Көмек қолдарын созды

Дертіне дауа таппай қиналып, шарқұрған жандар қаншама арамызда?! Олардың қатарында бесіктен белі шықпай жатып тағдырдың талқысына ұшыраған балалар да бар. Солардың бірі – жеті жастағы жеткіншек Айдар Мұхамедияров.

Өркөкірек өмірдің өкпегі ерте ұрған өскінге дәрігерлердің қойған диагнозының атын айтып шыққанша тіліңіз бұралып, тынысыңыз тарылады. Қысқаша айтар болсақ, онкологиялық аурудың қаупі жоғары түріне шалдыққан. Бүгінгі күні Айдар анасымен бірге Астана қаласындағы онкологиялық орталықта жатыр. Емін одан әрі жалғастыруға олардың қаржылық жағдайы көтермейтін сыңайлы.

Осы жайттан хабардар болған қаламыздың жастары бірден қайырымдылық акциясын өткізуге кірісіп кетті. Өткен сенбі күні азық-түлік жәрмеңкесі өтетін базарда Сәтбаев қаласы жастар ресурстық орталығының белсенділері «Көмек қолын соз» акциясын ұйымдастырды.

– Бүгін біз, жастар ресурстық орталығының еріктілері, студенттер мен оқушылар өз қолдарымызбен пісірген бауырсақ пен тоқаш және түрлі тәтті тағамдарды саудаға шығарып отырмыз. Ондағы мақсатымыз – осы саудадан түскен қаржыны Айдар бауырымызды емдеу қорына аудару. Мұның сыртында осы жерге арнайы қайырымдылық жәшігін де қойдық. Жүрегі жұмсақ, қайырымдылық жасауға ниетті жандар болса сол жәшікке қалауларынша ақша салуларына болады. Бұл акция келесі сенбіде де өткізілетін болады, – дейді жастар ресурстық орталығының жастармен жұмыс жасайтын инспекторы Айым Аманкелді.

Жастардың бұл бастамасы нәтижесіз болған жоқ. Сол күнгі саудадан 35 мың 100 теңге қаржы түсті. Қала жастары бір мұнымен ғана шектеліп қалмақ емес. 27 сәуір күні Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Айдар Мұхамедияров оқитын №19 мектептің оқушылары қайырымдылық концерт өткізбек. Концерттің билетінен түскен қаржы да Айдарды емдеу қорына жіберілетін болады.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.