Қисынсыз жерде қан кешкен

Өмірдің бұралаң жолында адам нені бастан өткермейді десеңізші?! Бейбіт өмірдің тыныштығын сұм соғыс   астан-кестен еткен тұста, ер азаматтарымыз алдыңғы шепте ел тыныштығын қорғады.
1979 жылы Л.И.Брежневтің басшылығы тұсында Кеңес үкіметінің ұйғарымымен Ауғанстан жеріне Кеңес әскерлерін енгізу туралы шешім қабылданғанда, біздің жиырма екі мың қазақстандық бауырларымыз қисынсыз жердегі қанды қырғынның ортасына тап болды. Ауыр аманат арқалап, ажал мен азап қатар келген қанды шайқасқа қатысып, жауынгерліктің үлгісін көрсеткен біздің жерлестеріміздің  үлесі айрықша.Кеңес әскерінің Ауған жерінен  шығарылғанына 22 жыл толуына орай жауынгер-интернационалистермен кездесу кеші №3 орта мектепте өтті.
Кездесуге Сайлау Қайырбеков, Төрехан Базылбеков, Наиль Яльмурзин қатысып, Ауған жерінде өткерген жылдары жайлы әңгіме қозғады.
–  Небары 18–19 жастағы бозбала кезімізде адам төзгісіз қиян кескі ортасына түстік. Жат жерде шыбын жанымызды шүберекке түйіп, азапты шақты өткерген бұл кезең жүрек түбінде мәңгі қалады, –дейді сарбаздар.

Кездесуге келген С.Қайырбеков пен Т.Базылбеков қатардағы қарапайым жауынгер болса, Н.Яльмурзин офицерлік шендегі әскери қызметте болыпты. Өздерінің бастан кешкен оқиғаларымен бөліскен соң, жауынгерлер оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға ауыр да болса жауап берді. Оқушылар қонаққа келген ағаларының құрметіне патриоттық әндерден шашу шашып, 8 сынып оқушыларының үгітбригадасы өз өнерлерін көрсетті. Жүздесу соңында «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлыбай Наурызбаев сөз алып, ардагер ағаларға жылы лебізін білдіріп, сый-сияпатын жасады.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.