Жапа шеккендерге жіберіледі

Биылғы көктем Қарағанды облысы үшін қарбалас шаққа толы болды. Облыстың көптеген елді мекендерін су басып, тұрғындар жапа шекті. Аймақтағы ақпарат құралдарының хабарынша, облыстағы осындай елді мекендерден 10 мыңнан астам адам қауіпсіз аймақтарға көшірілген. Қазір олар өздерінің ауылдарына қайтып оралып жатыр. Бірақ…

Апат айтып келмейді. Күрт еріген қар мен жауған жауын аймақтағы Нұра, Сарысу сияқты өзендерді арнасынан асырып жіберді. Тіпті, қаладағы қалың қар да телегей теңіз болып еріп, ауыл-үйлерді басып кетті. Салдарынан көптеген тұрғындар баспанасыз қалды. Мал шығыны да бар. Бір дәтке қуат боларлығы – адам аман.

Табиғаттың тарпаң мінезі жұртшылықты тағы бір рет жұдырықтай жұмылдырды. Қайырымдылық, қамқорлық деген қасиеттердің қашан да қажеттігін танытты. Бүгінде облысымыздың аймақтарындағы ағайын, ел осы су тасқынынан жапа шеккен жандарға қолдарынан келгенше көмек жасауға жұмылуда. Бұл істе біздің қаланың жастары да белсенділік көрсетіп отыр. Олар арнайы орын ашып, мекеме ұжымдардан, жекелеген адамдардан киім-кешек пен азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар жинап жатыр.

– Бұл қайырымдылық акциясы 18 сәуірден басталды. 22 сәуірге дейін жалғасатын болады. Қазірдің өзінде көптеген мекемелер мен жекелеген кәсіпкерлер, қала тұрғындары қолдарынан келгенше көмектерін жасауда. Олардың бірі киім-кешектер әкелсе, енді бірі азық-түлік, тұрмыстық заттар әкеліп жатыр. Жинақталған заттар 22 сәуір күні арнайы көлікпен Қарағандыға жіберілетін болады. Осы орайда арнайы комиссия да құрылды, – дейді қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Н.Наурызбаев.

Ізтай Белгібайұлы.

P.S.

Газет беттеліп жатқанда қабылдау бекетінен қалалық кәсіпкерлер қауымдастығы апат аймағындағы жандарға жәрдем ретінде 300 келі ұн, 220 келі макарон өнімдері, 150 келі қант, 125 келі күріш, 36 литр сұйық май әкеліп өткізгені жайлы хабар түсті.

Комментарии закрыты.