«Айтыстың атасы» атанған Жүрсін Ерман 60 жаста

Жүрсін Молдашұлы Ерман 1951 жылы ақпанның 12 жұлдызында Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Қурайлы ауылында аңшының отбасында дүниеге келді.

1966-1968 жылдары – Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде әдеби қызметкер.

– Абай атындағы Қазақ педагогика институты мен С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін бітірген.

1971-1980 жылдары – Жезқазған облысының теледидарында аға редактор, бас редактор.

1982-1992 жылдары – Қазақ республикалық теледидарында бас редактор.

1992-1994 жылдары – «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі.

1994 жылы «Қазақстан қанаты» – «Крылья Казахстана» газетінде бас редактор.

1995-1997 жылдары – «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі.

2006-2009 жылдары – «Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары – Қазақ радиосының және Қазақ теледидарының бас директоры.

2009 жылдан бастап «Алматықұрылыс» Ұлттық холдинг компаниясы президентінің кеңесшісі, «Жарылғап батыр» қорының президенті.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Құрметті мүшесі (2003 ж.). Ұлытау ауданының Құрметті азаматы (2009 ж.). Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма мүшесі.

Қазақстан Республикасына  еңбек сіңірген қайраткер, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты, ақын, журналист Жүрсін Молдашұлы Ерман тап ертең алпыс жасқа толады.

Ж.Ерман қазақтың төл өнері – ақындар айтысын қалпына келтіру, жаңартып-жаңғырту, оны теледидар мен радиода насихаттау арқылы халқына кеңінен танымал болды. 1984 жылдан ақындар айтысын өткізіп, оған меценаттар тарту арқылы жан-жақты колдау көрсетіп, халық өнерін кеңінен насихаттап, ұлттық рухты биікке көтеруге үлес қосты.

Ұлытау мен Алатаудың арасын жырмен жалғаған Жүрсін Ерманды ешкімге таныстырып керегі де жоқ. Осы келген жасының жартысын айтысқа арнап, талай жүйрікті тәрбиелеп, талай ақынның бағын ашқан Жүрсін ағамыздың өзіне де, өлеңіне де сөзтанушылар мен әдебиет әлемінің танымал қаламгерлері бір сөйлеммен өз бағаларын беріп-ақ қойған. Белгілі сатирик Көпен Әмірбек «Жүрсін – ақындар университетінің ешқандай бұйрықсыз бекітілген ректоры» десе, ақын Серік Ақсұңқарұлы «Жүрсіннің 70 өлеңін 70 томға айырбастамас едім» деп бағалайды. Ал, ақынның мінезі жайлы жарынан артық кім білер:

–          Бір қараған кісіге Жүрсін дөрекі мінезді адам болып көрінуі мүмкін. Бірақ, үйде оған қарағанда менің мінезім қатқылдау. Ал, ол – жүрегі өте жұмсақ адам. Маңайындағы жұрттың жақсы бір қырын көрсе, соған риза болып, аузынан тастамай айтып жүреді. Балаларына өте мейірімді. Үш баламыздың үлкені Қызғалдақ – «Хабар» агенттігінде бағдарлама режиссері, ұлымыз Дархан – Ресейдің Алматыдағы «Вираж» деген автосалонының бөлім директоры, кенжеміз Ардақ – тіл маманы. Осы үш баламыздан 11 немере сүйіп отырмыз, – дейді сан белестен бірге асып келе жатқан ақынның сыңары Бақытжамал Ерманова.

«Алаш барда – айтыс өлмейді» деп ұран тастаған Жүрсін ағамыз «Аспект М» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер орталығының сарапшысы Б.Төлегенұлымен бір әңгімесінде:

–          Кейінгі алты жылда көрсетіліп келген айтыс соңғы екі жылда тоқтатылғаны рас, эфирден де алып тасталды. Қазір Қазақстанда белсенді түрде айтысып жүрген 50-60 шамалы айтыскер ақын бар. Олардың арасында осы күні ғылым кандидаттары мен докторлары да бар. Елдің басын біріктіріп, көкейіндегісін жеріне жеткізе, кесіп айта алатын айтыс сияқты публицистикалық жанрды Елбасының жауып тастауы мүмкін емес еді. Өйткені, Президенттің өзі кешегі Сүйінбай, Жамбылдың аулынан шыққан, солардың жырларын тыңдап, шапанын иіскеп өскен азамат. Кейінгі жолбикелер Елбасының атынан әр жерге айтқызып күрделі де кемеңгер өнерді тоқтаттырды, – деп айтыстың тағдыры жайлы қынжыла айтқан еді. Артынша мемлекеттің ұйымдастыруымен Астанада үш күнге созылған «Тәуелсіздік тағылымы» атты үлкен айтыс өтті. Халықтың айтыспен қайта қауышуына Елбасының тікелей ықпалы тисе, бұл жеңіске жетуде Ж.Ерманның да үлесі болды деп білеміз.

Осы мерейтойы қарсаңында журналист Сәкен Орынбасарұлының «алпыс жастың ауылынан аз-кем ақпар берсеңіз» деген сауалына Жүрсін ағамыз былай деп жауап берген екен:

–          Алпыс жас деген енді адамның өмір жасындағы бір белес қой. Алла ғұмыр беріп, алдағы ақпан айында алпысқа толайын деп отырмын. Бұл егделіктің, есейгендіктің белгісі. Тындырып тастаған аса көп шаруаларың болмаса да, бұған дейін қолымнан не келді, не істедім деп соның басын жинақтап өзіңе-өзің есеп беретін жас бұл. Мен соның шаруалары үшін осы соңғы бір жылда жазғандарымды жариялау ісімен айналыстым. Бүгінге дейін бес жаңа кітабым жарық көрді. Алдағы екі айдың көлемінде тағы екі кітабым шықпақшы. Мұның барлығы шедевр болмауы мүмкін. Бірақ, мен осы не тындырдым деген мақсатта аз тиражды болса да жаңа кітаптар шығарып өзімнің алпыс жылдығымды өзім осылай қарсы алып жатырмын.

Қазағым деп, тілім деп , ұлтымыздың төл өнерінің жырын жырлап, өркендеуіне бар күш- жігерін арнап келе жатқан ақын ағамызды біз де асқаралы алпысымен құттықтап,

өмірі ҚЫЗҒАЛДАҚ,

көңілі ДАРХАН болып,

еліне АРДАҚТЫ,

отбасында БАҚЫТТЫ,

халық өнерінің қамын ойлап, халқының алдында ЖҮРСІН деген тілегімізді айтамыз.

М.Жаппасбаева. 

Комментарии закрыты.