Тоғыздан топ жарған

20150424-11-3Қарағанды қаласында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орайластырып облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен жас орындаушылар мен шоу-бағдарламаларды жүргізушілердің ХІХ облыстық байқауы өтті.

Көмірлі өлкенің Сәтбаев, Жезқазған қалалары мен Бұхар жырау, Абай аудандарынан, сондай-ақ, Қарағанды мемлекеттік университетінен өнерлі жастар қатысқан байқауда сәтбаевтық жас жүргізуші Мәдина Маменова байқаудың ІІІ орнын қанжығалап қайтты.

Мәдинаның айтуынша, әр қаладан келген шоу-бағдарлама жүргізушілердің сөйлеу мәнеріне, сахнаға шығатын әншілерді хабарлаудағы ерекшеліктеріне қазылар алқасы аса мұқиятпен қарап, жүйріктерін таңдаған.

Мәдинаны бүгінде кенді қаланың қалың жұртшылығы танып қалды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ күмістей сыңғырлаған даусымен талай кештерді жүргізіп, көптің көңілінен шықты. Ару қыздың жүргізушілік қабілеті кейін үлкен сахналарда шыңдала түсті. Шыңдалғандығының белгісі емес пе, облыстан 9 үміткердің ішінде оза шауып, бәйгелі болды.

Өнерге де, қоғамдық жұмыстарға да ерекше ынта-жігерімен атсалысып жүрген Мәдинадай ару қыздарымыз көп болғай.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.