15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған күні: Жауынгерлерге құрмет

Жыл сайын 15 ақпан күні Ауған шекарасында жүріп қыршыннан қиылған боздақтар мен көзі тірі интернационалист-жауынгерлерге құрмет көрсету дәстүрге айналды. Сол қанды қырғынның ортасынан оралған Кеңес әскерлерінің жауынгерлеріне деген құрмет арта түспесе, кеміген жоқ.

Осы айтаулы күнге орай қалалық орталық кітапханада отты жылдардың куәгерлері Қайрат Әміралиев және Мереке Құсайыновпен кездесу өтті.

Кездесуге кітапхананың оқырман жастары келіп қатысты.Қос сарбазға сөз тізгінін берместен бұрын, сәтбаевтық көзі тірі және Отан алдындағы борыштарын өтеп жүріп, өмірден өтіп кеткен жауынгерлер жайында бейнекөрініс ұсынылды.

Жауынгерлер өткен соғыс жылдары өздері куә болған, қатысқан қанды ұрыстар жайлы әңгімелеп берді.

1989 жылы 15 ақпанда Кеңес әскері Ауған жерінен шығарыла бастағанда бастау алған үрдістің бірі – көзі тірі жауынгерлер бір-бірімен қауышып, жат жерде борышын өтеп жүріп жер құшқан достарын үнсіздікпен еске алу дәстүрге айналды. Бұл кездесуге қатысушылар да қасіретті соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Кездесу соңында кітапхана қызметкерлері жауынгерлерге алтын уақыттарын бөліп келгендеріне, жас ұрпақпен патриоттық тұрғыдағы тәлімді әңгімелерімен бөліскендері үшін алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыс етті.

– Бұл соғыста біздің кінәміз болған жоқ. Біз бұйрықты орындадық. Енді мұндай қырғынды ешкім, ешқашан көрмей, егеменді еліміздің көк Туының астында татулықта ғұмыр кеше берейік,-деген тілектерін жеткізді қос мейман.

Бағдат Қазкенов

Комментарии закрыты.