Берлинге дейін жеткен

20150424-01-1Қаракеңгір өзені бойында 1980 жылы дүниеге келген атақты Сандыбай бидің ұрпағы Ілияс Қосетовтің жалындаған жастық шағы ұлт басына төнген аласапыран – ашаршылық жылдарына дөп келген. Отбасын асырау үшін Жезқазған поселкесіндегі шахтада шебер болып еңбек етіп, Ұлы Отан соғысы басталмай тұрып Айнаш Ерекеевамен отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Білімін тереңдетуді мақсат тұтқан ізденімпаз жігіт педагогика саласына бет бұрып, 1940 жылы Қарағанды педагогикалық училищесін бітіреді. Зайыбы Айнаш та өзіне сай ашық-жарқын, өткір адам болып шығып, аудандық комитетке мүше болып, белсенді жастардың қатарынан табылады. Фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасағанда майданға алғашқылардың сапында аттанған Ілиястың артында Қаблаш, Қайрат атты қос ұлы қалады.

Жезқазған аудандық әскери комиссариатының шақыруымен майданға аттанған Ілияс Қосетов №1638 артиллерия полкіне артиллерист болып түседі. Оның жауған оқтың ортасынан туған еліне аман-есен оралуының өзі жеке бір әңгіме. Бұл туралы көзі тірісінде балалары мен немерелеріне айтып отыратын. Сұрапыл соғыста жанқияр ерлік көрсетіп, түрлі қиындықтарды басынан кешірген жауынгер бірде тұтқынға түсіп қалады. Жау қолында көп азап шегіп, есі кіресілі-шығасылы болып, талықсып кеткен бір сәтінде бейне бір өңіндегідей айқын түс көреді. Айғайлап, шошып оянса керек, жанындағылар хал-жағдайын сұрап, басынан демейді. Есін жиған соң түсінде ай мен күннің бірдей шыққандығын айтқанында, тұтқын өзбек «еліңе аман-есен ораласың, айың қызың, күнің ұлың болады» деп жорыған екен. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деген, тар жерде көрген осы аян тұтқын жауынгердің бойына күш-жігер беріп, жарым ырысқа айналады. Жау қолынан босап шыққан соң Берлинге дейін жетіп, Жеңіс туының желбірегенін өз көзімен көрген Ілияс Қосетов елге оралып, Бақыт атты қыз, Қайдар атты ұл сүйеді. Құдай қосқан қосағымен он төрт бала, 23 немере, 40 шөбере, шөпшек тәрбиелеп өсіріп, ұлын – ұяға, қызын қияға қондырады. Бала тәрбиесімен айналысып, ұзақ жылдар ұстаздық етеді.  Бүгінде Қосетовтер отбасын «Мұғалімдер әулеті» деп атауға толық негіз бар. Үлкен ұлы Қаблаш Сәтбаев қаласындағы №19 мектептің бірінші директоры болса, ата жолын абыроймен жалғастырған немере-шөберелері осы салада жемісті еңбек етуде. Міне, Берлинге дейін беріспей жеткен ержүрек ата ерлігі артында қалған ұрпағының ұранына айналуда.  Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғаған ерлер осылайша жас ұрпақтың өмірін, халықтың бақыты мен қуанышын сақтап қалды. Қазіргі жастар Ілиястай жеңімпаз  аталарын мақтан етіп, айрықша қадір тұтады.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.