Өткендегідей өкінбеу үшін

Көктем шыға кешіктірілмей жасалатын жұмыстардың бірі – тал-теректерді уақытылы дәрілеп, жапырақ жегіш құрттармен күресті уақытылы жүргізу. Осы жұмыстардың жүйелі жүргізілмеуі салдарынан соңғы кездері қаладағы көк желектер көктемей жатып құрт-құмырсқаның жеміне айналуда.

Былтыр теректер мен көшеттер уақытылы дәріленбей қалды. Әкімдіктегі мамандар мұны тендердегі текетірестің салдары деп түсіндіреді. Дәрілеу жұмыстарымен айналысатын мердігерлер тендерге түскенде жауапсыздық танытып, оның соңы осындай орны толмас олқылықтарға соғып жатады. Сондай жағдай биыл да қайталанбас үшін әкімдіктегілер тендерді өткізуге барынша мұқияттық танытты. Соның нәтижесінде бұл іс уақытылы аяқталды.

– Биыл жасыл желектерді дәрілеу үшін алдын ала тендер жарияланып, оны Жезқазған қаласындағы «Дезинфекция» өндірістік кооперативі жеңіп алды. Қазір аталмыш мекеме қаладағы теректер мен көшеттерді дәрілеуге дайын отыр. Ондағы мамандар «дәрілеу жұмысын сәуір айының жиырмасынан кейін жүргізген дұрыс. Осы уақытта күн жылынып, жапырақ жегіш құрттардың тал-теректердің қуысына салған личинкаларына жан бітеді. Олар сыртқа шығады. Осылайша дәрілер оларды жоя алады», деп отыр. Сондықтан, дәрілеу жұмысы осы аптада басталады, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Болатбек Жақсыбаев.

Қалай дегенде де істің нәтижелі болғаны жақсы. Әйтпесе, онсыз да су тапшылығынан қурап жатқан теректер мен көшеттердің жапырақтарын жылда құрт жеп, жұрт ыстықта сая таппай сандалып кетті. Орайы келгенде айта кетейік, кеншілер қаласында 40 мың түп теректер мен көшеттер бар екен. Осы желектерді жапырақ жегіш түрлі құрттар мен қоңыздардан қорғап қалу үшін жылына екі рет, сәуір айында және маусым айында дәрілеп тұру қажет дейді мамандар.

Сол жұмыстың алды сәті түссе осы аптада басталмақ. Болатбек Жақсыбаевтың айтуынша, «Дезинфекция» өндірістік кооперативі бұл жұмысқа арнайы бір машина жабдықтап отыр. Авткөлік бара алмайтын жерлердегі желектер қолмен дәріленетін болады. Оған да арнайы маман мен қондырғы құрал әзірленген.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.