«Анамның аманаты еді»…

«Соғыс ең соңғы солдат жерленгенде ғана аяқталады» деген сөз бар ел ішінде. Кешегі ел басына қайғы бұлтын үйіріп, 20 миллионнан астам адамның өмірін қыйған Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына биыл 70 жыл толып отыр. Әйтсе де, сол соғыстың зардабы әлі басылған жоқ. Майданға алынып, хабарсыз кеткен қаншама жанның ұрпақтары ата-бабаларын іздеп шарқ ұруда. Осы бағытта арнайы еріктілер тобы да құрылып жұмыс істеуде. Кейбір жандардан деректер шығып, ұрпақтары қуанып жатса, енді біреулері ұшты-күйлі жоқ, хабарсыз. Табылғандардың басына елдің топырағын апарып жатса, хабарсыздардардан ұрпақтары әлі үміттерін үзген жоқ…

– Анам марқұм Қапиза Байділдақызы өмірден өткенше жалғыз бауыры Қамар Байділдаұлын күтумен болды. Ол соғыс басталған соң бір жылдан кейін әскерге шақырылған. Содан хабар жоқ. Не өлді, не хабарсыз кетті деген қағаз келмеген. Анам 1958 жылы қайтыс боларында балаларына «нағашыларыңнан бір дерек тапсаңдар, менің де жаным жай табар еді», деп аманат етіп кеткен екен.

Кейін мен нағашым – Қамар Байділдаұлын іздеп біраз тер төктім. Алматыға «Бармысың, бауырым!» хабарына да қатыстым. Ғаламтор желілерін шарладым. Ақыры, осы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында бір дерек таптым-ау, – дейді редакциямызға хабарласқан қаламыздағы №2 Отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның терапевт-дәрігері Еңбек Тілеуов.

Еңбек Нақыпбекұлының сөзіне қарағанда, нағашысы Қамар Байділдаұлы 1923 жылы Ақмола облысының Атбасар ауданына қарасты Ерікті ауылында дүниеге келіпті. Майданға 1942 жылы 19 мамырда алынған екен. Сол жылы №310 атқыштар дивизиясының құрамында соғысқа кірген.

– Ғаламтордағы деректер бойынша, №310-атқыштар дивизиясы Волхов майданында соғысқан. Ал, бұл майдан Ленинград қоршауын бұзып, жаудан азат ету жолындағы кескілескен ұрыстар жүрген майдан ретінде тарихта қалды. Нағашым осы майданда «Синявская операциясы» деп аталатын үлкен шайқасқа қатысып, Киришский плацдармын ұстап тұруда ерлікпен шайқасқан. Жалпы, Синявский шайқасы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ең қатерлі, шығыны көп болған шайқастардың бірі екен, – дейді Еңбек Тілеуов.

Осы әңгімеден соң біз де ғаламтордан «Синявская операция» деген сайтты іздеп таптық. Оқып отырып төбе құйқамыз шымырлады. Айналасы батпақ, алда ентелеген жау қоршауы болған бағытта сұмдық қырғын соғыс болыпты. Кеңес әскері немістердің бес жаяу әскер, үш таулы-егерьлі, бір танк дивизиясына қарсы тұрған. Олар жау шабуылына тойтарыс бере отырып, батпақты жерлерге жол төсеп алға ұмтылуға күш салған.

Немістердің сол кезде жазылған мына бір ақпаратында ұрыс сәті былайша баяндалады: «Кеңес әскері бекінген аймақ артиллериялық құралдармен үздіксіз атқылаудың астына алынды. Жердің асты үстіне шығарылды. Шабуыл кезінде кеңес армиясының 7 атқыштар дивизиясы, 6 атқыштар бригадасы, 4 танк бригадасы жермен-жексен етілді», делінген.

– Осынау аласапыранда жойылып, батпаққа араласып ми болып кеткен жауынгерлердің ішінде менің нағашым – Қамар Байділдаұлы да бар шығар. Ендігі ойым, сол жаққа барып, шайқас болған жерді көріп, жауынгерлер жерленген бауырластар зиратына елдің топырағын апарсам деймін. Сонда ғана анамның аманаты орындалар еді, – дейді Еңбек Нақыпбекұлы.

 

***   ***  ***

Дәл осындай болмаса да осыған ұқсас тарихы бар әңгімені Төлеубек Аралбаев деген азамат та редакциямызға арнайы келіп айтып кетті.

– Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында кешегі қан кешу қасап жылдарда хабарсыз кеткен талай боздақтардан деректер табылып, ұрпақтарынан сүйінші сұрап жатқанын баспасөз беттерінен оқып жатырмыз. Мүмкін менің де нағашымнан бір хабар болып қалар ма екен деген үмітпен өздеріңізге хабарласып отырмын, – дейді Төлеубек бауырымыз.

Әңгімесіне қарағанда, Төлеубек нағашыларының бауырында өскен екен. Жалғыз ұлдары Рақымжан соғыста хабарсыз кеткен соң көздеріне қуаныш, жандарына демеу болсын деп анасы Бәтима баласын әкесінің бауырына салып берсе керек.

– Анам байғұс көзі тірісінде бауырынан бір хабар күтумен болды. «Сендер оқыған, көздерің ашық қой, әскери комиссариаттарға хабарласып, бір дерегін біліңдер» деп, бізге аманат ретінде тапсырып кетіп еді. Сол аманатты орындау жолында біраз іздендік. Бірақ, еш нәтиже болмай отыр. Мүмкін сіздер ғаламтордан қарап, бір дерек табуға жәрдемдесерсіздер, – дейді Төлеубек.

Төлеубек бауырымыздың айтуынша, нағашы әкесінің қашан туылғаны, майданға қашан алынғаны да белгісіз екен.

– Шешем марқұм «Рақымжан ағам 1923-24 жылдардың бірінде туылған еді. Майданға сол 1942 жылдардың шамасында алынды-ау деймін» деп отыратын, – дейді Төлеубек.

Төлеубек Аралбаевтың өтініші бойынша біз Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақстандық жауынгерлердің тізімін парақтап шықтық. Нәтижесінде Рақымжан Мұқановтың (тізімде Муханов Рахимжан болып тіркелген) 1924 жылы туылғаны, 1942 жылдың 25 маусымда Жезқазған (Джезказганский ОРВК) әскери комиссариаты арқылы әскерге алынғаны белгілі болды. Ең соңғы тұрағы 02984 далалық поштасы болған. Соғыста хабарсыз кеткендіктен, 1944 жылы әскери тізімен шығарылыпты.

– Бұл да болса дәтке қуат. Кейін тағы бір дерегі шығып қалар, – дейді Төлеубек ризашылық пейілмен.

«Үміт ең соңынан өледі» дейді ғой орыс халқы. Сол айтқанындай, Төлеубек нағашы апасы Алмаш Аралбаева екеуі әлі де ізденетіңдіктерін айтып отыр. Алмаш – Рақымжанның бірге туған қарындасы. Мұқаннан қалған жалғыз қыз.

… «Соғыс ең соңғы солдат жерленген күні аяқталады». Ал, Ұлы Отан соғысының біткеніне 70 жыл өтсе де бір дерегі табылмай із-түзсіз жатқан жауынгерлер қаншама?! Оларды іздеу әлі қанша жылға созыларын кім дөп басып айта алар…

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.