Қарапайымдылығымен қадірлі еді…

20150424-02-2Мен – киелі Ұлытаудың тасбұлағының мөлдір суын ішіп, әсем табиғатында емін-еркін өскен әке-шешемнің ерке қызының бірі едім. Әкем Мизамбаев Кәри ұлын – ұяға, қызын қияға қондырып, балаларының алдында еш жаманшылық көрмей осыдан бірнеше жыл бұрын дүниеден өтті.

«Адам ұрпағымен көп жасайды» – дейді ғой. Анам 10 құрсақ көтерген, содан 2 ұл, 3 қыз қалған едік (ағамыз Жағыпар қайтыс болды), бәріміз де әр салада еңбек еттік, қазір зейнеткерміз; әке-шешеміздің немере-шөберелері бар, құдайға шүкір. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында әкемді бір еске алсам деймін. Әкем ер тұлғалы, кең жауырынды, қайратты кісі болатын, 75 жасында қайтыс болды. Әкемді есіме түсіргенде кітаптағы батырларды елестетемін. Әкем аудандық оқу бөлімінде атшы болған, кейін жеке меншіктің қойын, сиырын бақты, анам колхоз уақытында көп жыл сауыншы болыпты. Әкеміз кеудесін оққа тосып Отанымызды жаудан қорғағанын, қалай жараланғанын, соғыста азат етуге күш салған қалалары жайлы көп айтушы еді. Ешқайсы есімізде жоқ, балалықпен жазып алуды білмедік. Өткенін еске алып, бүгінгі күніне шүкіршілік қылатын. Соғыста алған жарақаттың зардабынан құлағы нашар еститін еді, мені бір жиендер «саңырау Кәридің қызы» дейтін, мен оған намыстанбайтынмын, қайта әкемді одан сайын жақсы көретінмін. Көп медальдары бар еді, өкінішке орай ешқайсы сақталмапты.

Әкем қарапайым көп қазақтың бірі ғана. Бізге әкеміз сол қарапайымдылығымен-ақ қадірлі еді. Анам беріректе қайтыс болды. Біздің әке-шешеміз өте мейірімді болатын, көрші-көлем, ағайын-туыстарға қолұшын беріп, әрдайым көмектесіп тұрушы еді. Кейбір туыстардың балалары қалыңдықтарын біздің шаңыраққа түсіргенін білемін, өйткені, әлдебір түсініспеушіліктің салдарынан өз ата-аналары әуелгіде қарсы болған, кейін әкем солардың жарасым тауып кетуіне дәнекерлікке жүретін. Отаулары осылай құрылған отбасылар бүгінде өздері ата-әжеге айналып, немере-шөбере сүйіп отыр. Солар кездескенде «сендердің әке-шешелерің болмағанда осылай өсіп–өнер ме едік, ата-аналарыңның шапағаты тиді» дегендерін естігенде көңіліміз марқайып қалады. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген осы. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» дегендей, ер бала болсын, қыз бала болсын өскенде үйде көргенін жасайды. Әкем жас кезімізден бізді еңбекке баулыды, адамгершілік пен адалдыққа үйретті, «ұрлықтан аулақ болыңдар» дейтін. Әлдеқалай болған тұйықталған істі ың-шыңсыз бір амалын тауып шеше қоятын.

Әкем Кәри Мизамбайдан үш ағайынды жігіттер екен, үлкені Ахмет, ортаншысы – Қали, кенжесі – Кәри. Қали әкеміз соғыста хабарсыз кетті, артында Көпей әжеміз, төрт ұлымен қалды. Өле-өлгенше Қали әкемізден бір хабар болар ма екен деп, арманда кетті…

Кеңес үкіметі кезінде әкемді Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде Ұлытау ауданының клубына, мектептерге кездесуге көп шақыратын, әке-шешеміз барда да, кейін ініміз тұрғанда да мамырда жыл сайын қарашаңырақта кездесетінбіз.

Биыл ата-бабаларымыздың қанымен қол жеткізген Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Еліміз тыныш болып, көркейе берсін!

Несібелді Кәриқызы. Астана қаласы.

Комментарии закрыты.