Прокуратура. Қоғамдық Кеңестің құрамы толықты

Қала прокурорының бұйрығымен 2009 жылдың 16 қазанында құрылған Қоғамдық Кеңестің құрамының жаңа мүшелермен толығуына байланысты өткен жұмада  отырыс өтті. Оны қала прокуроры, Кеңестің төрағасы Берік Ахметов жүргізіп, жаңа құраммен таныстырды.

Консультативтік-кеңесші орган болып саналатын Кеңес мүшелерінің қатарында қалалық мәслихаттың хатшысы С.С.Имамбай, қаланың құрметті азаматтары М.А.Аханов, А.М.Тұрлыбеков, кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы В.В.Юстус бар. Төраға Кеңестің Ережесіне қысқаша шолу жасап, оның мақсаттары мен міндеттеріне тоқталды.

Кеңесті құрудағы негізгі мақсат – құқық қорғау жүйелеріне деген қарапайым жұртшылықтың сенімін арттыру, аймақтағы заң тәртіптерінің сақталуына, мемлекеттің құқықтық саясатын жүргізуге ықпал ету. Кеңес отырыстары жылына 2 рет, қажеттілік туындаған жағдайда кезектен тыс өткізіледі. Халықтың құқықтық сана-сезімін жоғарылатуда, прокуратура қызметін азаматтарға жеткізуде, түсіндіруде ақпарат құралдарының атқарар рөлі көп, — деді Берік Мұхамеджанұлы.

Отырыста қаланың көшелерінде, кейбір дүкендерде ет-сүт өнімдерінің еркін сатыла беретіні, олардың зертханалық тексерістен өткен-өтпегендігін қалай білуге болатыны жайлы, азық-түлік бағасының көп дүкендерде шамадан тыс көтеріліп кеткендігі жөнінде мәселелер көтерілді.

Қала прокуроры Б.М.Ахметов қандай да бір заң бұзушылық байқалған болса, Кеңестің мүшесі ретінде ұсыныспен шығып, бірлесе қарауға болатынын, сонымен қатар кәсіпкерлердің құқығын қорғауға байланысты жұмылдыру топтарының жұмыс істейтінін, оған осы Кеңес мүшелерінің де тартылатынын айтты.

Азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғауды қамтамасыз етуде өзара байланысты дамытуға қоғамдық кеңестің ықпал етері сөзсіз.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.