Шаһарға шырай берер шыршалар егілді

20150424-06-1Өткен аптадағы жалпыоблыстық сенбілік күні қаламызда көшеге көрік берер көк желектер де егілді. Бұл іс-шара қала әкімдігінің алдынан басталды. Қала әкімі Әнуар Омар шаһарға шырай берер шыршаларды отырғызуды өзі бастады.

– Қала әкімінің өкімімен кеншілер шаһарында дәстүрлі көктемгі тазалық, абаттандыру және көгалдандыру үшайлығы басталды. Осының аясында қала көшелерін күл-қоқыстан тазартумен қатар, көшеттер мен көк желектер отырғызу да қолға алынуда. Соның басы бүгін басталып отыр. Жалпыоблыстық сенбілік күні «Тазалық – 2020» мекемесінің күшімен қалалық әкімдіктің алдында, «Даңқ» аллеясы мен «Бейбітшілік бақ жолы» скверінде 40 түп шырша отырғызылатын болады. Бұл шыршалар Алматы өңірінен арнайы әкелінді, – дейді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Болатбек Жақсыбаев.

Сонымен, шаһарға шырай берер шыршалар егу қала әкімдігінің алдынан басталды. Оны қала әкімі Әнуар Омар бастап отырғызды.

– Қалалық әкімдіктің маңы – қаланың басты келбеті. Ол сәнді де сәулетті, әрі елге көрінетіндей ашық болуы керек. Сондықтан, біз осы алаңдағы өзіндік тарихы бар, тамыры тереңге тартқан қарағаштар мен көшеттерді жүрегіміз ауыра тұрып жұлдық. Өйткені, оны осы қаланың өсіп, өркендеу жолында үлесі бар ағаларымыз отырғызғанын білеміз. Бірақ, әлгінде айтып өткенімдей, әкімдіктің маңы жазда ғана көгеріп, қыста күреңітіп, сұсты болып тұрмауы керек. Қысы жазы, көгеріп, елге де, қалаға да жылу шашып тұрғаны абзал. Келешекте мына көшеттер де арнайы сәулет үшін егілетін және қысы-жазы жасыл түсте болатын көшеттермен алмастырылатын болады, – дейді қала басшысы.

«Ауылына қарап, азаматын таны» деген атам қазақ. Қаланың дәулетіне сәулеті сай болып тұрса жарасымды емес пе?! Шыршалар егілген алаңға өзіміздің жылыжайда өсірілген жасыл жамылғылар да егілетін болады. Сөйтіп, бас алаң бастау алатын әкімдік маңайы көкмайсаға бөленеді деп күтілуде.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.