«Денсаулық» поезы мысты өңірде

20150424-11-1«Саламатты Қазақстан» емдеу диагностикалық поезы Жезқазғанға келіп тоқтады. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі, ҚР денсаулық сақтау министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бірлесіп ұйымдастырған жобасы бойынша арнайы мамандандырылған пойыз еліміздің медициналық қызметпен қамтылмаған шалғай өңірлерін аралады. Ерекшелігі сол «Саламатты Қазақстан» пойызы Интернет арқылы кеңес ала алатын алғашқы нұсқа.

2011-2015 жылдарға арналған, Елбасының бастамасы болып табылатын «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының басым бағыттарының бірі – ауыл халқына, қашықтағы аудандарда тұратын адамдарға медициналық көмек беру. Наурыздың 23 жұлдызы Қарағанды қаласында жасақталып, жолға шыққан поезд Осакаровка, Нұра, Бұқар жырау, Абай, Шет, Жаңаарқа аудандарын басып өтіп, сапарын Жезқазғанда аяқтады. Қарағандылық және астаналық білікті мамандардан тұратын дәрігерлер бригадасы өңір тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп, тиісті кеңестер берді. Кеңесу нәтижесінде жоғары технологиялық құрал-жабдықтар арқылы емдеу тәртібі мен диагностикалық шаралар жасалды.Терапевт, хирург, кардиолог, невропатолог, гинеколог, окулист, хирург, педиатрлар Жезқазған қалалық ауруханасында да тұрғындарды қабылдап, зертханалық тексерулер жүргізіп, амбулаториялық, стоматологиялық қызмет көрсетті. Алты вагоннан тұратын емдеу кабинеттері кешенді емдеуге мүмкіндік беретін заманауи, телемедициналық қондырғылармен жабдықталған. Емделуге келген халық қарасында шек болған жоқ. Таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін төрт мыңға жуық адамға елу мыңнан аса медициналық қызмет түрі көрсетілді.

– Онкологиялық, жүрек талмасы ауруларының басым екендігіне көз жеткіздік. Қойылған нақты диагноз, талдаулар туралы анықтама қаралушының қолына тапсырылып, бірден жергілікті емханаға жолдамалар берілді. Өткен жылға қарағанда құрт ауруы анықталған жоқ. Дәрігерлердің қабылдауы, диагностика жасау, лабораториялық сараптама мен стоматологиялық тексерулер тегін жүргізілді, – дейді поезд координаторы Галина Дявисенко.

Қала тұрғындары дәрігерлердің қызметіне разылық танытқанымен, көңілдегі кірбіңді жасыра алмады. Бір күнге ғана аялдаған денсаулық поезына кезегі жетпей, кіре алмай тарқасқандардың өкпелері қара қазандай болып кетті.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.