Қоғамдық штаб құрылды

Дүйсенбі күні «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Ә.Дәрібаев Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаевтың Сәтбаев қаласы бойынша сайлауалды қоғамдық штабын құру туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен брифинг өткізді. Оған қоғамдық штабтың мүшелері қатысты.Ж. Дәрібаев алдымен өзі делегат ретінде қатысып келген «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХІІІ съезі жайлы қысқаша мәлімет берді.

– Өздеріңізге белгілі ақпанның 11 күні Астана қаласында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс ХІІІ съезі болып өтті. Съезге еліміздің түкпір-түкпірінен 600-ден аса делегат, 2000-ның үстінде қонақтар қатысты. Осы 600 делегат Қазақстан Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты алдағы болатын сайлауға президенттікке кандидат етіп ұсынды. Сол күні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сайлауалды қоғамдық штабы құрылды. Республикалық қоғамдық штабты «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин басқарады. Осындай қоғамдық штаб біздің облысымызда және біздің қаламызда да құрылып отыр. Қарағанды облыстық қоғамдық штабты «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Огай Эдуард Викторович басқарады. Сәтбаев қалалық қоғамдық штабты басқару маған жүктеліп отыр, – деді Жаңбырбай Әбжаметұлы Дәрібаев.

Сәтбаев қаласы бойынша құрылған қоғамдық штабтың құрамымен және жұмыс тәртібімен таныстырған Ж.Дәрібаев, партия үшін үлкен сынақ болғалы тұрған бұл істе сәттілік тіледі.
Штабтың құрамына «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы қалалық филиалының активі, «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің қызметкерлері, «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері енгізілді.

Штаб төрағасының орынбасарлары болып мемлекеттік мұрағаттың директоры А.К.Төлендина мен «Жезқазғантүстімет» ӨБ кәсіподағының төрағасы Ш.Ж.Кененбаев сайланды.
Әр түрлі бағытта жұмыс атқаратын 10 саладан тұратын штабтың 18 мүшесі бар. Қоғамдық штабтың міндеті – Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдауға байланысты Заң аясында насихат жұмыстарын ұйымдастыру және сайлау учаскелері бойынша кандидаттың сенімді өкілдерінің жұмысын үйлестіру болып табылады.

Майра Смағұлқызы

Комментарии закрыты.