«Жырлаған жүрек»

Бүгінгі  таңда  Мұқағалидың  поэзиясы  адамның  жансарайын жаңғыртып, ой-санасын  сәулелендіріп, болмыс-бітімін жаңаша жасандыра, жарқырата түсетін нақты  рухани  күшке  айналып отыр. Поэзия пырағын ауыздықтаған айтулы  ақын  жырлары  өзінің терең  философиялық толғамдарымен, шынайылығымен оқырман  жүрегін  жаулап алды. Құдіретті ақынға көзі тірісінде көрсетілмеген  құрметтің  орынын толтырудың бір жолы – ол ақынның  қисапсыз рухани  қазынасын  ұрпақтан – ұрпаққа   жеткізу.Қысқа ғана ғұмырында ұрпаққа  ұлан-ғайыр мұра қалдырып кеткен, халқының  қара өлеңін  құдіретке  айналдырған қазақ  әдебиетінің  мұзбалағы  атанған ақиық ақынның туғанына 80 жыл толуына орай Балалар мен  жасөспірімдер  кітапханасында  «Жырлайды  жүрек» атты  поэзия  сағаты  болып  өтті. Алдымен  келушілер  назарына  кітап  көрмесі  ұсынылды. Оған  ақынның  әр  жылдары  жарық  көрген  туындылары  мен  шығармашылық  қызметі  турасында  баспасөз  беттеріне  жарияланған   естеліктер  мен  танымдық  тағылымы   мол  мақалалар   қамтылған. Кеш  барысында  ақынның  жыр  шумақтары   нақышына   келтіріле    оқылды. Мұқағалиды  өздерінің  рухани  ұстаздары  санайтын №1 мектептің  6 сынып  оқушылары Б.Дастанов, М.Рахымбеков, И.Боранбаев, Т.Сапарова, А.Тұңғышбеков,  Ж.Болатов жырдан  шашу  шашып,    Б.Түгелбеков ақынның  «Сарыжайлау», «Үш  бақытым» өлеңдерін  мәнеріне  келтіре  айтты.  Әр жырын  жұтынып  оқитын   жыр  сүйер   қауым бір сәтке поэзия  көгінде   қалықтап, жыр  толқынында  тербелді.

Ә.Шегебаева, балалар мен  жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы.

Комментарии закрыты.