Өмірден өлеңге айналған

«Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. Естеріңізде болсын, менің өлеңім жеке тұрғанда түк те емес. Біріктіріп қарағанда ол поэма іспетті. Басы мен аяғы бар. Ол кейде күлімдеген, кейде түңілген жанымның құдды дауысындай…» Мұқағали  Мақатаев.

Қазақстанның жер-жерінде Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай өнер, сөз жарыстары, кештер өткізіледі. Сондай бір үлкен қалалық іс-шара  №16 орта мектеп қабырғасында «Поэзия! Менімен егіз бе едің?» деген  атпен өтті. Бұл мәнерлеп оқу жарысы 7-8 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылды. Сайысты қалалық білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Қ.Жарылғапова, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы Ш.Әубәкір, ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қ.Бегімова және №5 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі І.Әбдікәрімов құрамындағы  қазылар алқасы бағалады.Жыр кешінің негізгі мақсаты – М.Мақатаевтың өшпес көркем мұрасын мектеп оқушылары арасында насихаттау, ақынды еске алу, оқушыларға ұлттық, адамгершілік тәрбие беру, оқушылардың мәнерлеп оқу шеберлігін шыңдау, шығармашылық қабілетін дамыту болды.

«Осы мен, осылай мәңгілік тұрармын,

Осы мен, сірә да, өлмейтін шығармын.

Осы, мен, өлмейтін, өлмейтін шығармын,

Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын»,

деп жырлаған ақын Мұқағали 1976 жылы 27 наурызда «қалғып кеткен» сәтінен бастап, сәл мызғыды да, мәңгілік жаңа өмірге аттанды. Оның өшпес өлеңдері мағынасының тереңдігімен, кез келген адамның жүрегіне қона кетер қарапайымдылығымен ерекшеленеді.

Міне, осындай әдеби мұраның өмірін жалғастыру мақсатымен өткен бұл сайысқа қаламыздың 11 орта мектебінің оқушылары қатысты. Мәнерлеп оқу сайысы кезінде №16 орта мектептің өнерлі оқушылары ақын әндерін орындап, жыр кешінің сәнін одан әрі әрлендіре түсті.

Кеш соңында сайыстың қорытындысын жариялап, жеңімпаздарды құттықтау үшін Қ.Жарылғапова ортаға шықты. Сайыстың қорытындысы бойынша І орынды С.Сейфуллин атындағы мектеп гимназияның оқушысы Ж.Сатыбалды, ІІ орынды №27 орта мектептің оқушысы Д.Шахмұратов пен №7 орта мектептің оқушысы Н.Сейткенова, ІІІ орынды №15 орта мектептің оқушысы М.Бодықов, №16 орта мектептің оқушысы Ө.Рақымжан және №5 орта мектептің оқушысы Г.Алдабергенова иеленді.

Марал Шахаева

Комментарии закрыты.