Бірінші орынды жеңіп алып – грантқа ие болды

20150424-12-2Жуырда Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің 11 «А» сынып оқушысы Айгерім Искандирова ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен және «KATEV» Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Астана қаласында өткен «Жарқын болашақ» VII республикалық KATEV қазақ тілі олимпиадасына қатысып, жүлделі I орынға ие болды.

Білім мен білік сарапқа түскен осынау олимпиаданың жеңімпазы атанған оқушымыз қаламыздың абыройын асқақтатып қана қойған жоқ, Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Журналистика», «Тарих» мамандықтары бойынша оқу грантын да жеңіп алды.

Мұндай жетістік – мектебіміз үшін үлкен абырой, зор мақтаныш. Айгерім алдына қойған мақсатына жету жолында талмай талаптана білетін ізденгіш оқушы. Оның осындай білім додасынан оза шабуына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімі Гүлдана Мұқанованың сіңірген еңбегі өте зор.

Гүлдана Молдахметқызы – тәжірбиесі молынан қалыптасқан, жоғары санатты, мектебіміздегі үлгілі де өнегелі ұстаз. Лицейдегі «Мұрагер» үгіт-насихат тобының және әдістеме бірлестігінің жетекшісі. Оқушылардың Отанға деген патриоттық сезімі мен мәнерлеп оқу шеберліктерін арттыруда біліктілік танытып жүр. Облыстық «Ең үздік авторлық бағдарлама» сайысының III дәрежелі диплом иегері. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарап, оқушыларына да сондай талап қояды. Соның нәтижесінде Айгерім қалалық, облыстық пән олимпиадаларының және шығармалар байқауының бірнеше рет жүлдегері атанды. Осылайша ұстазы шәкіртінің шығармашылық қабілетін ұштай білді.

Жалпы, Абай атындағы №4 мектеп-лицейі – облысымызға танымал білім ордасы. Мектеп-лицейде жеткіншектерді тәрбиелеу жолында сапалы білім берудің игі дәстүрі жоғары деңгейде қалыптасып, бүгінде өзіндік жалғасын табуда.

А.Құрманбаева, оқу ісінің меңгерушісі.

Комментарии закрыты.