АЖАЛ МЕН АЗАП. Ауған соғысында жұптасып жүрді

1979 жылы 25 желтоқсанда КСРО Қарулы күштерінің шектеулі арнаулы армиясы Ауғанстан шекарасына енді. СОКП ОК-нің «Ауғанстандағы жағдай жөнінде» деген №176/125 Қаулысына қарағанда, бөгде елге әскер енгізгендегі мақсат — төңкерістің тегеуірінімен билік басына келген Аминді аластатып, оның орнына Бабрак Кемалды отырғызу көрінеді. Өкінішке орай, Кеңес әскері оппозицияның қарулы қарсылығын баса алмады. Керсінше, ол 1980 жылдың көктемінен одан әрі күш алып, соғыстың соңына дейін созылды.Тоғыз жылға созылған мағынасыз майданның нәтижесі қайғылы қасіретпен аяқталды. Ауған соғысында ажал мен азап жұптасып жүрді.

Он бес мыңға жуық жауынгер-интернационалист Ауғанстанның даласы мен тау шатқалдарында жер жастанды.

Қазақстаннан барған 22 000 жауынгердің 761-і оққа ұшты, 21 адам хабарсыз кетті.

Кезінде әскери қызметін Ауғанстан жерінде өтеген азаматтар Кеңес әскері бөгде елдің шекарасына кірген күнді атап өтпейді. Бұл — олар үшін жазылмаған заң. Себебі, ол салтанатты сәт емес еді. Оның үстіне солақай содыр саясаттың шоқпарына айналған сол соғыс туралы қоғамдағы көзқарас та әртүрлі. Алайда, онда шектеулі контингенттің құрамында болған офицерлер мен жауынгерлердің жазығы жоқ екендігі айдай ақиқат. Олар бар-жоғы берілген бұйрықты бұлжытпай орындап, антқа адалдығын айғақтады. Сондықтан, барлығы да — бақилық болғандары да, қазір жер басып жүргендері де құрметке әбден лайық. Себебі, алғашқылары адам үшін ең қымбат өмірлерін қиды, кейінгілері ғұмырының жалындаған жылдарын жат жердің жартастарының арасында жоғалтты.

Ал, Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күнін олар айырықша атап өтеді. Біз осындай оқиға қарсаңында «мағынасыз майданда» болғандардың мұң-мұқтажымен айналысатын, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге өзіндік үлес қосып жүрген қоғамдық ұйым — «Қазақмыс» компаниясы қасындағы Ауғанстан соғысы ардагерлері одағының төрағасы Бағдат Дүйсеновпен кездесіп, қоғамдық ұйымның тыныс-тіршілігін тілге тиек еткен едік.

— Қысқаша қоғамдық ұйымға қатысты…

— Майдандастарға қол ұшын беретін бір қоғамдық ұйымның қажет екендігі көптен толғандырып жүргенімен, ол ойды 1992 жылы жазда жүзеге асырудың сәті түсті. «Жезқазғантүстімет» ғылыми-өндірістік бірлестігінің қасынан Ауғанстан соғысы ардагерлерінің одағын ұйымдастырдық. Ол кезде жөндеу-құрылыс басқармасында жұмыс істеп жүргенмін, содан одаққа ауыстым. Сосын төрағасы болдым. Ғылыми-өндірістік бірлестік акционерлік қоғам, кейін корпорация болып қайта құрылғанда біздің де мәртебеміз өзгеріске түсті. Өзгермегені — алдына қойған мақсаты ғана.

Өзіміз «тоқырау кезеңі» деп айтып жүрген тоқсаныншы жылдардың, әсіресе, алғашқы жартысының қаншалықты ауыр болғанын көзімен көргендер әлі ұмыта қоймаған шығар?! Жетпіс жыл «жарылқаған» Одақтың ыдырауы, қалыптасқан қарым-қатынас жүйесінің күйреуі, тегеуіріні төзімді таразылаған нарық — осының бәрі төбемізден төнгенде жаңа өмірде жалғыз қалғандай сезінгенбіз. Айтары жоқ, сондай қиын болды, өмірдегі өзгеріске елдің бәрі бірдей жедел икемделе алмады. «Жалғыз жауынгер — жасақ емес» деген қағиданың мән-мағынасы жаңа қырынан ашылғандай еді. Сондай сындарлы сәтте басымызды біріктірген біздің одақ қолдау көрсетті, кейбір мәселелерді шешуге септігін тигізді.

— Сіздер Ауғанстан соғысы ардагерлерінің қандай мәселелерін шешесіздер?

— Біз Ауғанстан соғысына қатысқан ардагерлер мен мүгедектердің әлеуметтік және экономикалық құқықтарын қоғаймыз, қолдан келіп жатса соғыста қаза тапқандар мен хабарсыз кеткендердің отбасыларына моральдық және материалдық жәрдем жасаймыз. Біз үшін адамның корпорация құрылымында жұмыс істейтін, істемейтіні маңызды емес.

Біздің қызметіміздің бір бағыты — ардагерлердің корпорация кәсіпорындарына жұмысқа орналасуына көмектесу болды. Кәсіпорын басшысына жазбаша өтініш жасаймыз, әдетте онымыз аяқсыз қалмайды. Ең бастысы, жұмыс істеуге деген құлшыныс, ниет болсын. Бүгінде жүзден астам ардагер корпорация кәсіпорындарында жемісті жұмыс істеп жүр. Біздің ардагерлер — жауапкершілікті жете сезінетін, тапсырмаға тиянақты қарайтын адамдар. Басқаша болуы мүмкін де емес, соғыстың сынынан өткендер өмір бойы жауынгер болып қалады.

Тағы бір бағытымыз — соғыс ардагерлеріне арналған реабилитация орталықтарына жолдама бөлу. Қазақстанда ондай орталықтар Астана мен Алматыда бар. Жыл сайын оларда біздің аймақтан бірнеше адам тегін емдеу курстарынан өтеді. Қажет болып жатса қаржылай да береміз. Жылда Ауғанстандағы соғыстың аяқталған күнін атап өтеміз, ондай тақырыптық кештерге ардагерлерді тегіс шақыруға тырысамыз. Жалпы ешкімнің есерусіз қалмауына күш саламыз. Адамдарға бұл ауадай қажет.

— Материалдық көмек көрсетуге және басқа акцияларды өткізуге қаражатты қайдан аласыздар?

— Ішінара өзіміз табамыз: мүшелік жарналар жинаймыз, корпорациямен қарым-қатынасымыз бар, фирма ұйымдастырғанбыз, жүктерді жеткізіп берумен айналысамыз, кейде делдалдық жасап қоямыз. Алайда, осыларымыздан ағылып келіп жатқан ақша шамалы, егер күніміз тек соған қарап тұрса, түк тындырмаған болар едік. Бұл жерде бізге түсіністікпен қарайтын «Қазақмыс» компаниясының басшылығына айтар алғысымыз мол. Ардагерлерімізді жұмысқа орналастырып, бірнешеуін жайлы пәтермен қамтамасыз еткенінің, денсаулығын қадағалайтын арнайы дәрігер бөлгенінің өзі неге тұрады?! Оның үстіне әртүрлі мерекелік  шаралар мен тақырыптық кештерді өткізуге барлық мүмкіндікті жасап отырады. Ғарышкерлер саябағының бойындағы ескерткіш-белгіні орнатуға жасаған жәрдемін біз ешқашанда ұмытпаймыз.

— Иә, сол ескерткіш белгінің «жыры» аз болмады-ау…

— Ауғанстан жерінде қаза тапқан жезқазғандық 32 жауынгер-интернационалистке биіктігі он бір метрлік ескерткіш белгі орнату мәселесі 2001 жылы шешіліп, тиісті жер телімі бөлінгенімен, қаржының қаттығынан жұмыс іргетасын қалаудан әріге жылжымай қойды. Облыстық және республикалық одақтарға жасаған өтінішіміз айналып келіп қалаға тірелгенімен, жергілікті бюджеттен қажетті қаржы табылмады. Бізді тағы да «Қазақмыс» құтқарды. Мақсатымыздың ойдағыдай орындалғанына «тәуба!» дейміз. Егер ашығын айтсақ, «Қазақмыс» біздің мұң-мұқтажымызды мойнына алуға міндетті емес, ол — мемлекеттің шаруасы. Соған қарамастан, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қандай болуы керектігін ісімен көрсетіп отыр.

— Кеңес әскерінің Ауғанстан шекарасына кірген күнді атап өтпейтіндеріңізден хабарымыз бар. Ал, шыққан күнінің орны бөлек. Әсіресе, 20 жылдығын барлық сән-салтанатымен атап өттіңіздер…

— Алматыда «Біз, ардагерлер бейбітшілік пен тұрақтылық үшін» деген халықаралық конференция өткізіліп, оған бұрынғы одақтас республикалардың бәрінен ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысты, оған Жезқазғаннан бес адам барып қайттық. Мәскеуде өткен осындай шараға да жезқазғандықтардың өкілдері қатысты.

Қазақстан бойынша автошеру өткізілді. Оған қатысушылар Қазақстанның елді мекендері арқылы төрт жарым мың шақырым жолды артқа тастағаннан кейін біздің аймақты да басып өтіп, жастар арасында патриотизмді насихаттауға және ардагерлерге әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған көптеген есте қаларлық шаралар ұйымдастырылды.

Ол оқиғаға біз де мұқият дайындалдық. Жергілікті және республикалық органдардың, жеке демеушілердің көмегімен есте қаларлықтай акциялар өткіздік. Мәселен, Жезқазғанда бокстан дәстүрлі турнир, еркін және грек-рим күресінен, шаңғыдан, хоккей мен стол теннисінен жарыстар өткізілді, ардагерлердің жеке альбомынан алынған соғыс жылдарындағы суреттерден көрме ұйымдастырылды, басқа да шараларға көпшілік куә болды.

Айтпақшы, халықаралық деңгейде «Награда иесін тапты» деген акция өткізіліп, кезінде кейбір белгісіз себептермен иесіне тапсырылмаған орден-медальдар Ресейдің еліміздегі елшілігі арқылы ардагерлерімізге табыс етілді. Қазақстан бойынша ондай адам 168 болса, төртеуі — біздің аймақтан.

— Менің есіме бір оқиға түсіп отыр. «Он бес жылдыққа» орай болса керек, Ауған соғысына қатысқан ардагерлердің барлығына мерекелік медаль берілетін болып, соның ақыры «өкпе-ренішке ұласыпты» деп естіген едік…

— Мәселенің мәнісі мынада. Ресейлік мерзімдік басылымдардан сондай хабарды естіп қуанғанымыз рас. Сөйтсек, оны алу үшін әрқайсысымыз он доллардан (бұл — өзіндік құны) төлеуіміз керек екен. Бастапқыда одан бас тартқымыз келді. Ардагерлердің арасынан: «Мерекелік медальді сатып алған деген не сұмдық?! Олай болса бірден Кеңес Одағының Батыры жұлдызын неге алмаймыз?» дегендер де шықты. Сосын сабамызға түсіп, мерекелік медальді алудың мүмкіндігін қарастырдық. Алдымен Жезқазған қалалық әкімдігіне жасаған өтінішіміз аяқсыз қалды: жергілікті бюджеттте оған қаржы  қарастырылмағандығын алға тартты. Таныс тауып, Ауғанстан жерінде қаза тапқан жезқазғандық жауынгер-интернационалистерге ескерткіш-белгі орнату кезінде көмек сұрағанда да солай деген. Атқарушы органнан меселіміз қайтқасын, «Қазақмыс» корпорациясының сол кездегі басшысы Руслан Борисович Юнге бардық. Ол өтінішімізді қанағаттандырды, сөйтіп, 210 мерекелік медаль дайындауға тапсырыс бердік.

Мерекелік медальді алдық, ескерткіш-белгіні орнаттық, бірақ бізді: «Ауған соғысының ардагерлері қайтыс болған қарулас жолдастарына ескерткішті неге өздері орнатады, мерекелік медальді алуға қаржыны неге өздері іздеуі керек?» деген сауалдар мазалайды. Мұнымен өкілетті мемлекеттік органдар, атап айтқанда, атқарушы билік айналысуы керек емес пе? Мұндай немқұрайлы көзқарас жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге көлеңкесін түсіретінін билік басындағылар ойлай ма екен?

— Биыл қыста біздің аймаққа «Қарамайор» келіп қайтты…

— Арнаулы мақсаттағы 177-ші мұсылман батольонының аты аңызға айналған командирі отставкадағы полковник Борис Керімбаев Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған шараларға қатысу үшін «Қазақмыс» компаниясы басшылығының арнайы шақыруымен келді. Тағы да жергілікке билікке байланысты көңілге кірбің түсірген бір жайды айта кетсем деймін.

«Қарамайор» құрмет-қошаметтен кенде болып жүрген адам емес. Бізге келгенде де тиісті сый-сияпат жасалды. Елді-жерді көрді, Сәтбаев қаласы әкімінің қабылдауында болды. Борис Керімбаев күнде қолға түсе беретін де адам емес. Неге екенін қайдам, осы жолы Жезқазған қаласының басшылығы оған онша көңіл аудармады. Оған еріп жүргендердің біреуі «Жезқазғанда әкім жоқ па?» дегенде, жерге кіріп кете жаздадық…

— Ауғанстан соғысы ардагерлерінің басқа одақтарымен байланыстарыңыз бар ма?

— Әрине, бар. Алдыңғы жылы Астанада өткен Орталық Азия, Балтика, Ресей және АҚШ елдеріндегі жауынгер-интерналист ардагерлері ұйымдарының халықаралық форумына қатыстым. Онда Ауғанстан соғысы ардагерлерінің мәселесін шешу үшін Орталық Азия елдері мен Қазақстандағы тиісті одақтардың күшін біріктіру мәселесі де арнайы әңгімеге тақырып болды. Мен үшін тағы бір есте қалған нәрсе — ТМД елдері басшылары Кеңесінің қасындағы жауынгер-интерналистер ісі жөніндегі комитеттің төрағасы, Кеңес Одағының Батыры генерал-лейтенант Руслан Аушевке «Қазақмыстың» естелік сыйлығы — таза табиғи мысты табыс еттім.

— «Соғыс ардагері туралы» жаңа Заң керек деген мәселені жиі көтересіздер. Соның қаншалықты қажеті бар?

— Біздің көздегеніміз — әртүрлі соғысқа қатысқан ардагерлер арасындағы айырмашылықты жою. Мәселе, оларға қарастырылған жеңілдікке келіп тіреледі. Әрине, әкелеріміз бен аталарымыздың Ұлы Отан соғысының отты жылдарында жасаған ерлігін ешкім жоққа шығармайды, оларға құрметпен қарап, басымызды иіп тағзым етеміз. Дегенмен, оқтың астында өмірін тәуекелге байлағандардың арасында алалау болмауға тиіс. Ауғанстан соғысына қатысқандар да берілген бұйрықты бұлжытпай орындады, адал қызмет етті. Ендеше, олар неге басқаларға қарастырылған жеңілдікті пайдаланбауға тиіс? Бұдан былай сондай соғыстың болмайтынына кімнің көзі жетіп отыр?

— Ондайдың бетін аулақ қылсын, бейбіт күндерде басымыз қосылсын. Әңгімеңізге рахмет!

Сәбиғат СҰЛТАН

Комментарии закрыты.