Сәтбаевтықтар сырт қалмады

Су тасқынынан зардап шеккен жандарға алғашқылардың бірі болып қайырымдылық акциясын ұйымдастырған азаматтар қатарында жерлесіміз «Үміт-сапар» ЖШС директоры Байбек Бекмурзин де бар.

Көмек ретінде консервіленген, кептірілген тағамдар, тұз, қант, крекерлер, бір реттік қолданыстағы ыдыстар, киімдер және қораптар, дәрі-дәрмек пен балалар тағамы, отын-су, газ плитасы, жарық беруші шамдар қабылдануда. Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккен аудандарға ауыр жүк көлігі арқылы аптасына екі рет, дүйсенбі, бейсенбі күндері жіберілетін гуманитарлық көмектің алғашқы кезегі жөнелтілді. Акция ұйымдастырушысы Бекмурзиннің айтуынша, табиғи апаттан зардап шеккен ауылдардағы тұрғындармен, еріктілер жасағымен тікелей байланыс бар. Олар жеткізілген көмекті күтіп алып, таратып, атқарылған жұмыс турасында фото-бейне есеп беріп отырады.

– Біз тасқыннан зардап шеккен аймақтармен үнемі байланыс жасаймыз. Мұқтаж тұрғындарға жіберу үшін көрпелер, төсек-орын тыстары, азық-түлік пен қажет заттарды қабылдау жалғасуда. Осы қабылданған заттарды іріктеу, жинастыру жұмыстарына көмек қажет болып тұр. Көмектесем деуші еріктілерге есігіміз ашық. Қаржылай демеушілік көрсеткен азаматтарға да есеп беріледі. Ең қажеттісі киім-кешек, гигиеналық заттар мен азық-түлік болғандықтан, жиналған қаржы осы мақсатқа жұмсалады. Ал, қайырымдылық пакеттерін пунктке келіп өткізуге уақыты, жағдайы болмай жататын адамдарға өзіміз барамыз, – дейді ол.

Еске сала кетейік, 23 мен 29 наурыз аралығында Қарағанды облысының төрт ауданын су басты. Тасқынның екінші толқыны 6 сәуірде басталды. Уәкілетті органдардың хабарлауынша, 50 елді мекен су астында қалған. Акмола, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының 17 ауданынан 1149 үй көшірілген. Тасқынның беті қайтып, енді есін жия бастаған тұрғындарға арналған акцияның кесімді мерзімі жоқ. Үгіт-насихат жұмыстары алдағы күндері жалғасын таба бермек. Қайырымдылық шарасынан сәтбаевтықтар сырт қалған жоқ, Весовая, Жезқазған елді мекендерінің тұрғындары да белсене атсалысуда.

Қоғамдық пункт Сәтбаев қаласы, Наурыз көшесі, 146 үй мекенжайы бойынша күн сайын жұмыс істеуде. Байланыс телефоны: 4-05-05; 4-06-06.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.