Аймақтық семинар

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Біз кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңартпақ ниеттеміз…
…Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс», – деп айтқанындай, біздегі білім саласы да өз заманының ағысымен жаңа сарынға біртіндеп көшуде. Бүгінгі күні еліміздің барлық мектептерін компьютерлендіру толықтай аяқталды. Ендігі кезекте –  оқушыларға білімді жаңа технологиялар арқылы беру. Міне, осындай мақсатты ұстанып,  №15 жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің сапасын арттыруға арналған аймақтық семинар өткен болатын. Оған Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының орта мектеп мұғалімдері алдында өз білімдері мен тәжірибелерімен бөлісу үшін Қарағанды, Теміртау, Сарань қалаларынан мұғалімдер келді.
Алғашқы кіріспе сөзді облыстық білім басқармасының бас маманы Райхан Келбетова айтты.–    Қазіргі заманда біз қазақ тілін оқыту кезінде «деңгейлеп оқыту» технологиясын енгізуіміз керек. Бұл технологияны қазір тек Теміртау қаласының мектептері мен Қарағанды қаласындағы №38 гимназия ғана енгізген. Сәтбаев қаласында С.Сейфуллин атындағы гимназия да осы бағдарламаны енгізгенін естідік. Бірақ, олардың жұмысын әлі көрген жоқпыз. Мен бастап келген осы мұғалімдер өз білімдерін сіздермен бөлісу үшін келіп отыр. Осы мұғалімдердің жұмысын көрген соң, сіздер де біраз тәжірибелер жинап, осы технологияны өз мектептеріңізде енгізулеріңіз керек, – деді Райхан Шадыровна.

Осыдан соң семинарға қатысушыларды «Оқушыларды бірыңғай ұлттық тестке дайындау» тақырыбындағы баяндамасымен Сарань қаласының №17 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі С.Бәкірова таныстырды.

–    ХХІ ғасыр – ақпараттандыру ғасыры. Сабақта электронды құралдарды пайдалану – оқушының біліктілігін арттырады. Оқытуда компьютерлік технологияларды қолдану – қазіргі заманның зор мүмкіндігі. Міне, осыдан мен оқушыларды ынталандыру, олардың есте сақтау қабілеттерін арттыру мақсатымен оқушыларды бірыңғай ұлттық тестілеуге дайындау үшін электронды көмекші құралды шығардым. Бұл электронды құралдың ерекшелігі – оқушыларға қазақ тілінің барлық салаларынан қысқа да нұсқа мәлімет беру. Оқушы компьютермен ойнау арқылы ережелер мен тест тапсырмаларын қалай жаттап алғанын байқамай қалады. Оқушылардың есте сақтау қабілеттері артып, ҰБТ-дағы тапсырмаларға барынша дайын болады.  Осы тәсілмен оқыту арқылы былтырғы оқу жылында менің оқушыларым ҰБТ-да 100% білім сапасын көрсетті. Сіздерге де осы тәсілді қолданып оқытуды ұсынамын, – деді Сәбира Түркенқызы.

«Қазақ тілін өзге мектептерде еуропалық стандарт негізінде деңгейлеп меңгерту жүйесін жасау мәселесі» атты тақырыптағы өз зерттеу жұмыстарымен Теміртау қаласының №9 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қ.Нұрғалиева, №20 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Л.Ынтықбаева, Қарағанды қаласындағы №38 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Г.Аймағанбетова таныстырды. Олар мұндай оқыту өз мектептерінде қандай нәтиже бергендігі жөнінде және бұл тәсілдің тиімділігі мен артықшылығын айтты.

Семинар жұмысын Р.Келбетова қорытындылап, Сәтбаев қаласынан үлкен нәтиже күтетіндігін айтты.

Марал Шахаева

Комментарии закрыты.