Сенбілік серпінді өтті

Дәстүрлі көктемгі үшайлық жарияланысымен кеншілер қаласында тазалық және сәулеттендіру жұмыстары қызу қолға алынды. Жауын-шашынның жиілеп кеткеніне қарамастан, қалада тазалық бейсенбіліктері мен сенбіліктер кідіріссіз өткізіліп келеді. Сондай бір тазалық сенбілігі өткен аптада болып өтті.

«Жалпыоблыстық сенбілік» деген атаумен өткен бұл тазалық шарасына қала бойынша 290 ұжымнан он үш жарым мыңдай адам қатысып, қала тазарып қалды. Соңғы кезде жиілеп кеткен жаңбыр көшелерді ластап тастаған еді. Жұмыла көтерілген жұмыстың арқасында аулалар мен көше жолдары сыпырылып, күл-қоқыстар тасылды. Бұл жұмыстарға 25 автокөлік, 12 тиегіш техника қатыстырылды. Сөйтіп, 810 гектар алқап тазартылды. Мұның сыртында белгіленбеген жерге төгілген 4 қоқыс алаңы тазартылып, қоқыс қалдықтары сыртқа шығарылды. Сондай-ақ, 25 жарық бергіш бағандар жөнделді.

Орайы келгенде айта кетейік, қаланың тазалығы өзіміз үшін қажет. Біріншіден, тазалық – денсаулық кепілі. Қала таза болса, шаң-тозаң болмайды, ауа таза болады. Көшелеріміз сәулетті, таза болып тұрса үйіңізге келген мейманыңызды ұялмай көше аралатуға алып шығып, қаланың сәулетті орындарын көрсете аласыз. Сондықтан, тазалыққа бәріміз ықыласты болайық.

Өкінішке орай, кейбір тұрғындар күл-қоқыстарды арнайы жәшікке тастауға ерініп, үйдің маңайына, балконның астына тастай салады. Кәсіпкерлікпен айналысатын кейбір азаматтар өздерінің иелігіндегі ғимараттың маңайын сыпырып, тазартып тұруға ерінеді. Тазалық бейсенбіліктері мен сенбіліктерге шықпайды. Маңайындағы күл-қоқыстың адам аяғымен өз ғимаратының ішіне енетінін түсінбейді. Мұндай салғырттықтан, жауапсыздықтан арылайық, ағайын.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.