсатында жүйелі түрде тиісті іс-шаралар атқарылды. Нәтижесінде 2014 жылдың 1 желтоқсанындағы есеп бойынша жалпы қылмыс саны 13,2% төмендеді, ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 36,8%, ал ауыр қылмыстар 42,0% төмендеді. Алайда, түсті металл ұрлау, алаяқтық, жеке көлікті ұрлау бойынша қылмыс саны артуда. 2013 жылы әкімшілік құқық бұзушылық саны 6962 болса, есептік кезеңде 7714 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Былтырғы жылы құқық бұзушылықты анықтау 10,8% жоғарылады.

Қала аумағында орын алған жол-көлік оқиғаларының саны 2013 жылғы деңгейде, яғни 30 жол-көлік апаты болды. Жол – көлік оқиғаларында қайтыс болғандар саны 2013 жылы 14 адам болса, 2014 жылы қаза болғандар саны — 9.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – елімізде басымдық беріліп отырған мәселелердің бірі. 2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Қарағанды облысындағы іс-шаралар жоспарына сәйкес қаланың мемлекеттік мекемелерінің жоспарлары әзірленіп бекітілген. Сәтбаев қаласы әкімі аппаратының веб-сайтында (www.satpaev.gov.kz) тұрғындардың сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы құқықтық ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл сұрақтары» атты бөлім ашылған. Жеке және заңды тұлғалардың хаттарымен өтініштері үшін қаланың мемлекеттік мекемелерінде «сенім телефондары», «пошталық жәшік» жұмыс істейді. Медиа-жоспарға сәйкес сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қарсы тұру тақырыбы бойынша аймақтық БАҚ-да 37 мақалалар жарияланып, 22 бейне сюжет көрсетілді. Тоқсан сайын қалалық мемлекеттік мекемелер «Шарайна» газетінде тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау кестесін және «ашық есік күндерін» өткізу туралы ақпарат жариялайды. Өткен жылы 14 «ашық есік күндері» өткізілді.

Тәртіпті күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау мақсатында мемлекеттік мекемелер үнемі «дөңгелек үстелдер», дәрістер мен семинарлар өткізіп тұрады. Жемқорлықпен тиімді күресу үшін азаматтардың құқықтық сауатын көтеру, бюрократия мен әуре-сарсаңға салуды жою, жемқорлықтың белгілерімен аянбай күресу қажет етеді.

Құрметті жерлестер!

Біздің алдымызда әлі де атқаратын жұмыстар аз емес. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жұмыстар одан әрі жүйелі түрде жалғасатын болады. Бұл басымдықтарға Елбасы белгілеген жаңа міндеттер мен жоспарларда да айрықша көңіл бөлінген. Осы жұмыстарды бірлесіп жүзеге асыру үшін барлығымыз күш — жігерлерімізді жұмсайтынымызға сенімім мол.

Комментарии закрыты.