Мәңгі өлмес ғұмыр

Әр кезеңнің өзінің тума таланты болады. «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас,алайда өлеңді ешкім» — деп жырлаған Мұқағали өз есімін жиырмасыншы ғасыр әдебиетінде өлмес өлеңімен жазып қалдырды.

Ол – туған халқының өзіне деген өлшеусіз махаббатымен мейірленген перзенті, тумасынан бөлек дарынмен дараланған ақиық ақын.

Қазіргі таңда оқырман қауым арасындағы ең танымал ақынымыздың бірі де осы Мұқағали. Өйткені, Мұқағали шығармашылығы – бүгінгі поэзиядағы күрделі құбылыстардың бірі. Соны күрделі туындыларымен құбылыстарды қазақ әдебиетіне ала келген Мұқағалидың биыл 80 жылдығы.

Қала мектептері ақынның 80 жылдығына арнап поэзиялық кештер мен жыр мүшайраларын өткізіп жатыр.Өткен сәрсенбі, ақынның туған күні – тоғызыншы ақпанда №16 орта мектепте «Мәңгілік өлмес ғұмыр» атты балауыз шам аясында поэзиялық кеш өтті. Кешті география пәнінің мұғалімі Роза Бекетаева 10 А сыныбы мен 7 В сынып оқушыларымен ұйымдастырып, өткізді.

Ақиық ақынның өмір жолынан сыр шертетін слайд көрсетілгеннен кейін, ақынның өлең жолдарын оқушылар тебірене оқығанда жиналғандардың жансарайы кеңіп сала берді.

Көптеген сазгерлер Мұқағали ақынның өлеңдеріне ән жазды, жазыла береді де. Осы кеште Лена Әбдіхалықованың  «Есіңе мені алғайсың» әнін Р.Асқап, Алтынбек Қоразбаевтың әні «Сағындымды» А.Қанат орындаса, мектептің ән пәнінің мұғалімі А.Күлшекенова мен Р.Асқап Шәмші Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым» әндерін шырқады.

Кешке қатысқан ұстаздар да жас буынға өнеге көрсетіп, ақынның өлеңдерін оқыды.

Жетімдік пен жоқшылықтың дәмін татып өскен, Кеңестік кезеңнің солақай саясатына қарамастан жалынды жырлардың иесі атанған ақынның есімін дәріптей түсуге сеп болатын мұндай іс-шараны ұйымдастырған Р.Бекетаева мен  оқушыларға мектеп әкімшілігінің атынан мектеп басшысы Қайрат Смайлов  алғысын білдірді.

Мұқағали поэзиясы құдды бір көктен құйылған, ешбір кірсіз, мінсіз аппақ нұр іспетті. Сол себепті де, Мұқағали Мақатаевтың халыққа танылу эволюциясы ол көз жұмғаннан кейін де бір сәтке тоқтаған жоқ. Соның нәтижесінде көл-көсір құрметке ие болып келеді.

Бағдат Қазкенов

Комментарии закрыты.