«Тілі бірдің – тілегі бір»

Осы тақырыпта қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастауымен орталық кітапханада дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның талаптарының қаламызда орындалу деңгейін анықтау, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыруды мақсат еткен отырыс өз мәнінде, кеңінен пікір алмасу түрінде өтті.

Талқыға салынған мәселелер қатарында өзге ұлтты мектеп оқушыларының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі, қаламыздағы бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің қолданылуы, «Қазақ тілі» қоғамының мемлекеттік тіл аясын кеңейтудегі рөлі, көрнекі ақпараттағы мемлекеттік тілдің үлесі, т.б. бүгінгі күннің өзекті мәселелері болды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар алдында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Г.П.Есмұрзаева «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2009-2010 жылдарға арналған қалалық бағдарламасының» Сәтбаев қаласы бойынша орындалуы жөнінде хабарлама жасады.

– 2001-2010 жылдары Тілдерді қолдану мен дамытудың 10 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде тіл құрылыс стратегиясының үш бағыты айқындалды. Олар: мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту және нығайту, орыс тілінің жалпы мәдени қызметін сақтау, Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту. Осы кезеңде мемлекет басшысының бастамасы бойынша «Тілдің үш тұғырлы» ұлттық мәдени жобасын жүзеге асыру басталды.

Нақты статистикаға тоқтар болсақ, қаладағы мемлекеттік тілді меңгерген ересектер үлесі 2009 жылы 75% -ды құраса, 2010 жылы 80-%-ға көтерілді. Ал, орыс тілін меңгерген ересектер үлесі 2009 жылы 80% болса, 2010 жылы 91% -ға жетті, ағылшын тілін меңгерген ересектер 2009 жылы – 0,1%, 2010 жылы – 0,2%. Мемлекеттік органдарда жалпы құжат айналымындағы мемлекеттік тілде іс жүргізу жұмысының үлестік көлемі 2009 жылы 6,5 % болса, 2010 жылдың аяғында 78% -ға жеткізілді.

Мониторинг қорытындысына сәйкес 2010 жылы жергілікті мемлекеттік органдардың кіріс-шығыс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлесі орта есеппен 76,62% құрады.

Тіл туралы Заңның орындалуын қадағалау және тексеру жұмыстары қала прокуратурасымен бірлесіп жүргізіледі. Тексеру қорытындылары бойынша анықтамалар дайындалып, мекеме басшыларына орын алған кемшіліктерді жою және болдырмау жөнінде ұсыныстар жолданады.

Тіл саясатын насихаттау, қолдану аясын кеңейту және мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғарылату мақсатында жүйелі түрде мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Бағдарламаның іске асырылуында, әрине, кемшіліктер де жоқ емес. Атап айтсақ, халықтың қоғамдық-саяси өміріне мемлекеттік тілдің әлі де болса баяу енгізілуі, тіл мәдениетінің төмендігі, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді оқыту курстарына қатысуға енжарлығы, шетел тілдерін меңгеру қарқынының баяулығы – деді өз баяндамасында Гүлсім Пазылқызы.

Г.Есмұрзаеваның хабарламасынан кейін білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Қ.Жарылғапова, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы М.Бекмағанбетова, «Шарайна» газетінің бас редакторы М.Жаппасбаева өздеріне қатысты мәселелер бойынша мәлімет берді.

Мемлекеттік тілді меңгермеген қызметкерлерге және тілді үйренуге ниет білдірген азаматтарға қазақ және басқа тілдерді оқыту үшін 2010 жылдың маусымында мәдениет бөлімінің басшылығымен ойын-сауық орталығының жанынан оқыту-әдістемелік кабинеті ашылған болатын.

Тыңдармандарына «Сарыарқа» оқу әдістемелік кешені бойынша дәріс беретін кабинеттің әдіскері Л.Ибраева өз жұмысы жайлы қысқаша баяндады.

– Қаламызда осы кабинетті ашу үшін жергілікті бюджеттен 3 млн.266 мың теңге бөлініп, оқытуға қажетті материалдық-техникалық жабдықтар алынды. Алғашқыда 4 топтан құрылған 100 тыңдаушы 6 айлық курс бағдарламасы бойынша оқып шықты. Оның ішінде өрт сөндіру мекемесінен, СЭС, кәсіптік-лицей, сумен, жылумен қамтамасыз ету кәсіпорны, медицина қызметкерлері бар. «Сарыарқа» бағдарламасы жеделдете үш деңгейде оқытылады. Бүгінгі мақсат тек ауызекі сөйлеуге ғана үйрету емес. Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу, құжат әзірлеу, мемлекеттік тілді кәсіби тілге айналдыру, салалық терминдерді бір жүйеге келтіру,-деді Ләззат Ибраева.
Көтерілген тақырыптар төңірегінде орталық кітапхана директоры Ж.Мизамбаева, «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі Г.Қасымханова өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты.

Барлық пікірлер мен ескертулерді қорыта келе дөңгелек үстелге қатысушылар «әкімдік жанынан тіл саясатын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, құрамы бекітілсін, мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметкерлердің нақты саны және тілді білу деңгейі анықталып, жүйелі түрде оқыту курстарына қатысуы қамтамасыз етілсін және көрнекі ақпарат пен жарнамалардың заң талаптарына сәйкестілігі бақылауға алынсын» деген ұсыныстар қабылдады.

Биылғы Жолдаудың басты бағыттарының бірі болып көрсетілген тіл мәселесі алдымызда ауқымды істердің тұрғанын көрсетеді. Мемлекеттік тілге жауапты қарағанда ғана Елбасы айтқан 80-95% пайыздарға жету нақты ақиқатқа айналмақ. Ал, мемлекеттік тілге жүрдім-бардым қарап, мойындамай жүргендердің ойланатын кезі жетті деп ойлаймыз.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.