Бәрекелді: Қазақша КТК-да орыстың балалары

Ақпанның басында Қарағанды қаласында оқушылар арасында облыстық  қазақша КТК фестивалі өтті. Оған біздің қаламыздан «Мерей» балалар үйінің «Мерей» командасы қатысып, Сәтбаевтың мәртебесін тасытып қайтты.– «Чемпиондардың чемпионы» атағына лайық деп танылып, 1-ші орынды жеңіп алғанда, әрине, қуанышымызда шек болған жоқ. Өз басым тап осылай болар деп күткен жоқпын. Ал, балалар «біз жеңеміз» дегеннен тайған жоқ.. Командадағы 9 тәрбиеленушінің бәрі де қазақ тілін таза меңгергендер. Сол да бір жағынан қазылардың көңілінен шықса керек, таң қалып отырғандары көрініп тұрды,- дейді мерейліктерді бастап алып барған тәрбиеші Динара Шумаева.

Іріктеу турынан өткен 13 команданың ішіндегі жасы біздің «Мерей» екен.Мектеп лигасының ең кішкентай мүшесі Николай Бралин небары 6-ақ жаста. Оған  көрермендер түрегеп тұрып қол соғып, сахнадан жібермей қойыпты.

Балалардың бағын ашып, қаламыздың атағын шығаруда қаржыдан көмек берген жомарт азаматтар – «Сәт-Сәулет» АҚ директоры Қазбек Ашықбаевқа, жеке кәсіпкер Отелло Ахметовке, «Навигатор» кафесінің иесі Фикрат Ахметовке, мерейліктердің айтар алғысы шексіз.

Сондай-ақ , балаларды ойынға жан- жақты дайындаған «СТА» телеарнасының операторы Нұрперзент Секимовқа да рахметін айтады.

Қазір «Мерей» КТК командасы ақпанның 21 күні Астанада өтетін «Маусымашарға» барамыз деп құлшынып отыр.

Біздің команданың бұл сайыстан да жүлдемен келетініне сенеміз!

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.