Дана ақынның дара шығармашылығына құрмет

20150424-12-1Қазақ әдебиетінде ақындардың данасы, өзінен кейінгі ізбасарлардың пір тұтар ұстазына айналған Абай Құнанбаевтың шығармашылығы тұнып тұрған фәлсапа. Оның поэзияда салған сара жолы ғасырдан-ғасырға жалғасып, бүгінгі күнге жетті.

Дана ақынның туғанына биыл – 170 жыл. Өлеңнен өлмес мұра қалдырған А.Құнанбаевтың дара шығармаларын насихаттап, сөз құдіретін жас буынға ұғындыру ниетінде Весовая елді мекеніндегі отбасылық кітапханада оқу залының кітапханашысы Шынар Құдайбергенованың ұйымдастыруымен «Абай – дана, Абай – дара қазақта» тақырыбында сайыс өтті.

Әр алуан тақырыпқа жазылған Абай өлеңдерін кітапхананың тұрақты оқырмандары – №10, №12 орта мектептердің жоғарғы және бастауыш сыныптарының оқушылары жатқа оқыды.

Сайыс қорытындысы бойынша жоғары топтан да, кіші топтан да жүлделерді №10 орта мектептің оқушылары еншіледі. Атап айтар болсақ, жоғарғы сыныптардан ІІІ орынды 7 сынып оқушысы Нұрқанат Әбжапар, ІІ орынды 9 сынып оқушысы Төлеген Ермек, І орынды 6 сынып оқушысы Төленбаева Зере еншіледі. Ал, бас жүлде 9 сынып оқушысы Айнұр Ордабаеваға бұйырды.

Бастауыштан ІІІ орын 4 сынып оқушылары Айгерім Сұлтанға, ІІ орын Жаңыл Ордабаеваға бұйырса, І орынға Ақерке Әбжапардың өнері лайық деп танылды.

Сайыста ерекше көзге түскен №12 орта мектептің даярлық сынып оқушысы Тамирлан Баржақсин «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болды.

Тұтас бір дәуірдің кемеңгері атанған Абайдың өміршең мұраларын ізденіп оқитын жас ұрпақ барда дара дарынның есімі де, өлеңі де өлмейді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.