Мамыр мейрамдары ауқымды шараларға толы

20150424-04-1Енді санаулы күндерден соң мамыражай мамыр айы да есігін айқара ашады. Ал, бұл ай бір-бірімен іркес-тіркес келетін мерейлі мерекелерге толы. Және, олардың бәрі жай ғана мереке емес, тағылымы мен тақырыбы таразы тасын басып кететін мерекелер. Оның ең бастысы – Ұлы Жеңістің 70 жылдығы болса, Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы күнінің де биылғы бәсі басым болып отыр. Аталмыш мереке Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында аталып өтпек. Бұл атаулы күндердің арасында Отан қорғаушылар мерекесі де бар. Бір-бірімен астасып жататын осынау мейрамдарға қала қаншалықты әзір? Жұртшылық қандай шараларды қызықтайтын болады деген сауалдар төңірегінде қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Кауһар Сағындықовамен ой бөліскен едік.

– Кауһар Әлмағамбетқызы, әңгімені әуелі Қазақстан халқының бірлігі күнінен бастасақ. Айтулы мереке қарсаңында қалада қандай іс-шаралар өткізіледі?

– 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін лайықты атап өту үшін қалада ауқымды шаралар жоспарланып отыр. Бұл іс-шаралар бүгін, яғни 24 сәуірден бастау алып, 1 мамырға дейін жалғасатын болады. Бұл аралықта қаламыздың барлық білім беру мекемелерінде, мәдениет ошақтары мен спорт алаңдарында, аула клубтарында халық бірлігін және толеранттылық идеяларды насихаттайтын «Бірлік пен келісім – біздің бүгініміз бен болашағымыз», «Достық пен ағайындылық – екі байлық» деген тақырыпта қабырға газеттері мен плакаттар байқауы, сынып сағаттары, «Ынтымағы жарасқан менің елім», «Қазақстан – достық мекені», «Караван дружбы» деген тақырыптарда сурет көрмелері ұйымдастырылып, «Ынтымақтастық – достық кепілі» тақырыбында фестивальдар, дөңгелек үстелдер өткізілетін болады. Жалпы, осы апталық аясында қалада 50-ге тарта әртүрлі тақырыптағы іс-шаралар өткізіледі деп жоспарлануда.

Мұның сыртында 27 сәуір – 1 мамыр аралығында қаламызда қайырымдылық іс-шаралары өткізіліп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларға азық-түлік жиынтықтары салынған сыйсөмке таратылатын болады. Ондай жандар саны бүгінге 100 адам деп белгіленді.

– Мерекенің мәйегі тура 1 мамыр күні болады ғой. Ол күні қала жұртшылығы қандай қызықтар мен думанға кенелетін болады?

– Өздеріңізге мәлім, биылғы 1 мамыр мерекесі Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық торқалы тойымен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан, 1 мамыр күнгі іс-шаралар «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық жолы – тұрақтылық пен бірліктің кепілі» деген ортақ тақырыппен өтетін болады. Мерекелік шаралар шымылдығын сағат 11-де болатын қала жұртшылығының шеруі ашады. Шеру негізгі тақырыптағы хореографиялық-композициялық көрсетіліммен басталады. Абай көшесінен бастау алған шеру Кеншілер алаңына келіп тоқайласады. Шеруді қаламыздағы этно-мәдени орталықтардың өкілдерінен құралған колонна бастап жүреді. Жалпы, бұл күнгі мерекелік шеруде қалалық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің еңбеккерлері, білім беру, денсаулық сақтау саласының, кәсіпкерлер мен банк қызметкерлерінің өкілдерінен құралған 13 колонна жүретін болады. Оған барлығы 5 мыңдай адам қатыстырылады.

Шеруден соң Кеншілер алаңында этно-мәдени орталықтардың көрмесі, ұлттық тағамдар дастарханы жайылатын болады. Алаңда сондай-ақ, мерекелік концерт, спорттық ойындар, мерекелік сауда ұйымдастырылмақ.

Мұның сыртында спорттық-сауықтыру кешенінің «Шахмат» клубында шахмат пен дойбыдан қалалық турнир өткізіледі. Орталық алаңда үрмелі аспаптар оркестрінің концерті, ұлттық билер байқауы өткізіліп, оның соңы жастарға арналған ашық аспан астындағы би кешіне ұласады.

1 мамыр мерекесіне арналған іс-шаралар 5 мамыр күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтетін Украин этно-мәдени орталығының «Сатпаевский співаночки» деп аталатын шығармашылық кешімен түйінделеді.

– Мамыр мейрамдарының ішіндегі ең үлкені – Ұлы Жеңістің 70 жылдығы болып отыр. Осынау мерейлі мерекеге әзірлігіміз қандай?

– Бұл бағытта да аз жұмыстар атқарылған жоқ. Жыл басынан десек болады, қаламызда түрлі тақырыптарда тағылымы мол іс-шаралар өтті. Соның ең бастысы – «Есімдеріңіз ұмытылмайды» кеңауқымдағы іздестіру шарасы. Осының арқасында қаламыздағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері жайлы тың деректер жинақталып, ол «Ерлік – елдіктің қасиеті» фотоальбомы болып жинақталып жатыр. Қалалық мұрағат ол альбомды мереке күні әзір етпек.

Мерекеге әзірлік жұмыстарының ең үлкені – қаланы абаттандыру және безендіру. Бұл бағытта «Даңқ» алаңында жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда «Тағзым» мемориалдық кешені бой көтеретін болады. Кешен саяси куғын-сүргін құрбандарын, тыл еңбеккерлерін, бейбіт өмірде қаза болған ерлерді, интернационалист-жауынгерлерді, автогендік апаттарда қаза болғандарды еске алуға арналған бес тақтадан тұрады. «Тағзым» мемориалдық кешенінің бірінші кезеңі 7 мамыр күні салтанатты түрде ашылады. Мұның сыртында Жеңіс көшесін жаңғырту жұмыстары да кідіріссіз жүргізілуде.

– Қандай мәдени іс-шаралар жоспарланып отыр?

– Көп. Ол кеше ғана өткен жас ақындардың облыстық айтысымен басталды. Айтысқа аймағымыздан 14 жас ақын қатысты. Бүгін «Чернобыль жаңғырығы» деп аталатын жастар акциясы өткізілетін болады. Сондай-ақ, сәуір айының соңында «Әскерге шақырылған азаматтар күні» акциясы ұйымдастырылып, 16 жасқа толған жеткіншектерге әскери тіркелу куәліктері салтанатты түрде табыс етіліп, әскер қатарына шақырылған азаматтарды салтанатты түрде шығарып салатын боламыз.

Мереке қарсаңында қала мейрамханаларында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлері мен Ауған соғысының ардагерлеріне және Чернобыль АЭС-інде болған апатты жоюға қатысқан азаматтарға арналып мерекелік дастархандар жайылады. Бұл іс-шара барлығы 300 адамды қамтымақ.

Ал, 6 мамыр күні «Керемет» мейрамханасында қала әкімі Әнуар Омар соғыс және тыл ардагерлері мен интернационалист жауынгерлерді, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандарды қабылдап, ардагерлерге мерекелік медальдар табыс етеді. Бұл іс-шараға 200 адам қатысады.

9 мамыр күні Кеншілер алаңында қала еңбеккерлері мен жұртшылығының қатысуымен митинг болып, оның соңы мерекелік шеруге ұласады. Кеншілер алаңынан бастау алған шеру Сәтбаев даңғылы, Тәуелсіздік даңғылы, Гурба көшесі арқылы өтіп, «Жеңіс» саябағындағы Мәңгілік алауға келіп тоқтайды. Шеруге ардагерлер мінген автокөлік кортежі, салт аттылар және қала жұртшылығы қатысады.

Мәңгілік алау маңында соғыс құрбандарын еске алу рәсімі өткен соң мерекелік шара «Даңқ» алаңында жалғасып, мұнда дәстүрлі «далалық асхана» қойылып, мерекелік концерт ұйымдастырылады.

Жеңіс тойы кешкісін орталық алаңдағы мерекелік концертке ұласады. Оған Қазақстанның эстрада жұлдыздары келеді деп күтілуде. Той түнгі отшашумен түйінделеді.

– Жылда, мереке қарсаңында ардагерлерге әлеуметтік көмек көрсету шаралары жүргізілетін. Биыл бұл жұмыстар қалай ұйымдастырылды?

– Әрине, мұндай жұмыстар жергілікті биліктің ешқашан назарынан тыс қалған емес. Биыл да әлеуметтік қолдау көрсету шаралары жан-жақты ойластырылды. Атап айтқанда, 14 Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, 1 жауынгер жесіріне, 28 қайтыс болған соғыс мүгедектерінің жұбайларына, 50 марапатталған тыл ардагерлеріне, 900 өзге де тыл ардагерлеріне, 3 концлагерь тұтқындарына, 14 Кеңес Әскері мүгедектеріне біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады. Ол үшін республикалық бюджеттен 25 млн. 970 мың теңге, жергілікті бюджеттен 16 млн. 860 мың теңге бөлінді.

Мұның сыртында бір соғыс ардагерінен гаражын жөндеп беру, төрт ардагерден үйлерінің төбесін жөндеп беру, бір ардагерден үйінің алдын, алты ардагерден үйлерінің ішін жөндеп беру жайлы өтініш түсті. Біз «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқармасының бас директорына осы шараларға қаржылай көмек көрсетуін сұрап, хат жолдадық.

– Айтпақшы, қаламыздан тысқары жерлерде өтетін мерекелік шараларға біздің ардагерлеріміз қатыспайды ма?..

– Неге қатыспасын. 5 мамыр күні Қарағанды қаласында облыс әкімінің салтанатты қабылдауы мен мерейтойлық медальдарды табыс ету рәсімі өтеді. Оған қаламыздан Ұлы Отан соғысының ардагерлері Шермұханбет Байбосынов пен Тоғай Дауылбаев қатысады.

Ал, Астана қаласында өтетін Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік шеруге Шермұханбет Байбосынов барып қатыспақ. Ардагерге бекітілген киім үлгісіне сәйкес тапсырыс берілді. Қаржысы да шешілді.

– Гауһар Әлмағамбетқызы, әңгімемізді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен түйіндесек. Екі үлкен мерекелермен тұспа-тұс келетін бұл атаулы күн көлеңкеде қалғандай болмай ма?

– Жоқ. Әр мерекенің өзіне сай ерекшеліктері болады. Мәселен, Отан қорғаушылар күні сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, «Даңқ» алаңындағы «Тағзым» мемориалдық кешенінің бірінші кезеңі салтанатты түрде ашылады. Бұл күні мұнда салтанатты сап түзеу рәсімі өткізіледі. Оған Сәтбаев қаласының қорғаныс істері жөніндегі, ішкі істер, төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімдердің және №44 өртке қарсы қызмет бөлімшесінің жеке құрамдары, орта арнаулы оқу орындары мен жалпы білім беретін орта мектептердің жас ұландары қатысады.

Мереке күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «От лаулаған жүректер» атты Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы деректі фильм көрсетіліп, «Жайдарман» ойыны ұйымдастырылады.

Жалпы, мамыр мерекелері осындай ауқымды шараларға толы болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.