Отты жылдардың өшпес іздері

20150424-02-3Адамзат тарихындағы ең сұмдық сұрапыл соғыстағы Ұлы Жеңіске – 70 жыл. Сол соғыстың зардабын жөргегінде жатып тартқандардың бірі Өмірзақ Қабдоллаұлы еді.

Небары 8 айлығында әкесінен көз жазып қалған ол бүгінде 73 жаста. Қалалық мұрағатқа келіп әкелеріне арнайы қор аштырған. Сол жолы ақсақал шешіле әңгіме де айтқан еді.

– Ата өліп артында бала қалса, шырағының жанғаны демей ме? Бүгінде бір әулеттен қалған бір өзім. Байқоңырдың ар жағында 12 шақырым жерде орналасқан «Қарабұлақ» деген жерді мекендеген Алпысбайдан – Аяпберген, Аяпбергеннен – Қабдолла, Қабдолладан мен – Өмірзақ. Соғысқа дейінгі жылдарда әкем Қабдолла мен анам Күлман екеуі Қызылорда қаласының педагогикалық училищесін бітіріп, «Қарабұлақ» колхозында мұғалім болған еді. Арабша сауат ашып, латын, кириллица жазуларын білген. Анам Күлман Торғай өңіріндегі Қайдауыл болысын басқарған Смағұл деген болыстың қызы екен. Торғайда 4 кластық гимназияның орыс класын бітірген.

1941 жылы сұрапыл соғыс басталғанда, әкем Қабдолла мен атам Аяпберген екеуі соғысқа бірге аттанады. Сол кездегі құжаттың дұрыс толтырылмауы, туған жылы мен айын жыл мезгілімен байланыстырып есептейтін аталарымыздың туған жылдары да қате болғандықтан, әкем мен атамның жас ерекшеліктері 9-ақ жас болатын.

Атам революционер Әліби Жангелдиннің (апасынан туған) жиені еді. Революцияға дейін байдың есігінде жүріп қой баққан. «Бермесе жолынан» дегендей, байдың қозыларын қырдың артына апарып сойып тастап, отқа қақтап жейтінбіз, местегі қымызына ши тығып, сорып ішетінбіз» деп, бала кезіндегі әңгімелерін айтып отыратынын.

Атам Ленинградты азат етуде қоршауда қалған. Атамның айтуы бойынша, аралда қалып қойған солдаттарға тамақ жеткізілмей бірнеше күн аш болады. «Өзеннің арғы жағынан немістер суға келеді, сол кезде аңдып отырып винтовкамен атып түсіреміз. Сөйтіп немістің солдаттарының тамағын алып келіп жүрек жалғайтынбыз. Нандарының үлкендігі сіріңкенің қорабындай, тіс батпайтын қатты болады. Суға салғанда бір бөлке нан болады. Сөйтсек, әлгі нанға ағаштың үгіндісін ( опилка ) қосады екен» деп айтушы еді.

Атам Аяпберген 1943 жылы Берлиннің түбінде басына оқ тиіп жараланғанда Ленинградқа ұшақпен алып кетіп операция жасап, сопақша миының жартысын алып тастаған. Содан контузия алып, елге қайтарылған. Ерліктері үшін алған наградалары госпитальда жоғалып, жараланғанда әскери билеті қалтасында қалып қойған екен. Сол жарақаттанғандағы қанымен әлі күнге сақтап келемін.

Өз әкем Қабдолла сол соғыста хабарсыз кетті. 1943 жылға дейін туған-туыстар мен анама хат келіп тұрған. Хаттары латын әрпімен қазақша жазылған екен. Әкемнен бір белгі боп қалған өз қолымен жазылған осы хаттары ғана.

Менің көзім кетсе бұл құжаттар кімге керек? Көзімнің тірісінде мен үшін бағалы болған әкелерімнің құжаттарын мемлекеттік мұрағат қорына тапсыруды жөн санадым, – деп Өмірзақ ақсақал әбден сарғайған хаттар мен қан дағынан күреңітіп кеткен әскери билетті көрсетті. Бабаларының көзіндей сақтаған құжаттарын мұрағат қорына табыстады. Бұл – сол бір отты жылдардың өшпес іздері.

С.Бекетова, «Сәтбаев қаласы Мемлекеттік мұрағаты» КМ мұрағатшысы.

Комментарии закрыты.