«Мемлекеттік Тіл Туралы» Арнайы Заң Қажет»

«ШЫНДЫҚ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысушылардың ортақ пікірі осындай

Өткен бейсенбіде Б.Бұлқышев атындағы орталық кітапханада  «Елбасы Жолдауы және мемлекеттік тілдің бүгіні мен келешегі» атты дөңгелек үстел басындағы пікіралмасу болып, оған аталмыш бірлестік мүшелері, қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілдері және кітапхана қызметкерлері қатысты.Ортаға жоғарыдағыдай тақырыптың таңдап алынуы да тектен тек емес еді. Өйткені, ел Президенті Н.Назарбаевтың жуырдағы Жолдауында мемлекеттік тілдің келешегіне қатысты да тың ойлар айтылған болатын. Айталық, Елбасы «Біздің міндетіміз 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға жеткізу. Ал, 2020 жылға қарай олар кемінде  95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» деп атап көрсеткені белгілі.

Жолдау болашаққа бағдар, бағыт берумен бірге қоғамдық санаға да сілкініс тудырып, халықты ортақ іске жұмылдыру мақсатын да көздейді. Сондықтан да, қаладағы негізінен шығармашылық қауымның басын біріктіруді, ұлтымызға тән мәселелердің күрмеулі тұстарын бірігіп іздестіруді мақсат тұтқан «ШЫНДЫҚ» қоғамдық бірлестігінің Елбасы Жолдауының тілге қатысты тұсын негізге ала отырып, келелі әңгіме қозғауға ұмтылуы айтпаса да түсінікті еді.

Дөңгелек үстелді бірлестік төрағасы, «Мысты өңір» газеті бас редакторының орынбасары Абдолла Дастанов ашып, жүргізіп отырды. Ол жиналғандарды мемлекеттік тіл төңірегіндегі ойларын ортаға салуға шақырысымен, әңгіме қызып сала берді.

Өмірбек САРТОВ, кен өндірісінің ардагері, зейнеткер: — Біздер кешегі күндері  «Орысша білмесең нан тауып жей алмайсың» деген заманды басымыздан өткерген ұрпақпыз. Ол уақыт өтті, Тәуелсіздікке қолымыз жетті. Мемлекеттік тілді төрге шығаруды  ең алдымен қазақтардың өздері төл міндетіне санайтын болса, көптеген ілгерілеушілік болар еді. Сайып келгенде, бұл ұлттық намыс мәселесі.

Сәлімжан СЕЙІЛОВ,

«С Мұнай» ЖШС- нің президенті: – Бәрі де ортаға байланысты. Біздің қатарларымыз қос тілді қатар меңгеріп өсті. Мектепті қазақша бітірдік, бірақ, оқу, жұмыс, т.б. орысша болғандықтан сол тілді тез меңгеріп алдық. Сондықтан, қазақ тілінің қажеттілігі артқан сайын оны үйренуге деген құлшыныс та арта түседі. Қазірдің өзінде мұның кейбір белгілері байқалып та қалып жүр. Бірақ, бәрін үйден бастау керек. Үлкендер жол көрсете білгендері жөн. Басқалар қазақша үйренуге ұмтылып жатқанда немерелерімен орысша тілдесіп жататындар да кездеспей қалмайды.

Жаңыл МИЗАМБАЕВА, Б.Бұлқышев атындағы кітапхананың  директоры: – Бәріміз де жүрген ортамызда қазақ тілінің насихатшыларына айнала білсек, әлі де тамырын таба алмай жүрген бауырларымызға түзу жол сілтеп, олардың анамыз, атамыз сөйлеген тілмен табысуларына дәнекер болсақ… Мысалы, мен өз басым төрт жас отбасына балаларын қазақ балабақшасына, мектебіне беруге түрткі болдым. Олар әуелгіде  «Өзіміз қазақша нашар білеміз ғой, балаларды қайтып оқытамыз?» деп қашқақтағанымен, кейін кездесе қалса, «сіздің арқаңызда енді өзіміз де қазақша үйреніп алдық» деп күліп жатады.

Абдолла ДАСТАНОВ:

– Әп, бәрекелді. Бірақ, өкінішке орай, бәріміз бірдей Жаңыл емеспіз ғой. Басшымыздың қазақша білмейтінін білсек, оған әлдебір арыз, шағым, өтініш жазуға тура келсе, дереу орысшалата жөнелеміз. Бәлкім, мемлекеттік тілдің аяғына осындай жалтақтықтар да тұсау салып жатқан шығар?

Гүлсара ЖИЕНӘЛИЕВА, Ш.Ділдебаев мұражайының директоры: – Меніңше, қазір ешқандай басшы қазақша білетін білмейтіндігіне және қай ұлттан екендігіне қарамастан қазақ тіліндегі өтініштерді « мынаның орысшасы қайда ?» деп кері лақтырып тастамайды. Шынында да, өзіміз күнілгері «орысшасы болмаса қабылдай қоймас» деп ойлап тұратын шығармыз. Өз басым  директорымыз Нина Андреевна Геймбухқа өтініш жазуға тура келсе, тек қазақ тілінде апарамын. Әрине, мағынасын орыс тілінде түсіндіріп беремін. Нина Андреевна «түсіндім» дейді де бұрыштамасын соғып береді. Бұл өзара сенімділікті де нығайтады әрі мемлекеттік тілге деген құрметті де байқатады.

Мұса ТІЛЕУОВ, Оңтүстік Жезқазған кеніші жұмыс уақытын қадағалау бөлімінің бастығы: – Көп нәрсе бірінші басшыға байланысты. Айталық, кезінде Әмірбек Шегірбаев, Руслан Юн, Александр Юн директор болған кездері кеніштегі қазақ тіліне жақсы көңіл бөлінді. Арнайы кабинеттер ашылды, тіл үйренушілер курсы тұрақты түрде жұмыс істеп тұрды. Кейін бәрі біртіндеп ұмыт болды. Сондықтан, қазақ тілінің өркендеп, дамуы жекелеген азаматтардың белсенділігіне ғана қатысты болмау керек, бұл қалыптасқан жүйеге енуі тиіс. Бұл үшін «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қажет сияқты. Егер сондай заң қабылданатын болса, көп түйін өз өзінен тарқауы мүмкін. Жуырдағы Жолдауда Елбасының нақты жылдарды атап көрсетіп беруі тіл төңірегіндегі мәселенің әбден пісіп жетілгенін аңғартады. Бұл қоғамға да, мемлекеттік орындарға да қарата қағылған қоңырау тәрізді.

Мағзұм ОМАРОВ, отбасылық дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері: – Тіл туралы көп сөздің нүктесін қоятын Заң ғана. Мұсекең айтқандай, арнайы мемлекеттік тіл туралы заң қабылданатын болса, бірталай мәселелер күн тәртібінен түсе бастайды. Көп нәрсе өзіміздің азаматтық позициямызға да байланысты. Елбасымыз айтқан енді он жылдан соң мектеп бітіруші балалардың түгелдей мемлекеттік тілді меңгеруіне қол жеткізу үшін қазірден бастап соның қамына кірісу керек. Мектеп бітірушілер ҰБТ тапсырғанда қазақ тілінен алған балл есептелетін болса. Сонда баланың қазақ тіліне деген талабы артар еді.

Аман БҰҚАР, С.Сейфуллин атындағы гимназияның мұғалімі: –  Балабақшаларда тіл үйрету оңай, соған жеткілікті көңіл бөлінсе. Қазақша білуге деген құштарлық бар, кейбір өзге ұлт балалары қосымша сабақ алады. «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң қабылдау керек деген ойды қостаймын. Неге? Өйткені, тек қана мемлекеттік тіл туралы жазылғандықтан, онда көп мәселелер қамтылар еді. «ҰБТ кезінде қазақ тілінен алған балл есептелу керек» дегенге де толық қосыламын.

Ғалил ЖӘНІБЕКОВ, жылу-электр жүйелері кәсіпорнының жонушысы: — Өндірістік қала болғандықтан ба екен, біздегі қазақ тілінің хәлі қиын. Мемлекеттік тіл өндіріс, бизнес тіліне айналмай отыр. Осындайда арнайы Заң қажеттігі байқалады. Балабақшалар жетімсіз.

Мәуия БЕКМАҒАМБЕТОВА, қалалық Оқушылар Сарайының директоры, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы: — Мемлекеттік тілге мемлекеттік көзқарас өз деңгейінде болмай тұр. Осы жағы дұрысталса. Сонда әлгінде Мағзұм айтқандай, «қазақша түсінбейміз» деген әңгіме айтылмас еді. Жарнамалардың тілін дұрыстай алмай жүргеніміз де ұят. Рейд жасаймыз, газетке жариялаймыз. Сонымен шаруа бітеді. Енді Елбасымыз нақты мерзімді айтып отыр. Аман Бұқар айтқандай, қазіргідей аяңмен көздеген үдеден көріне алмауымыз да мүмкін. Сондықтан Заң жаңарса артық болмайды.

Майра ЖАППАСБАЕВА, «Шарайна» газетінің редакторы: — Талап күшейсе. Солқылдақтық қойылса. Айталық, мемлекеттік қызметкерге қазіргідей «мемлекеттік тілді білуі қажет етіледі» демей, «міндетті» деп нақтыласақ. Сонымен бірге, қазақ тілі — бай тіл. Ендеше, тіл мәдениетіне де көңіл бөлгеніміз дұрыс. Әдемі сөйлеу арқылы да өзгелердің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыруға болады ғой. Көп нәрсе өзімізге байланысты екені рас.

Ботакөз БУШМАНОВА, қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы: — Мен қазақшаны әкімдікке жұмысқа тұрған соң үйрендім. Ағалардың «тіл үйрену ортаға байланысты» дегендері рас. Қазір жұрттың көбін теледидар тәрбиелеп жатыр. Олардың бәрі орыс тілінде. Қазақша бағдарламалар бар, бірақ, көңілден шыға бермейді.  Қазір сандық телевизия енгізіле бастады, яғни, отандық арналарды көру мүмкіндігі молайды. Енді сол арналардың тартымдылығын арттыру талабы қатайса деймін.

Абдолла ДАСТАНОВ: — Көптеген ойлар ортаға түсті. Тілге қатысты проблемаларды шешудің нақты тетіктері қолымызда болмағанмен, қоғамдық пікір тудыра білсек, бұл да мемлекеттік тілді дамытуға қосқан біздің азғантай үлесіміз болар еді. Осында айтылған ойларға ертең оқырмандар үн қосып жатар болса, тіпті, ғанибет емес пе?

А.Нұртауұлы.

Комментарии закрыты.